Биыл қазан айынан бастап 11 жастағы қыздарды адам папилома вирусына қарсы вакцинациялау шарасы жүргізіледі деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде жатыр мойны обырының алдын алуға сеп болмақ. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, адам папилома вирусы вакцинасы 6 айлық аралықпен 2 рет егіледі. Оған қарсы 2 валентті вакцина 16, 18 типті антигендерінен және 4 валентті вакцина 6, 11, 16, 18 типті антигендерінен тұрады. Қолданыстағы вакциналардың тиімділігі өте жоғары саналады. Аталған вирусқа қарсы вакцина ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген. Екпе ата-аналардың келісімімен жүргізіледі. Бүгінде қауіпті вирусқа қарсы вакцина әлемнің 110-нан астам елінде енгізілген. Оның ішінде Өзбекстан және Қырғызстан сынды бауырлас елде бар.
Вирус туралы не білеміз?
Аталған вирусты 1960 жылдан бастап неміс вирусологы Харальд Зур Хаусен ойлап тапқан екен. Ғалым осы жаңалығы үшін Нобель сыйлығын да алған. Расында бұл вирус өте қауіпті саналады-мыс. Облыстық онкология орталығының онко-гинекологы Индира Бақтыбаеваның айтуынша, вирустың салдары әйелдерде жатыр мойнының, ер адамда ауыз қуысының, жұтқыншақтың қатерлі ісігіне апаруы мүмкін.
– Адам папилома вирусы өте қауіпті. Тіпті 10 адамның 8-інде кездесуі мүмкін. Алайда ағзада оның бар екені білінбейді. Оның басқа да вирусты ауру сияқты алғашқы белгісі болмайды. Тек зертханалық тексеру арқылы анықталады. Ал адам иммунитеті төмендеген кезде қатерлі ісік арқылы көрініс табуы мүмкін. Сондықтан оның алдын алу үшін екпе алған дұрыс. Жұртшылық екпеге үрке қарауда. Шындығында вакцина ағзадағы тұрақты иммунитетті қалыптастырады. Сондай-ақ бұл екпе өлі саналады. Екпенің репродуктивты функциясға кері әсері жоқ. Яғни бедеулікке апармайды, – дейді онколог маман.
Әлемде ең көп таралған вирусқа жататын мұның бүгінгі күні зерттелген штамының өзі 200-ден асады екен. Ал ең қауіптісі 16 және 18 типтегі вирус саналады. Жоғарыда айтылған қатерлі дертті тудырушы да осы екі типтегі түрі. Сондай-ақ адам папиллома вирусының бұдан бөлек тағы 10 түрі қауіпсіз ісік тудырады-мыс. Штамдардан сүйел, кондилома, респираторлық папилломатоза пайда болатын көрінеді. Қатерлі дерт тудырушы вирус байланыс арқылы жұғады. Мамандардың айтуынша, заттардың беткі қабатында ұзақ өмір сүре алмайды. Сондықтан көбіне жақын қарым-қатынас және перинаталдық жолмен тарайды. Сондай-ақ ортақ моншаға, бассейнге бару да қауіпті.
Статистикаға сенсек…
Дәрігерлер адам папиллома вирусы әйелдерге өте қауіпті екенін айтады. Статистикалық мәліметке сүйенсек, соңғы бес жылда Қазақстанда 2 948 әйел жатыр мойны, тағы 148 әйел вульва және қынап обырынан көз жұмған. Өкінішке қарай бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып барады. Сонымен бірге бұл вирустан көз жұмған ер адамдар да көбейген. 2018-2022 жылдар аралығында жыныс мүшелерінің қатерлі дертінен 95 ер адам көз жұмса, кейінгі бес жылда тіл, ауыз қуысы мен тамақ-өңеш обырынан көз жұмғандар саны мыңға жеткен.
Жалпы елімізде жатыр мойны обыры ең көп таралған ауру санатындағы қатерлі дертінен кейін екінші орында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 95 пайыз жағдайда жатыр мойны обыры адам папиллома вирусынан болады екен. Ал соңғы 20 жылда жатыр мойны обыры 26 пайызға өскен. Адам папилломасы вирусынан туындаған жатыр мойны обыры – әлемдегі ең көп таралған қатерлі ісіктердің бірі. Жыл сайын одан 300 мыңға жуық әйел көз жұмады. Жыл сайын республика бойынша 1900-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі, 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады. Әйел денсаулығындағы осындай көрсеткіштердің алдын алу мақсатында мамандар ауруға қарсы вакцинация жүргізу тиімді деп шешкен.
Вакцина салған елдегі көрсеткіш қандай?
