Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, биыл елімізде жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланғаны белгілі. Бүгінде қолға алынған бастама кезеңінің бел ортасынан өттік. Осы ретте, еңбек адамын дәріптеуге бағытталған жыл аясында аспаздықты сүйікті кәсібіне айналдырған, еңбегімен елге танылған Ақкенже Дүйсеновамен әңгімелескен едік.
– Тағам әзірлеу – тек пияз турап, қазанға салу емес. Әрбір өнімнің сапасына мән беру, өнімнің өлшемін қатаң сақтау керек. Бір кішкентай қателік тұтас дәмнің бұзылуына әкеліп соғады. Сондықтан аспазға қателесуге болмайды. Жақсы аспаз азық-түліктің сапасын бір көргеннен-ақ аңғарады. Әрбір әзірлеген тағамым халықтың жүрегіне қуаныш сыйласа екен деймін. Кейде дүкенге келген балалардың қуаныштан көздері жайнап, тәттіні таңдап тұрғанын көру – мен үшін үлкен бақыт, – дейді кейіпкеріміз.
Аспаздық – дәлдік пен жауапкершілікті қажет ететін сала. Кейде бұл сала медицинадан кем болмайды.
Ақкенже алғашында қарапайым аспаз болып еңбек жолын бастаған. Уақыт өте келе ол пісірген тағамдарын той-томалаққа, мерекелерге дайындап жүрді. Халықтың сұранысы артып, арманының қанат жаюына түрткі болды.
– Алғашқыда бұл ісімді қосымша табыс көзі ретінде ғана қарадым. Бірақ уақыт өте келе өзімнің шын жүрегіммен сүйетін ісім екенін түсіндім. Ұйқысыз түндер, үздіксіз еңбегім зая кеткен жоқ. Бүгінде екі дүкенім бар. Оның әрқайсысында өзімнің қолтаңбам бар. Тағам әзірлеу – ақ параққа сурет салумен тең. Қазіргі заманда креативтілік басты орында. Тағамның дәмі ғана емес, сәні де үйлесуі керек. Әдемі безендірілген торт немесе бәліш адамның тәбетін ашып қана қоймай, көңіл-күйін де көтереді, – дейді ол.
Ақкенже үшін аспаздық – өнер. Кратив пен өнердің үйлесімі. Дүкен сөрелерінде әдемі торттар, самса, печенье түрлері тізіліп тұр. Әрқайсысы көрген жанды елітіп әкетердей әсемдікпен дайындалған.
Ақкенженің тәттілеріне тұтынушылар да жылы пікірін білдірді.
– Әр мерекеміз Ақкенженің тәттілерінсіз өтпейді. Әсіресе балалар туған күніне тапсырыс берілген торттарды асыға күтеді. Дәмі тіл үйіреді, әдемілігіне көз тоймайды, – дейді тұтынушы Карина Құрманбек.
Әңгіме соңында Ақкенженің неліктен жастар бұл мамандықтан қашатынын да сұрадық.
– Қазір көпшілік жастар аспаздықтан қашқақтайды. Кейбірі бұл мамандықты төмен санайды. Бірақ бұл – үлкен қателік. Кеңседе отырған қызметкер қандай еңбек етсе, аспаз да сондай тер төгеді. Тіпті кейде бізге жүктеме одан да көп болады. Жастарға айтарым, ас үйді жақсы көрсеңіздер, еш қорықпай осы салаға қадам басыңыздар. Бұл – әрқашан сұраныста болатын мамандық. Қанша жерден технология дамыса да, дәмді тағамның орнын ештеңе баса алмайды, – дейді ол.
Ақкенже Дүйсенованың жеткен жетістігі – адал еңбек пен тынымсыз ізденістің жемісі. Ол аспаздықты кәсіпке айналдырып қана қоймай, айналасына қуаныш сыйлап жүрген жан. «Ақкенже тәттілері» бүгінде қала тұрғындарының көңілінен шығып, елдің алғысына бөленіп жүр. Кәсіби қабілетін арманмен, тәуекелмен ұштастарған Ақкенже бүгінде арманына жетіп отыр. Бүгінгі жеткен абыройы тынымсыз еткен еңбектің нәтижесі.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!