Сейсенбі, 01 сәуiр, 12:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23,2136
01.04.2025
PDF мұрағаты

Әбдіжәлел Бәкір, саяси ғылымдар докторы, профессор: Мен ғылымға кеш келдім

29.03.2025

388 0

Алты Алаштың тарихын түп-тұқияннан зерттеп, қазаққа танытып жүрген алаштанушы Әбдіжәлел Бәкір – 85 жаста. Тарих беттерінде ардақтылардың есімін алтын әріппен жазып жүрген Сыр перзентінің бұл мерейтойы Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада аталып өтті. Кітапхана төрінде тұлғаның қызметі мен азаматтық тұлғасын өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында «Елінің ұлы, жерінің перзенті» деп аталған кітап көрмесі қойылған.

Алысқа көз тастап, терең ойланған ойлы адам өмір мектебінен алған тәлімі мен тәжірибесін сөз етті. Тұлғасын тұғырға қондыруда жолынан жығылмайтын Сыр халқы Әбдіжәлел Бәкірұлынан көп білгісі келгені болар, кітапхананың мәжіліс залына келген. Айналаға бір қарады да, Әбдіжәлел Қошқарұлы өмір жолын баяндады. Сырдария ауданының Айдарлы ауылында кіндік қаны тамған оны әкесі Қошқар Оразұлы мен анасы Патыма Рахманбердіқызы балалы болмаған нағашы аға-жеңгесі Бәкір Сопбекұлы мен Патыманың бауырына салған екен. Алайда жадында сақтай алмаған күйі қос әкесі де 2 жасында әскер қатарына алынып, содан оралмаған. Өмірдің сан түрлі соқпағы оны алдынан күтіп тұрды.

– Қырқыншы жылдары дүниеге келген әрбір перзентке ауыр тағдыр жазылған екен. Қиыншылықты да, жетімдікті те көрдік. Ес білгеннен нағашы атам Ахметтің қолында өстім. Ол – Баспақ батырдың немересі. Ал Мұстафа Шоқайдың анасы Бақтыбике осы Баспақ батырдың қарындасы болған. Елуінші жылдардың басында Ахмет атам мені жақсы білім алсын деп Айдарлы ауылынан Қызылордаға көшіп келді, – дейді Әбдіжәлел Қошқарұлы.

Облыс орталығына орныққаннан кейін Мұртазаның баласы Мәдиярдың отбасымен көрші тұрған. Мұртаза – Мұстафа Шоқайдың інісі. Мәдиярдың шешесі Зүлфия бұрын Мұстафа Шоқайдың інісі Оспанның жесірі екен. Зүлфия: «Біздің қайынаға жеті патшаның тілін біледі» деп арагідік айтып қалады екен. «Бұл сөздің растығын Мұстафа Шоқайдың он екі томдық толық жинағын көргенде көзім жетті» деп еске алды. Әңгімені әріден бастаған Әбдіжәлел Бәкірұлы:

– Мен ғылымға кеш келдім, – деді. – Бір күні Оразбек Сәрсенбаев Алматыдан хабарласып, «3 томдық кітап жазып жатырмыз, соған сенің алғысөзің керек» деді. Тосыннан келген ұсыныстан бас тартқаным сол еді, «жазғандарыңды көріп жүрміз, сенің алғысөзің маңызды болып тұр» деп жігерлендіріп қойды. Кейін алғысөз жазып берген соң, қолымнан келетінін байқадым. 66 жаста докторлық қорғап, 71 жаста профессор атағын алдым. Өскелең жастарға бұл жасқа дейін жүрмеңдер деп ақыл айтамын.

Қазақ талантты халық екенін айтып жүрміз. Біздің жеті ата сақтау мәдениетіміз тегімізді таза сақтауда ықпалы зор. Дегенмен біз өз талантарымызды шығара алмай отырмыз. Адамда талант пен ақыл да қатар өрілуі керек. Ал бұл қасиеттер еңбекпен бекітілмесе, бәрі бекер. Сондықтан ақыл мен талантқа еңбек қосылуы керек екенін баса айтқан алаштанушы баланың тәрбиесі отбасынан бастау керегін жеткізді. Әрине, бұл ретте бүгінгі қоғамда ұлтық тәрбиенің кем түсіп жатқанын да байқау қиын емес.

