Мемлекетімізде адамның өмірі мен құқықтары, оның бостандығы ең басты құндылық. Оны қорғау – мемлекеттік саясатымыздың басым бағыты. Бүгінде бұл тақырып күн тәртібінен түспейтін болды. Өйткені біреудің өміріне қол сұғып, жеке адамның құқығы тапталып жатқан жайттар көбеюде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер мен оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында: «Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады» деген болатын.
Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, жақында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы – азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды құқықтық қадам. Аталған заңдағы өзгерістер 16 қыркүйектен бастап күшіне енді.
Мәжбүрлі неке – енді қылмыс
Елімізде соңғы 3 жылда 200-ден астам қыз алып қашу мен мәжбүрлеп некелесу дерегі тіркелген. Бірақ оның 10-ы ғана сотқа жеткен. Қалған жағдайлар кешірім сұрау арқылы немесе қазақтың дәстүрі дегенді алға тартқан. Ал бұл дәстүр емес, енді қылмыс.

ҚР Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, басты жаңашылдықтың бірі – Қылмыстық кодекстің 125-бабындағы ескертпенің алынып тасталуы. Мәселен, осыған дейін ұрланған адамды ерікті түрде жіберген адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін еді. Өзгеріске сәйкес, бұл мүмкіндік алынып тасталды. Енді жәбірленушіні өз еркімен босатса да, кінәлі адам заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бабы «Некеге мәжбүрлеу» енгізілді. Енді бұл әрекет қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылады.
Некеге мәжбүрлегені үшін айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Қылмыстың мән-жайына байланысты 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұлдан бастап екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылады. Егер мұндай әрекет абайсызда ауыр зардаптарға әкелсе, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Ал егер мәжбүрлеу зорлық-зомбылықпен, кәмелетке толмағандарға қатысты, тәуелділігін пайдалану арқылы, адамдар тобымен немесе қызмет бабын пайдалана отырып жасалса, бұдан да қатаң жаза қарастырылған. Сонымен біреудің әлпештеп өсірген қызын алып қашып, оны зорлықпен көндіріп, бүкіл өмірін қор ету енді жүзеге аспайды. Барлығы заңға сәйкес жауапқа тартылады. Жәбір көрген жандар заңдық тұрғыда тиісті органдарға жүгініп, өзін қорғауға мүмкіндік бар. Заңға өзгеріс енгізудің негізгі мақсаты да осы – әйелдер мен осал топтағы азаматтарды қорғау.
Адам аңдығандарды қандай жаза күтіп тұр?
Сталкинг – бұл адамды жүйелі түрде аңду, оның жеке өміріне заңсыз араласу, қорқыту немесе психологиялық қысым көрсету әрекеті. Түсінікті тілмен айтқанда, «басқан ізді аңду, өзгенің жеке өміріне араласу», «тыныштық бермеу» деген мағынаны білдіреді. Бұл әрекеттер жәбірленушіге қорқыныш, мазасыздық сезімін тудырып, оның қалыпты өмір сүруіне кедергі келтіреді.

Сталкинг көбіне ерлі-зайыпты мен ажырасқан адамдар арасында болады. Мұндай жағдай әйелге психологиялық тұрғыдан кері әсер ететіні анық. Сондықтан әйел заң жүзінде қорғана алуға мүмкіндік бар екенін естен шығармағаны жөн. Енді өзіңізді біреудің аңдып жүргенін байқасаңыз, қорқып қашпайсыз. Керісінше, тиісті әрекетті жасап, өзіңізді заңдық тұрғыда қорғауға мүмкіндік бар.
ҚР Ішкі істер министрлігі мәліметіне сүйенсек, адам аңдығандар үшін келесідей жаза түрлері қарастырылған. 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық немесе түзеу жұмыстарына тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу.
Заңдағы өзгеріс әрбір адамның жеке кеңістігіне құрметпен қарау қажеттігін айқындап отыр. Сондай-ақ психологиялық зорлық-зомбылық пен қудалаудың алдын алу – негізгі мақсаты.
Алаяқтың айласы іске аспайды
Соңғы уақытта алаяққа алданғандар көп. Мемлекет тарапынан тексеріс жүргізілгенімен, алаяқты жасаудың түрлі жолдары шығуда. Бүгінде интернет-алаяқтық пен көлеңкелі экономикада «дроппер» деген сөз жиі кездеседі. Оның негізгі қызметін түсінбейтіндер көп. Алайда бұл да алаяқ жасаудың бір түрі екен.

Дроппер – алаяқтық жолмен алынған ақшаны өз шотына қабылдап, оны қолма-қол ақшаға айналдыратын немесе басқа есепшоттарға аудару-мен айналысатын адам. Басқаша айтқанда, дроппер – ақшаны жылыстату тізбегіндегі делдал. Көбіне дропперлер фишинг, аккаунтты бұзу, банк картасының деректерін ұрлау немесе басқа да алаяқтық әдістер арқылы алынған ақшамен жұмыс істейді. Олардың міндеті – ақшаның шыққан көзін жасыру үшін оны басқа шоттарға тарату немесе қолма-қол ақшаға айналдыру.
Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа өзгеріске сәйкес, 16 қыркүйектен бастап өз банк шотын немесе картасын бөтен адамға беріп, алаяқтарға көмектескен азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Мамандар ескерткендей, кей азаматтар алаяқтардың «шотым бұғатталды» деген секілді сылтауларына алданып, өз картасын пайдалануға рұқсат беріп жатады. Өткен 8 айдың өзінде елімізде ақша аударымдарына қатысты 5 мыңнан аса қылмыс тіркелген. Енді мұндай әрекетке барғандар 160 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Одан бөлек, 50 тәулікке дейін қамау, тіпті 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделіп отыр.
ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметінше, жәбірленуші полицияға шағым түсірген сәттен бастап, барлық ақша аударымдары тексеріледі, шоттар бұғатталады, күдікті тұлғалар анықталады. Заңға өзгеріс енгізудегі басты мақсат – алаяқтық схемалар арқылы шетелге заңсыз ақша шығаруға тосқауыл қою.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!