Биыл кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлына – 180 жыл. Осыған орай, ел көлемінде ауқымды әрі мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылып жатқаны баршамызға мәлім. Бұл тек қана мерейтой емес, Абайды қайта тануға деген жаңа қадам. Ақынның «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген өсиеті бүгінгі ұрпаққа әлі күнге дейін бағыт сілтеп тұрғандай. Осындай іс-шаралардың бірі ақынның аты берілген, яғни Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Абай ауылында өтті.
Ауылға кіргеннен-ақ Абай өлеңінің әуезі естілді. Желмен бірге жеткен таныс ырғақ жүректі тербеп сала берді. Абайдың сөзі ән болып құлаққа, жүрекке сіңіп жатты. Ауылдың кеші, көл жағасында құрылған сахна. Сахнада Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әні баяу ырғақпен шырқалып жатыр. Керемет көрініс! Төңірек түгел мерекелік күйге бөленген сахнаның бергі жағында қайнаған қазан-ошақ, кеңінен жайылған дастархан.
Кешкі самалмен бірге Абайдың сөзі оқылған сайын жүрек те дір етіп, ымыртта бір жарық сәуле шашқандай болады. Жиналған халықтың қарасы да қалың. Ән мен жыр әуелеп, көрермендер толассыз қошеметін көрсетуде.
– Абай халқымыздың жүрегіндегі шырақ секілді. Бүгінгі кеш соның дәлелі. Осындай көлдің жағасында, мынадай керемет кеште Абайдың әні әуелеп тұрғаны қандай ғажап, – дейді ауыл тұрғыны ардагер ұстаз Марал Оспанова.
Сондай-ақ Талсуат ауылдық мәдениет үйінде өткен «Ұлылардың ұлысы – Абай» атты облыстық көркемсөз байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі осы Абай ауылында жалғасын тауып, байқау жеңімпаздарына жүлделі сыйлықтар табысталды. Әрі қарай кеш Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың», «Жүрегім нені сезесің?», «Желсіз түнде жарық ай», «Сегізаяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы» әндерімен жалғасын тауып, ақын өлеңдері оқылды. Кеш қарая осы маңда жүрген жасы да, үлкені де жиналып, кешкі алау жағылды. Алаудың айналасына жиналған халық Абай әндерін бірге шырқады. Абай әнінің әуезді болғаны сонша, алыстан жарқырап тұрған жұлдыздар да осы әуенге ілескендей сезілді. Кешті осындай керемет көңіл күйде аяқтап облыс орталығына жолға шықтық.
Иә, Абайдың сөзі, Абайдың үні уақыт өткен сайын жаңғырып келеді. Осы жолғы шара соның айқын дәлелі.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!