Сенбі, 08 қараша, 13:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№85 (2197)
08.11.2025
PDF мұрағаты

Әдемі қартаюға дайындық

08.11.2025

54 0

Бүгінгі кейіпкеріміздің өмір салты тым бөлек. Ол әдемі қартаюды ойлап жүр. Ал әдемі қартаю дегеніміз не дейсіз бе? Өзгеден ілік іздемей, өзіне уақыт арнап, бақытты болу. Өкінішке қарай, қазір өзінің емес, өзгенің өміріне де жағаласатындар аз емес. Осы тұста зейнет жасына таяған кәсіпкер, саяхат пен салауатты өмір салтын берік ұстанған – Гүлмира Нұғманқызымен әңгімелесудің сәті түсті.

Гүлмира Нұғманқызы – ша­ғын кәсіп иесі әрі белсенді саяхатшы. Оның айтуынша, спортпен айналысу үшін мін­детті түрде фитнес клубқа жазылып, біреудің қадаға­лауында болу шарт емес. Ең бастысы, адамның өз нәпсісін жеңіп, өзін қадағалай білуі.

– Адам қай жаста болсын, өз нәпсісін жеңуге дағдылануы керек. Мәселен, таңертең ерте тұрып, жүгірудің өзі адамға энергия береді. Мұны бәрі бірдей түсіне бермейді. Мен күн сайын ерте тұрғаныма шүкіршілік айтып, әр күніне риза боламын. Ғылыми тұр­ғыда мұны «аффирмация» дейді. Ал спортпен айналысу үшін әдемі саябақ не заманауи спорт залдың қажеті жоқ. Өз аулаңда шынығып, өз көшең­де жүгірсең жеткілікті. Деген­мен қазір қала көркею үстінде. Саябақтар қайта жөңдеуден өтіп, тұрғындарға пайдалануға бе­рілді. Арнайы спорт алаң­дары да бар,  – дейді ол.

Белсенді өмір салтын ұстану мен жаяу жүру дағ­дысын Гүлмира Нұғманқызы шетелге саяхаттаған шағында қалып­тастырған екен.

– Осыдан жеті жыл бұрын шетелге алғаш шыққанда адам­дардың жаяу жүретінін бай­қадым. Олар көліксіз-ақ, кар­таға қарап, өз бағытын жаяу жүріп табады. Сол сәтте мен де осы әдетті өз өміріме енгізуді ұйғардым. Бір күні 20 мың қа­дам жүргенімді байқап, өзім таңғалдым. Шаршағанымды да сезбедім. Жаяу жүру бұл спорттың бір түрі екен. Ал біз қалада жаяу жүрмек түгілі, бес шақырым  жерге такси ша­қырамыз ғой. Осы­дан кейін салауатты өмір сал­тын ұста­нуға бекіндім. Жеті жыл болды, салауатты өмір сал­тын берік ұстанып келе­мін, – дейді кейіпкеріміз.

Ол спорт­­­пен жалғыз айна­лыспай­ды. Зейнеткерлер­ден құрал­­­­ған белсенді топтың  ұйым­дастырушысы. Бұл топта елуден асқан ақжаулықты­лар­дың өз спорт клубы бар екен.

– Қазір біздің белсенді спорт клубымызда отыздан аса адам бар. Бірі қант диабетімен, енді бірі қан қысымымен ауырады. Бірақ бәріміздің мақсатымыз бір – әдемі қартаю, салауатты өмір салтын сақтау. Күн сайын таңғы 07:00-ден 09:00-ге дейін жаттығу жасаймыз. Келем де­ген жанға есігіміз әрдайым ашық. Ең бастысы, тегін, – дейді ол.

Бұл клуб – тек белсенді зейнеткерлердің ғана емес, сыр­лас әрі замандас жандардың бас қосатын ортасына айналған.

– Біз барлығымыз дерлік замандасымыз. Балалары бас­қа қа­лада жұмыс істейтін, үйде төрт қабырғаға телміріп жалғыз қал­ған зейнеткерлер көп. Солар біздің қатарымызға қосылып, қуанып жүр. Достар, сырласар жан табады. Ай сайын спорттан бөлек, бірге атқа мінуге, боулингке, бассейнге барамыз. Тіпті, бір-біріміздің туған күнімізді атап өтеміз. Ең бастысы, аз ғана ғұмырымызда бір-бірімізге де­меу болып, ден­саулық пен жақ­сы көңіл-күй сыйлап жүруге тырысамыз, – дейді Гүлмира Нұғманқызы.

Иә, салауатты өмір салтын ұстану жас талғамайды. Ең маңыз­дысы, өз жаныңды түсі­не­тін орта мен жақсы ниет.

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: