Ол алысқа көз тастады. Кеудесін мақтаныш сезімі кернеп «Халықаралық жарыстарға балаларды апардық. Сонда маған Дағыстанның бапкерлері «Әділбек, кармакчинский да, кармакчинский» деп ризашылығын білдіріп тұратын. Бірақ мен балалардың киіміне Қармақшы деп жазбадым, Қызылорда, оның ар жағында Қазақстан екені белгілі ғой» деп күлді. Сол уақытта оның өз ісін қаншалықты сүйген адам екенін тану қиын емес еді… Спорты серпін алған Қармақшы топырағында Әділбек Серікбаевтың салған ізі жарқырап, сүрлеу болып тұр. Өзі болмаса да, ізінде жүздеген, тіпті мыңдаған шәкірттері бар.
Бірде Әділбек Серікбаев палуандарды жаратып, халықаралық спорттың сайысқа енді аттанайын деп тұрғанда оның жақыны өмірден өтеді. Сонда не істерін білмей, есеңгіреп қалған бапкерге ауыл ақсақалдары ақыл айтыпты.
– Әділбек, – дейді қария таяғына сүйеніп тұрып. Сен мұнда жетім емессің. Бауырларың, мына бір қауым ел бауырымызды соңғы сапарына шығарып саламыз. Сенің мойныңда бір үйдің емес, бір елдің жүгі бар. Ол жүк – мына балаларды аман-есен жарысқа апарып, ел қоржынына жеңіс алып келу. Сен бармасаң, мына балалар ол жақта жетім болып, жанарлары жәутеңдеп қалады. Кімге сенеді? Жолыңнан қалма, – деген екен.
Ол үшін елдің аманаты қай кезеңде де алдыңғы орында тұратын. Сол жолы Қазақстан құрамасын алтынмен аптап, күміспен қаптап қойғаны да есте. Ол бір отбасының ғана емес, алты Алаштың бауырындағы бала еді…
Әділбек жайлы әңгіме көп. Әке-шешесі де әріні ойлайтын, елдің ертеңін уайымдайтын сондай елжанды болған екен. «Алма ағашынан алыс түспейді» деген бар. Олардан алған тәлім-тәрбие де Әділбек Үргенішбайұлын ұшпаққа шығармағанда қайтсін?!
– Әкем мен шешем мені қолдады. Бірде балаларды жарысқа апаруға қаражат керек болды. Ол уақытта қаржы мәселесі тым қиын болатын. Әкем қорадағы жалғыз бұзаулы сиырды жетектеп алып шықты да, «балам, ұнжырғаң түспесін. Бұл балалардың жолынан ешнәрсені аяма. Сені елге танытатын да, еңбегіңді жандыратын да осы балалар» деп, қолыма ұстатты. Сол сиырды сатып, жарысқа барғанда да әкемнің үмітін ақтамай келмеймін деп жүретінмін. Сіз оны айтасыз, әкем мен шешем зейнетақысын да осы жолға салып жіберген кездер болды. Бірақ ешқашан оның қайтарымын сұраған емес. «Елге жеңіс әкелсе, болды. Басқасы керек емес» деп отыратын олар, – деп күрсінген сол кеште.
Аудандық газетте еңбек ете жүріп, осындай тұлғалармен әңгіме-дүкен құрып, өмір мектебіндегі сабақтарын санама сіңіру – маңдайыма жазылған бақ шығар?! Сол бір сұхбаттасудың ішінде санамда қалған талай ойлардың бірнешеуі ғана еді бұл.
Оның бесаспаптығын бүкіл аудан жұртшылығы біледі. Қазақтың қанында қандай өнер болса, соның әрбірін өз бойына сыйдыра алған тұлғаның тазы ит асырайтыны да бар. «Қайда бардың?» деген біреуге «Әділбек Серікбаевқа» деп жауап берсең, «Тазыларын көрдің бе?» деп сұрайтыны заңдылық. Оған қанша уақыт, қаншалықты күтім керек болса да, уақыт тауып, атсалысып жүреді.