Бұл вирусқа қарсы екпе жүргізуді еліміз Азия елдері арасында бірінші болып 10 жыл бұрын қолға алынған еді. Алайда бұл науқан көпшіліктің қарсылығына байланысты тоқтатылған. Десе де сол жылдары Алматы, Астана, Павлодар және Атырау облысында адам папиллома вирусына қарсы екпе салынған. Науқан барысында 17 мың адам вакцина алған. Ал бүгінде көршілес Өзбекстан адам папиллома вирусына қарсы вакцинаны ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізіп, мақсатты топтың 95 пайызын қамтып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл вакцинаны Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізуде Австралия, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия тәжірибесіне сүйенбек. Мәселен, Австралия – 2007 жылы алғаш болып адам папиллома вирусына қарсы екпе енгізген. Соның нәтижесінде 18-24 жас аралығындағы австралиялық әйелдердің адам папиллома вирусын жұқтыруы 22 есе (22,7% пайыздан 1,5% пайызға дейін) азайған деген ақпарат бар. Ал жатыр мойны обыры 50 пайызға кеміген.
– Бүгінгі күні 125 ел қыздарға арналған ұлттық вакцинация бағдарламаларына АПВ вакцинасын енгізді, ал 47 ел ұлдарға да қатысты вакцинациялауды жүргізуде. Көптеген елдер вакцина салдыруды 10 жылдан астам уақыт бойы жүргізіп келеді. Шығыс Еуропа және Орталық Азия аймағына келетін болсақ, АПВ вакцинациясын жасөспірімдерге, ересектерге арналған иммундау күнтізбелеріне Армения, Грузия, Солтүстік Македония, Молдова, Түрікменстан және Өзбекстан енгізген», – дейді эпидемиолог.
Осылайша мамандар адам папилома вирусынан туындайтын аурулардың алдын алудың ғылыми тұрғыда дәлелденген жалғыз жолы – вакцина салғызу дейді. Екпе вирус салдарынан туған қатерлі ісікті немесе басқа да ауруды емдемейді. Кез келген вакцина сияқты бұл да – алдын алу шарасы болып табылады. Екпе балаларда 9-11 жас аралығында салынады. Екпені бұдан бөлек 45 жасқа толмаған кез келген адам салғыза алады.
10 жыл бұрынғы екпеден нәтиже бар ма?
Жоғарыда еліміздің бірқатар өңірінде 17 мың қыз баланың екпе алғаны туралы айтқан едік. Азаттық радиосының сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, бүгінде мамандар сол тұста екпе алғандар мен екпе алмаған әйелдердің денсаулығын тексерген. Нәтижесінде вакцинациядан өткен әйелдердің 99 пайызының жатыр мойнынан еш өзгеріс байқалмаған. Екпе салдырмаған әйелдердің 40 пайызы дисплазия яғни, тіндер құрылымының өзгеруі байқалған.
Бүгінде екпе туралы көпшілік арасында түсініспеушілік туындаған. Әсіресе, екпенің салдары бедеулікке әкелетіні туралы айтылып жүр. Ал мамандар мұның қате пікір екенін алға тартуда. Мәселен осыдан он жыл бұрын екпе салдырған қыздардың бүгінде кемі 3 баласы бар екені айтылған. Адам папиллома вирусына қарсы вакцина көпжылдық зерттеуден өтіп, алғаш рет өткен ғасырдың 30-жылдары айтыла бастаса да қолданысқа тек 10 жыл бұрын енгізілген. Бүгінге дейін әлемде 200 миллион адам осы вакцина түрін салғызған деген ақпарат бар. Осы орайда мамандар вакцинаның вирустан 8-10 жылға қорғайтынын алға тартады. Кейін тағы да салуы керек. Сондай-ақ екпе салдырған адам жылына бір рет гинеколог маманға қаралғаны дұрыс. Ал төрт жыл сайын скринингіден өту қажет.
Екпеден кейін не болады?
Екпе жүргізуде еліміздегі 10 жыл бұрынғы науқанның жүзеге аспауына сол тұста екпе салдырған екі қыздың талып қалуы болған екен. Осы жағдайдан кейін екпе егу тоқтатылады. Алайда денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы комиссияның зерттеуімен қыздардың талып қалуы препараттан емес, вакцинация жүргізу тәртібінен деген қорытындыға келген. Мамандар екпені тоғыз жасқа дейінгі балаға және 55 жастан асқан кісіге, екпе құрамындағы заттарға сезімталдығы бар, жүкті, бала емізіп жүрген немесе дене қызуы көтеріліп тұрған адамға вакцина салуға болмайтынын айтады.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, вакцинадан кейін бас ауыруы, дене қызуының көтерілуі, қызару, ісіну, екпе салған жердің ауыруы, ал бас айналуы, жүрек айнуы, аяқ-қолдың ауыруы, екпе салған жерге қан ұйып, көгеріп қалуы және бронхоспазм болуы сирек жағдайда кездесуі мүмкін.
Қазанда вакцинация науқаны басталады
Биылдан бастап республикада Ұлттық вакцинация күнтізбесіне адам папиллома вирусына қарсы вакциналау енгізілді. Енді қазан айынан бастап тиісті контингентке вакцинациялау жүргізіледі деп жоспарлануда.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес вирусқа қарсы иммунитет қалыптасу үшін 9 бен 14 жас аралығындағы қыздарға екпе салуға басымдық берілген. Себебі екпені ерте жаста салу иммундық жүйені жақсы қалыптастырады. Адам папиллома вирусына қарсы екпе 6 айлық аралықпен 2 мәрте жүргізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 4 елде АПВ вакцинасын енгізгеннен кейін осы вирустан туындайтын аурудың таралуы айтарлықтай төмеңдеген екен. Мұның растығына мамандар еліміздегі 2021-2023 жылдар аралығында Қазақонкология және радиология ғылыми-зерттеу институты жүргізген зерттеудің нәтижесін ұсынады. Онда 2013 жылдан 2015 жылға дейін иммундау бағдарламасы пилоттық жобасы аясында вакцинацияланған 18 бен 32 жас аралығындағы қыздардың ешқайсысынан дисплазия, жатыр мойнының атипиясы, жатыр мойнының обыры, онкогенді АПВ түрлері (16,18) анықталмаған. Сондай-ақ вакцина алғандар бір немесе екі баланы дүниеге алып келген. Бұл нәтижелер АПВ-қа қарсы вакцинацияның қауіпсіздігін, жоғары тиімділігін растап, вакцина алған әйелдердің денсаулығына кері әсері жоғын дәлелдеген.
Қандай вакцина егіледі?
– Қазіргі таңда АПВ қарсы 3 рекомбинантты вакциналар бар. Ол – 2 валентті, 4 валентті және тоғыз валентті. Қазақстанда АПВ-ның неғұрлым онкогенді түрлерінен (6, 11, 16, 18) қорғайтын төрт валентті вакцина қолданылады. Бұлардың барлығы жыныстық қатынас жасаудан бұрын, яғни АПВ-мен байланыста болғанға дейін егуге арналған. Сонымен қатар, вакцинаны ерлер мен әйелдерге 45 жасқа дейін қолдануға болады. АПВ қарсы вакциналар жоғары иммуногендік қасиетке ие.Олар бұлшықетке енгізіледі, бұл дренажды лимфа түйіндеріне жылдам жетуін қамтамасыз етеді. Бұл вакциналарда қабынуға қарсы ортаны индукциялайтын, күшті гуморальдық реакцияны белсендіруге және сенімдіиммундық жадыны қалыптастыруға көмектесетін адъюванттар бар. Бүгінгі күні елімізде вакцинацияға қарсы шығушылар бары жасырын емес. Ең алдымен бұл халықтың, медициналық қауымдастықтың, сондай-ақ вакцинацияның қауіпсіздігімен тиімділігі жайында шешім қабылдайтын адамдардың хабардар болмауынан, білместігінен туындап отыр. Жоғарыда сипатталған көптеген зерттеулер, соның ішінде Қазақстанда жүргізілген зерттеулер вакцинаны алмаған әйелдер тобына қарағанда АПВ вакцинасын алған әйелдердің репродуктивті денсаулығының жақсырақ екенін көрсетті. Дүниежүзіндегі көптеген зерттеулердің нәтижелері фертильділіктің бұзылуы, аналық бездерінің жетіспеушілік синдромы немесе басқа да репродуктивті кемшіліктердің АПВ вакцинасымен байланысы жоқ екенін көрсетті. Бұл АПВ вакцинасының бедеулікті тудырмайтынын дәлелдейді. Вакцинация жасатқан адамдарда қауіп-қатер толығымен жойылады, вакцинацияланбаған жағдайда денсаулығына қауіп төнеді. АПВ қарсы вакцинациясы алдағы 100 жылда 45 миллионнан астам адамды ажалдан арашалап қалады деп болжанып отыр, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Аймақтағы ахуал… Жұрт не дейді?
Облыстық онкология орталығының онко-гинекологы Индира Бақтыбаеваның сөзінше, бүгінгі таңда облыс бойынша 5778 адам қатерлі ісікпен ауырады, оның ішінде 499 әйел жатыр мойны обырымен диспансерлік есепке алынған. 2024 жылдың 8 айында 14 әйел жатыр мойны қатерлі ісігі салдарынан көз жұмған. – Қазір неше түрлі ауру шығып жатыр ғой. Қатерлі дерт дендеген заман болды. Өзім үшін де, балаларым үшінде уайымдаймын. Балаларыма туғаннан бастап барлық тиісті екпені салдырамын. Ешқандай кері әсерін көрмедім. Былтыр қызылша ауруы көбейгенде екпе алғанымыздың пайдасы тиген болар деп ойладым. Себебі жақындарымыз ауру жұқтырғанда балаларым ауырмады. Егер бұл вакцинада қандай да бір тиімді әсерін беретін болса, екпе салдыруға қарсы емеспін, – дейді қала тұрғыны Айгүл есімді келіншек.
Келер айдан бастап қауіпті дертке қарсы екпе салу науқаны басталады. Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация мақсатты топқа жататын 11 жастағы қыздарға тегін салынады.
А.ӘЛІМ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!