Қызылорда астана болған жылдары Сыр өңірінде жарық көрген басылымдардың бірі – «Әйел теңдігі» журналы. Алғашқы санынан бастап әйелдерді сауатты, белсенді болуға насихаттаған журнал қоғамдағы өзекті тақырыпты мәселені қамтуға тырысты. Бұл басылым көп мәселені көтеріп ғана қоймай, әйелдерді жазу-сызуға, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік берген алғашқы баспалдақ болды десек артық болмас.
Қызылорда астана болған жылдары қаржы, маман тапшылығы секілді қиындықтарға қарамастан қазақ баспасөзінің саны артты. Ғалым Сағат Тайманов «Қызылордадағы қазақ баспасөзі және кеңестік биліктің ықпалы» атты мақаласында мынадай деректерді келтіреді: «1925 жылдың жазында барлық республикалық газеттер жаңа астана – Қызылордаға көшірілді. Қаражаттық қиыншылыққа қарамастан осы жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша Қазақстанда шығатын газеттердің саны 31-ге жетті. Оның 13-і қазақ тілінде жарық көрді. Жылдың басында қазақ тілінде шығатын газеттердің жалпы тиражы 15000 болса, ал мамыр айында 34800 данаға жеткен. Ал барлық басылымның жалпы таралымы 80660 дана болды. Тек Қызылорда қаласының өзінен 1925-1929 жылдары республикалық 6 газет, 8 журнал шығып тұрды».
Зерттеулерге сүйенсек, Қызылорда астана болған жылдары алғашқы нөмірі Сыр өңірінде жарық көрген басылымдардың бірі – «Әйел теңдігі» журналы. 1925 жылы 5 мамырында өлкелік партия комитетінің жанындағы әйелдер бөлімінің газеті ретінде «Теңдік» деген атпен Орынборда шыққан. 1926 жылдың шілде айынан бастап Қызылорда қаласында «Теңдік» газеті журналға айналып, «Әйел теңдігі» деп аталды. Журналдың редакторлық қызметін 1925-1932 жылдары Сара Есова, 1932-1934 жылдары Нұржамал Сәнәлиева, Нағима Арықова атқарды. Журналда Нағима Арықова, Нәзипа Құлжанова, Алма Оразбаева, Әмина Кемелова, Зейнеп Тоқберлина және т.б қызмет етіп, қазақ әйелдерін қоғам ісіне тарта білді.
«Әйел теңдігі» журналы қандай тақырыптарды көтерді дегенге келейік. «Сыр журналистикасының тарихы» жинағындағы мәліметтерге сүйенсек, «Әйел теңдігі» 20-жылдары әйелдерге арналған бірден-бір журнал болғандықтан, оқырманды толғандыратын мәселелерді көтеруге тырысты. Бастапқы кездерде «Әйел теңдігі» журналының «Жалпы бөлім», «Әдебиет бөлімі», «Біздің жұмысымыз», «Еңбекші әйелдер тіршілігі», «Дені саудың – жаны сау» сияқты бірнеше айдары болды. Журнал партия мен кеңес ұйымдарының алдында тұрған негізгі міндеттерді насихаттау, қазақ әйелдері арасындағы саяси-тәрбие жұмысына, оларды елдің қоғамдық-саяси өміріне қатыстыру мәселесіне аса көңіл бөлді. Сондай-ақ қазақ әйелдерінің тұрмыс-тіршілігі, қалыңмал, ағарту саласындағы жетістіктері мен кемшіліктері және т.б әйелдерге қатысты мәселелерді көтере білді. Журналды шығарудың өз қиыншылықтары болды. Бұл туралы журналдың №7-10 санында «Журналымызға атсалысыңдар!» деген атпен көлемді мақала жарияланып, онда «Әйел теңдігі» журналының шыға бастағанына біраз болды. Бірақ осы күнге дейін журнал көздеген мақсатына жете алмай, ақсап, әлсіреп келді» дей отырып, оның екі себебін атайды. Оның біріншісі, журналдың оқушылары мен жазушысының жоқтығы да, екінші себебі журналдың қаражатының аздығы. Сондықтан журнал өзіне белсене атсалысатын оқырмандарды көбейту қажеттігін басты орынға қойды» деген дерек келтіреді.
