Қарапайымдылық пен кісілікті ту етіп, маңдай терімен мағыналы ғұмыр кешкен жандар болады. Олар көп сөйлемейді, бірақ елге жасаған еңбегі – ұлы мұрадай әсерлі келеді. Сондай ардақты абыздардың бірі – аймағымыздың біртуар азаматы Хабаров Мәлік Хабарұлы.
Мәлік аға 1940 жылы Сырдың қасиетті топырағында, Жалағаш ауданының бұрынғы Ленин колхозында дүниеге келген. Еңбекке ерте араласқан, әке жолын қуып, маңдай терімен туған жерін түлеткен азамат. Әкесі Хабар ақсақал сол кездің өзінде бүкіл аймаққа белгілі, шебер құрылысшы болған. Бүгінде тарихқа айналған, Ленин колхозындағы мектеп, мәдениет үйі, кеңсе секілді сәулетті нысандарда қолтаңбасы бар. Әсіресе, өзі салған мәдениет үйінің шала күйдірілген кірпіш ұнтағынан жасалған бояуы – сол заманның құрылыс технологиясына тың жаңалық әкелген нағыз қазақи даналықтың үлгісі.
Ал Мәлік ағамыз әкесінен тек құрылыстың қыр-сырын ғана емес, адалдық пен жауапкершілікті де бойына сіңіріп өсті. Мақпалкөл орта мектебін 1957 жылы тәмамдап, еңбек жолын туған жерінен бастады. 1963 жылдан бастап колхозда құрылысшы болып тер төкті. Көп ұзамай 1965 жылы жаңа құрылған Аққыр совхозына шақырылып, алғашында радист, кейіннен ұзақ жылдар бойы, нақтырақ айтқанда, 18 жыл ауылдық пошта бөлімшесінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды.
Мәлік ағамыз поштаны жай ғана хат тасушы мекеме емес, ауыл мен өркениетті жалғаған алтын көпірге айналдыра білді. Ол кезеңде Мәлік ағамыздың арқасында ауыл тұрғындары тек хат-хабар емес, Мәскеу, Ленинград, Балтық жағалауы елдері мен Еуропаның алыс түкпірінен – ГДР, Чехословакия, Польша секілді мемлекеттерден теледидар, радиоаппарат, кір жуғыш машина, магнитофон, аңшылық құрал-саймандарға дейін каталог арқылы тапсырыспен алып жататын. Кеңестік ауылдарда сирек кездесетін өркениет белгілері ең алғаш Аққырға жетіп жатқанына жұрт таңданатын. Мәлік ағамыз ауыл өмірін мәдениет пен тұрмыстың өрнекті үйлесіміне айналдырған шын мәніндегі жаңашыл еді.
1972–1984 жылдары аралығында Аққыр ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланып, елдің мүддесіне адал қызмет етті. Жастарға бағыт-бағдар беріп, ауылдағы руханият пен тұрмыс сапасының артуына үлес қосты. 1982 жылы совхоздың құрылыс саласына ауысып, ауыл клубының бой көтеруіне де азды-кем өз еңбегін сіңірді.
Адал еңбегі ескерусіз қалмады. Мәлік Хабарұлы «Таңдаулы байланыс қызметкері» төсбелгісіне ие болып, аудандық, облыстық марапаттарға, Құрмет грамоталарына лайық деп танылды. 1995 жылы зейнетке шықса да, ауылдың берекесі мен ұрпақ тәрбиесіне араласып отырған абыз ақсақал.
Мен үшін Мәлік ағамыз – тек еңбек адамы ғана емес, өткен мен бүгінді жалғаған тірі шежіре. Жан дүниесі тұнған парасат, сөзі – сабырлы, ісі – өнеге. Қазақтың байырғы болмысына тән өлең жазу, домбыраға қосылып сыр сүлейлерінің жырын орындау Мәлік ақсақалдың нағыз Сыр бойының төл перзенті екенін айғақтай түседі. Оның балалық шағындағы бейнесі, «пошта бала» атанған сәттері, жарқ еткен күлкісі мен іскерлігі – Мәкеңнің алдағы ғұмыр жолының айнасы іспетті. Ұлы Самат Мәлікұлы да әке жолын жалғап, Қазақстанға танымал суретші, дизайнер, мәдениет қайраткері атанды. Бұл шын мәнінде, текті жерден нәр алған тәрбиенің жемісі.
Бүгінде Мәлік ағамыз елдің елеулі ақсақалы, ұрпағына батасын беріп отырған, көрегендігімен, өмірлік тәжірибесімен жұртты ұйыстыра білген абыз тұлға. Алла тағала ағаның жасын ұзақ етіп, ұрпағының қызығын көруді нәсіп етсін!
Аққыр ауылындағы әрбір жүргінші жолда Мәлік ағамыздың табанының ізі, әр жаңғырықта оның дауысының лебі бар. Еңбегімен ел есінде қалатын тұлғаға лайықты қасиеті бар ақсақалға ұзақ ғұмыр тіледік!
Берік Саймағанбетов,
Жыршы, ҚР мәдениет қайраткері
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!