– Інім-ау, тазы ит дегенің уақытылы жүгіріп, аңға шығып тұрмаса ана бойындағы бұла күш, жүйріктік пен ептілік қалтаңа қып-қызыл шығын болып түседі. Ол қалай деуің бар ма, бұларды өз уақытынан кештеу жүгіртіп қойып, бірнеше мәрте өрістегі қойларды қиып өтті. Біреуімен тоқтамайды, бірнешеуін тамақтап өтеді бірден. Содан мен өзім уақытымды балаға бөлемін бе, жоқ тазыларға арнаймын ба, түсінбей қалдым, – дейді «батыр аңғал келедіні» аңғартып.
Әділбек Үргенішбайұлы қамшының сабынан да қысқа ғұмырында 30-дан астам халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 100-ден аса спорт шебері мен бірнеше Әлем және Азия чемпиондарын тәрбиеледі. Алдына келген сары ауыз балапандарды қияда қанат қаққан қыранға айналдырды. Тынбады. Еңбектене түсті. Ол жолда жалқаулықты жанына қас қылды.
– Қармақшыны жүз шайыр шыққан өлке деп айтады ғой. Менің арманым – 100 спорт шеберін шығару еді. Ол арманға да жеттім. Арман дегеніңіз алдымен мақсатқа айналады, сосын орындалады екен ғой. Бастысы, әрекет ете беру керек, кездескен қиындыққа мойымай, шыңдала беру керек. Біздің жігіттер ешқандай қиындықтан қорықпайды. Қарсыласын мысы басып тұрады. Осы ауданнан қанатын қатайтып, облысқа, әрі қарай республикаға жіберемін. Міне, менің шәкірттерім жер-жерде Қазақстанның даңқын асқақтатып жүр. Мен үшін мұнан асқан биіктік жоқ, – деген еді өмірін спортқа арнаған жан.
Жүз шайыр шыққан киелі өңірді, жүз спорт шебері шыққан балуандар өлкесіне айналдырған алыптың Мақсат Исағабылов, Еламан Ерғалиевтей шәкірттері «Қазақстан барысы» атанып, республика бойынша Сырдың абыройын асқақтатты. Осыдан-ақ оның алған асуы мен бағындырған белесін байқай беруге болар…
– Менің алдыма тіпті көрші аудандардан да жас балаларды алып келіп жатады. Әріптестерім «Әділбек, сенің жаттықтырғаныңды қалаймыз» деп, өздері ұсынады. Сонда мен бір ғана талап қоятынмын. «Мен дайындаймын, қашан аяғыңнан тұрып кетемін дегенше, Қармақшының атынан шығасың» деймін. Міне, кейде балуандардың арасынан менің шәкірттерімді нақты қай ауданнан шыққанын білмей, жұрттың қатты ойланатыны да сондықтан, – деді аузында әзілі жүрген Әділбек.
Бүгінде ауданда Әділбек Серікбаевты еске алуға арналған самбодан республикалық турнир ұйымдастырылып жүр. Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылған байрақты бәсекеге Алтай мен Атырау арасынан асып түсіп, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен де қақпақ жауырын, апайтөс балуандар келіп бақ сынасты. Жыл сайын деңгейінің көтеріліп келе жатқаны да көңіл қуантады.
Қазақта «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген керемет сөз бар. Бүгінде Әділбек Үргенішбайұлының баласы Айбек Серікбай дүбірлі додаларда бақ сынасып, әкесінің даңқын асқақтатып жүр. Өткен жылы ғана ол «Сыр барысы» атанды. Одан бері де талай сында сүрінбей, жауырыны жерге тимей жүр. Әкенің жолын өзіне бойтұмар санаған сері жігіт қайсыбір сәтте де туған елдің алдындағы перзенттік парызын орындай түспек…
Әрбір спортшының артында тұтас ұлт бар. Сол елдің еңсесінің тік болуы да, даңқының тасып, абыройының асып тұруы да спортшының көрсеткен нәтижесіне байланысты. Міне, әрбір әрекеттің астарында ұлттық мүдде мен ұлттық ұстаным тұрғанда ғана еңбектің жемісін ел көреді. Әділбектің әлеміндегі осы бір ұстаным ұрпағына да жұғысты болғаны қуантады…
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!