Журнал қазақ әйелдерінің белсенділігін оятып, білімді болуға үндеді. Тағы да деректерге сүйенсек, ауыл әйелдерінің оқуға қызыға бастағанын жазады. Басылымда әйелдерді сауаттандыруға сол уақыттың келеңсіздіктерін айыптап, қоғамның көкірек көзін ашуға ықпал етті. Тағы да зерттеулерден дәйек келтірейік: «Әйел теңдігі» шыққанына жыл толмаса да біршама жетістіктерге жетті. Оны губерния, уездерде оқып жүрген әйелдермен қатар, ауыл әйелдері де оқи бастады. Оқырмандары оның жетістігі мен кемшілігін көрсете отырып, тартымды болуы үшін өз пікірлерін хат арқылы білдіріп жатты.
Журналға ұлт зиялылары да мақала жазып, қазақ әйелінің тағдырын қаламына арқау еткен. Мәселен, М.Дулатовтың журналға жарияланған «Қазақ әйелі» деп аталатын мақаласында қазақ қыздарын әдет-ғұрып бойынша атастыру бесіктен басталатыны, тіпті кей жағдайда ананың құрсағында жатқан кезде атастыратыны, бұл «қарғыбау» деп аталатыны келтірілген. Ол «құда болу, киіт кию, мінт алу» сияқты жоралғымен жалғасатындығы, егер қызды атастырған адам қайтыс болса, оны әмеңгерлік жолмен ағасы немесе інісі, туысқандарының бірі алатындығы айтылады. Бұл жерде автор малы бар шалдың жас қызды атастыратындығын, «Қызды шалекең алмайды, малекең алады» деген мақалдың туындағаны осыдан дейді.
«Әйел теңдігі» басылымы қызметке араласып, теңдік жолында күресіп жүрген әйелдердің рухын көтеріп, білім алуға ұмтылған нәзік жандардың қатарын көбейтуге ықпал еткен. Сөзіміз дәйекті болу үшін «Сыр журналистикасы тарихы» еңбегінен үзінді келтіргенді жөн көрдік. «Журнал редакторы Сара Есова басылымды бүкіл Қазақстан әйелдеріне таратуда губерниядағы, уездегі әйелдер бөлімі арқылы насихаттау қажет деп көрсетті. Журнал ауылдық жерлерге бармайтындығын, тіпті ауылдан әйел жазушылардың жоқтығын, қазақ әйелдеріне журналдың тигізетін маңыздылығы зор екенін баса жазды. Қоғам өміріне белсене араласып, теңдік жолында күресіп жүрген әйелдер турасында журналға қысқаша болса да жариялап отырды. Бұл бір жағынан, қызметке араласып жүрген қазақ әйелдерінің рухын көтерсе, екіншіден, әлі ескілік шырмауынан шыға алмай отырған қазақ әйелдерінің арасында қызығушылық тудыратындығын көрсетті. Бас редактор өзінің «Қатарымыз көбейіп келеді» деген мақаласында: «Осы кезде кеңестің төменгі құрылысында қазақ әйелдері де көріне бастады. Бұл әйелдердің ішінде қызметі, еңбегімен танылған жақсы, жігерлі әйелдер бар. Теңдік іздеп, оқу-білім қуып, ауылдан келген әйелдер оқу ордамызда да көбейе бастады» деп жаза келе, олардың қатарына Ағжан Аман келінін, Қамаш Жарылқамысқызын, Қайша Омартбайқызын, Меруерт Қоянбайқызын атайды».
Жоғарыда атап өткендей, сол жылдары маман тапшылығы сезілгені белгілі. Басылым әйелдерді жазуға ынталандырып ғана қоймай, қандай тақырыпты және қалай жазуды үйретті. Атап айтқанда, «Тілшілер не жазу керек?» атты мақалада тілшілердің газет пен журнал айырмасын білу қажеттігін атап айтады. Оған маңызын жоғалтпайтын мақалалар жариялану керектігін жазды. Журналдың түпкі мақсаты – қазақ әйелдерінің сана-сезімін ояту екендігін де еске салды.
Басылым көтерген тақырып аз болған жоқ. Қоғамдағы күрмеуі қиын мәселелерден бастап, отбасындағы тазалыққа дейін қамтылды. Тағы да зерттеу деректеріне сүйенгенді жөн көрдік. «Әйел теңдігі» журналының «Жалпы бөлімінде» әйелдер бөлімінің алдына қойған аса маңызды мәселелер мен олардың орындалу барысы, әйелдер бөліміне жүктелетін міндеттер, қалыңмал мәселесі, саутсыздықты жоюға қатысты жүргізіліп жатқан шаралар, қызыл отау жұмысы және т.б әйелдерге аса қажетті өткір деген мәселелер көтерілді. Қазақ әйелдерінің Қазан төңкерісіне дейінгі ауыр жағдайы, мал есебінде сатылып кетуі, ал кеңес өкіметі орнағаннан кейін бұрындары үйден шықпайтын қазақ әйелдерінің еңбекшілер қатарына қосылуы журналдың басты тақырыбына айналды. Журналдың «Әдебиет» бөлімінде әйел тақырыбына арналған әңгімелер мен қазақ қыздарының өлеңдері жариялана бастады. Ә.Бөкейхановтың «Қыр қазағы» деген бүркеншік атпен жазған «Ақсақ кемпір» атты әңгімесі, Б.Майлиннің өлең, әңгімелері, атап айтқанда, «Раушан коммунист», «Малай» деген бүркеншік атпен жарияланған «Айымкүл», «Ел күйеуі», сол сияқты, «Ерлік құрбаны», «Әже», «Некеқияр», Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», Қ.Кемеңгеровтің «Назиқа», Ш.Иманбаеваның теңдік, бостандық жолында жазылған «Жалшы әйелдер аузынан», «Октябрь мейрамы» сияқты әдеби туындылары жарияланған. Ал «Дені саудың жаны сау» айдарында Нәзипа Құлжанова, Аққағаз Досжанова, Сара Қапакелінінің отбасылық тазалық, бала мен әйел күтімі, жұқпалы аурулармен күресу барысы турасында дәрігерлердің кеңес берген мақалалары басылып, оқырмандарын саламатты өмір сүруге шақырды» деп жазылған.
Облыстық өлкетану музейінің қорында сирек кітаптармен қатар «Әйел теңдігі» журналының бірнеше саны да сақталған екен. Есімі елге белгілі өлкетанушы Жұмабай Байзақ «Әйел теңдігі» журналының бірнеше нөмірін араб қарпінен кириллицаға аударып, редакцияға жолдаған еді. Өлкетанушының еңбегінің арқасында журналдың бір-екі санын қарап шығып, оқырмандар үшін шолу жасағанды жөн көрдік.
«Жер жүзінің еңбекшілері бірігіңдер!» деген ұранмен жарық көрген «Әйел теңдігі» журналының әрбір нөмірінде әйелдердің белсенділігі, білім алуы назардан тыс қалмағанын байқауға болады. Мәселен, журналдың 1928 жылғы №8 (32) санында «Алдын ала дайындалыңдар» (авторы Нағима деп көрсеткен) атты мақалада әйелдердің білім алуға құлшынысы артқанын, тіпті өздері бастама көтеріп, ауылдарда мектеп ашуға ұсыныс жасап жүргенін атап айтады. Мақаладан үзінді келтірсек: «Еңбекші әйел көпшілігінің жыл санап сана-сезімі көтеріліп, әлеумет құрылысына қатынасқан жас күштеріміз артуда. Кеңестің әр тарау жұмысында талаптанып, талпынса өзгеден кем қызмет етпейтін белсенділігі мен көрсетіп жүрген еңбекші әйелдер қатары күн санап өсуде. Бұрын жаулықтының қолынан не келуші еді деп әйел билігін менсінбей жүргендер енді әйелдің құр сөзбен ғана емес, кәдімгідей іс бастай алатындығын көріп жүр. Екі кісінің басы қосылса сөйлесуге ұялып жүретін әйелдер енді жиын-топта сөз сөйлеп, ел мұңын айтып, жұртқа еңбек сіңірудің жолында.

Бұрын оқуға жіберуге бата алмайтын болсақ, енді ауыл әйелдерінің өзі мектеп ашылуын сұрап, алыс ауылдардан қалаға оқу іздеп келетін болды. Ауруын доқтырға көрсетуге қорқып, бақсы-балгерлерге емдететін әйелдер енді өздері жиылыс жасап доқтыр сұрап, 100-150 шақырым жерден қызыл отау дәрігеріне келіп ауруын көрсететін болды. Бұрын санап отырсақ, еңбекші әйелдер сана-сезімін көтеру жөнінде едәуір жұмыс істелгенін көреміз. Әйткенмен әлі кемшіліктерімізде едәуір: Әйел көпшілігі ұйымдасып көп жұмысына қатысудың керегін түгел түсініп болған жоқ. Әйелді әлеумет ісіне тарту жөніндегі жұмыс әлде де болса шабан. Әйел арасындағы жұмысқа «әйел жұмысы» деп қате қараушылық қалған жоқ. Әйел қызметкерлеріміздің саны аз, барларының көбі шала сауатты, тәжірибиесі кем, жаңа талапкерлер. Партия, кеңес орындары әйел жұмысын көпшілік жұмысы деп түсініп кете қойған жоқ. Еңбекші әйелдерді әлеумет ісіне баулу, көпшілігінің белсенділігін көтеру жұмысы өкіл әйелдер жұмысы, қызыл отау арқылы жүргізіліп келеді. Өкіл әйелдер жиылысы маңында жүздеген, мыңдаған әйелдер ұйымдасып әлеумет құрылысына қатысуға даярланып келеді. Өкіл әйелдер жиылысы арқылы талай әйелдер кеңес, партия жұмыстарына қатыстырылды. Түк хат танымайтын әйел өкіл әйел болып, алты, жеті ай жүргенінде газет, кітап оқитын, баланың дұрыс күтімін, тазалықты үйреніп шығатын болды. Белсенді өкіл әйелдер бас болып, басқа мұңы бар әйелдердің арызын жазып, сотқа жолдап сот жиылыстарында өзі қатысып жүретін, әйелдерді жинап алып тазалық жөнінен кітап, журнал оқып түсіндіретін болды.
Кейбір жерлерде өкіл әйелдердің бастамасымен бала тәрбиелейтін орындар (бала бақшасы) ашылып, ауылға дәрігер шақырылып, сүт артелі ұйымдастырылған. Астық жинау науқандарында өкіл әйелдер байлардың жасырған астығын көрсетіп, Кеңес орындарына көп жәрдем еткен. Сауат ашу мектебін ашқызып, өздерімен қатар басқа әйелдерді оқытуға жинаған» деп жазады.
Журналдың осы санында «Тілші болғысы келетіндерге» деген хабарландыру жарық көрген. Хабарландыруда соңғы кезде тілші болғысы келетін әйелдердің саны артқанын, сол себепті әйелдер арасында анкета толтыру қажет екені айтылып, анкета толтырудың үлгісін жариялаған.
Журналдың №8 (27) санында «Қызылорда уезіндегі әйелдер жұмысы» атты мақала жарияланған. Мақалада Қызылорда уезіндегі өкіл әйелдер сайлауы басталғанын және әйелдердің жай-күйі туралы мәліметтерді арқау етіпті. Мақаладан үзінді келтірсек: «Биыл Қызылорда уезінде өкіл әйелдер сайлау науқаны 15-сентябрде басталды. Науқанның кешігіп басталуының себебі әйелдер бөлімінің меңгерушісінің жаңадан қойылуы. Партия, комсомол, кәсіпшілер ұйымының жаңа белсенді әйелдердің жәрдемі мен биылғы өкіл әйелдердің сайлауы көп жақсы өтті. Қызылорда қаласында сайланған өкіл әйелдер саны – 170. Оның 80-і үй шаруашылығындағы әйелдер, 7-і үй қолөнерімен күн көрушілер, 64 қызметкерлер, он тоғызы батырақ жалшы әйелдер.
Ұлтқа бөлгенде: орыс әйелі –111, қазақ әйелі – 41, татар – 8, өзбек – 2.
Тұрмыс жағдайына қарағанда: Үйлі-күйлісі – 116, басқалары – 54, 20 жастағы әйел 14, 21 мен 23 жас арасындағылары жиырма бір әйел.
Партиядағысы:
Партияға мүше және кандидаттар – жетеу.
Комсомолдағылары – үшеу.
Партиясыздары – 160.
Білім жағы:
Сауатсыздары – 32.
Сауаттылары – 138. Сауатсыздардың дені қазақ әйелдері.
Өкіл әйелдердің жиылысы қалада төрт жерге бөлінген:
І .Темір жол клубында.
2. Қалалық кино клубында.
З. Орталық кеңес комитетінде.
4. Мемлекет театрында – мұнда қазақ әйелдері.
Қазақ әйелдерінің жиылысқа қатынасы тәуір. Мысал үшін айтқанда, кейінгі кезде қазақ әйелдерінен жиылысқа жүзден артық қатынасады. Қазақ әйелдерінің бәрі қосшы ұйымына мүше. Жоспар бойынша өкіл әйелдер жұмысының жарты жылдық мезгілі өтті. Сонымен қатар тәжірибе жұмыстары жайлы баяндама болды. Қазір өкіл әйелдер ұйымы жанында төрт жерде сексия бар.
1 – коператив секциясы.
2 – ауылшаруашылық секциясы.
3 – ана мен баланың денсаулығын қорғау және кеңес заңын түсіндіретін секция. Белсенді әйелдер жиылысы. Қалалық әйелдер бөлімі жанынан орыс- қазақ тілінде әйелдер жиылысы болып тұрады. Өкіл әйелдер жиылысынан басқа істелген жұмыстар: Ноябрь айынан бастап балалар үйі – балабақша ашу жұмысына әрекет ету істелді. Бұл туралы ақша мәселесі қиындау соқты. 300 сом ақша тауып, декабрь айында жұмысқа кірісті. Гос.банкі қызыл бұрышында отыз балалық үй бар, бұлардың жұмысы жақсы. Бұдан басқа көшеде жүрген балалар үшін октябрь айының аяғында балалар үйі ашылды. Бұл жұмысқа қызметкер әйелдер, өкіл әйелдер белсенділік көрсетіп қатынасты. Өкіл әйелдер күшімен жасалған сауық кешінен 470 сом түсті. Бұл жиында «Еңбекші қазақ» басқармасы 21 сом, халық комисарлары 300 сом, Ресейлік қызыл крес қоғамы 150 сом жәрдем берді. Көшеде жүрген қырық шақты балаларды жиып алып, киіндіріп, оқытылып жатыр. Жұмыстың саяси жағына комсомолдар жәрдем көрсетіп жатыр.
Аз ұлттар арасындағы жұмыстар:
Осы күнге дейін аз ұлт әйелдері арасында ешқандай жұмыс істелмеген, Жөйт әйелдері арасындағы жұмыс жаңадан ғана басталды. Өзбек әйелдері арасында төрт жиылыс өткізілді.
Қызыл отау жұмысы:
Бұдан бұрынғы бюджетке дейін Қызылорда уезінде 3 қызыл отау істеп келген, жаңа бюджет бойынша ауылда екі қызыл отау істемек. Қазіргі уақытта істеп жатқаны біреу-ақ. Оның жұмысына уездік әйелдер бөлімі қатынасып тұрады. Бұдан былай партия комитеттерінің жол басшылығы мен әйелдер жұмысына көбірек араласуына сенім қыламыз» деп жазады. Журнал бетінен қалыңмал беру, қыздарды малға сату жайы көп сыналып, ана мен бала тәрбиесі назардан тыс қалмаған өзекті тақырыптардың бірі. Мәселен, «Ана мен баланы тәрбиелеу жұмысы күшейсін» атты мақалада түйіні шешілмеген мәселені көрсетеді. «Марттың 8-і жер жүзі әйелдерінің мейрамы күні жұмысшы, қара шаруа әйелдердің тұрмысын, еңбегін түзеу жөніндегі тапқан олжасын қорытады. Алдағы күнге істейтін міндеттерін жіпке тізеді. Әйелдердің тапқан олжаларының ең көрнектісі – ана мен баланы тәрбиелеу, оларды қорғау жұмысы, бұл жөнінде біз не істедік? Егер де біз ана мен баланы тәрбиелейтін орындар мен елдің жалпы санын салыстырсақ, еңбекші елдің әйелдері мен жас балаларын ойдағыдай тәрбиелеу үшін не керек екенін ойласақ, онда әлі мардымды ешнәрсе істелген жоқ екен. Әлі нысанаға жетуге көп бар екен деген ойға қаламыз. Ал онда өткен күнге көз жіберіп, өткен күнгі күйіміз бен қазіргі күйімізді салыстырсақ, онда жұмыс істегеніміз көрінеді; күрделі жұмыс істедік деп айта аламыз. Октябрь төңкерісіне дейін ана мен баланы тәрбиелейтін, оларды қорғайтын орын да, заң да жоқ еді. Төңкерістің алғашқы жылдарында осы жоқтарды бар ету, оны жұртқа түсіндіріп, оны жолға қою өте қиын болды, оған көп күш, көп төзім керек болды. Жұртқа бұл жұмыстың маңызын, керектігін түсіндіру, дәлелдеп көрсету керек болды.
Соның салдарынан ана мен баланы тәрбиелеу жұмысы Қазақстанда 1922 жылдан, кейбір губернияларда бұдан да кешірек басталды. Сөйтсе де ел көпшілігі бұл жұмыстың маңызын тез түсінді: осы күні ауыл халқы да ана ман баланы тәрбиелеу туралы сөйлейді. Езілген күншығыс әйелдері өзінің қоғам, құрылыс жұмыстарына қатынасын ана мен баланы тәрбиелейтін орындарына орналастырудан бастады. Олар әйелдер клубына, ана мен бала денсаулығы туралы кеңес беретін орындарға барып, өздерінің құлдықтан құтылғандықтарын, жұрт қатарына қосылғандағын көреді. Қазақстанда осы күні 42 ана мен баланы тәрбиелейтін орын бар. Жас балалар үйі екеу, онда 60 керует орын бар. Бесік үйі 12, онда 315 керует бар, жас балалар мен жүкті әйелдерге кеңес беретін орындар саны – 16, онда сүт беретін асханалар бар. Асханасы жоқ жас балалар мен жүкті әйелдерге кеңес беретін орындар саны –11. 1927-жылы осы айлар ішінде ана мен баланы тәрбиелейтін орындар 37 еді; бір жыл ішінде 23 процент өсіп отыр. Қанша өскенімен ел санына қарағанда ана мен бала тәрбиелейтін орындар өте аз. Бұл орындардың бірсыпыралары қалалық жерлерде, ауылдық жерлерде бұл орындар жоқ. Ауылдық жерлерде уақытша ашылған бесік үйлері тек отырықшы ауылдарда ғана ашылған.

Бұл жұмыстың көркеюіне бөгет болған қаржының жоқтығы. Қаржы енді ғана беріле бастады ондада кейбір губернияларда ғана, жергілікті бюджеттен беріліп жүр. Өткен жылы Қазақстанда бұл жұмысқа барлығы үш жүз мың сом қаржы бөлінсе, биыл төрт жүз мың сом қаржы берілгелі отыр. Бұл қаржыға Қазақстан бойынша жеті губернияда ана мен бала тәрбиелеу, денсаулық жөнінде кеңес беріп тұратын орын ашылмақшы.
Ескінің сарқыны әлі жойылып кеткен жоқ: Көшпелі ел әйелдері жаңа тұрмысқа талпынуы керек екенін толық түсініп жатқан жоқ. Жаңа тұрмыс жайын жақсы білетін, білімді, белсенді қызметкерлер жоқ. Біз осындай қызметкерлер дайындау ісіне кірісе бастадық. Биыл екі жерден акушерлік техникум ашқалы отырмыз. Акушерлік жұмысы Қазақстанда өте нашар. 1926 жылы Қазақстанда 121 ғана акушер бар екен. Міне, мұндай кезде акушерлік оқу орнын ашудың маңызы өте зор. Біз бұл міндеттеріміздің желісін түзеп, жолын белгілеп, бірсыпыра күш жинап қойдық. Қай күні қолға алсақ, сол күні ескінің есігін қиратып, жаңа тұрмыс, мәдениетті тұрмыс орнатамыз», – деп жазады.
Алғашқы саны Қызылордада жарық көріп, кейін атауы бірнеше рет өзгеріп, «Қазақстан әйелдері» журналы болып бүгінгі оқырманға жеткен «Әйел теңдігі» журналы арқылы Қызылорда астана болған жылдары қазақ баспасөзінің саны да, сапасы да артқанын байқауға болады.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!