– Мұстафа Шоқайдың ұлы адам болуы – ұлттық тәрбиенің нәтижесі. Атасы да, әкесі де Сыр бойына белгілі азаматтар болған. Ал анасы Бақтыбикенің сауаттылығының арқасында 5 жасында оқуды үйреніп, 4 жылдық медресені 2 жылда тәмамдаған. Мұстафа Шоқайдың заманы әлі туған жоқ. Мектептерде 1-сыныпта қазақ тілін оқып, 2-сыныпта орыс тілін өтеді. Одан кейін ағылшын тілі тағы бар. Соңғы жаңалықтарда қытай тілін қосу керектігі де айтылып жүр. Күншығыс елі Жапонияда 12 жастан бастап қана шет тілдеріне мән береді. Ахмет Байтұрсынұлының  «бастауыш мектептегі 3 жылында оқушы өз тілінде оқу керек» деген тәмсілі бар. Қазақстанның солтүстік аймақтарында қазақ мектептерінің санының аздығы да үлкен мәселе, – деді ол кезекті бір сөзінде.

Бір кездері Мұстафа Шоқайдың денесін елге әкелу керек деген ұсыныс көтерілген еді. Алғашында қолдап, кейін қарсы болған Әбдіжәлел Қошқарұлы осы мәселе бойынша Түркияға хат жазғанында ол жақтан «Сіздер Мұстафа Шоқай түгілі Алашты қадірлеп жатқан жоқсыздар. Оны Қазақстанға алдырып не қыласыздар?» деген хат алған. «Еуропаға барсақ, Мұстафа Шоқайға соқпай кетпейміз. Ол біздің әулиедей құрметтейтін тұлғамыз» деп жауап берген екен түрік зиялылары.

– Шынында, осындай ұсыныстармен Міржақып Дулатовтың сүйегін әкелдік, қазір соны кім біледі? Ешкімнің де шаруасы жоқ. Мұстафа Шоқайды Қазақстанға әкелуге еш себеп көрмеймін. Францияға барсаңыз, ұлы тұлғаға арналған саябақ бар. Кез келген адам біледі десем қателеспеймін. Өткен жолы барғанымда үлкен саябақ пен ескерткіш тақтасын көрдім. Оны қадірлеп отырған халықтан алып кетіп, орнынан қозғаудың қажеті жоқ деп ойлаймын, – дейді мерейтой иесі.

Мұстафа Шоқайдың 1000-нан астам еңбегінің 224-і ғана аударылған. Орыс, француз, неміс, ағылшын тіліндегі мақалалары әлі күнге дейін аударылмаған. Сонымен қоса шағатай тіліндегі 273 мақаланы аударып, Мұстафа Шоқайдың 135 жылдық мерейтойына орай энциклопедия ретінде шығару жоспарланған.

Жиын соңында бірге қызметтес болған әріптес достары жылы лебіздерін айтып, естеліктерімен бөлісті. Әбділда Тәжібаев атындағы кітапханаға Мария Шоқайдың «Менің Мұстафам» атты кітабы табысталды. Кітапхана басшысы жөндеуден өтіп жатқан 6 оқу залының бірін Әбдіжәлел Бәкірдің атына беру туралы ұсыныс айтты.

– Кітапхана Сыр бойының зиялы қауымы бас қосатын орта болуы керек. Жөндеуден өтіп жатқан оқу залы креативті оқу залы ретінде заманға сай жасалып жатыр. Әбдіжәлел Қошқарұлы Мұстафа Шоқайды ғана емес Алаш қайраткерлерін зерттеп жүргенін білеміз. Алаштану орталығындағы жүзде­ген адамның қызметін бір өзі атқарып жүрген оған өз тарапымыздан оқу залының атын беруді жоспарлап отырмыз, – деді кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас.

Әбдіжәлел Бәкір, саяси ғылымдар докторы, профессор: Мен ғылымға кеш келдім

Қазақтың көшін тура жолға бастап жүрген тұлғалар аз емес. Бастысы, олардың еңбегін ел білуі керек. Бүгінгі жиындағы Әбдіжәлел Бәкірге деген құрмет осы ойымызды салмақтады.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: