Сейсенбі, 03 желтоқсан, 22:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

Әйелдің жүгі жеңіл ме?

07.03.2024

814 0

Сурет: cmlt.ru

Ресми деректерге, статистикаға сүйенбей-ақ өмірдің өзінен мысал келтірейік. Бірінші мысал. Негізі жолға шықсаң талай кейіпкер кездеседі ғой. Бірде уақыттан шатасып, вокзалға ерте барып қалдық. Әлі бір сағат бар. Біз сияқты ерте келіп қалған жолаушы жанымызға жайғасты. Бәріміздің ойымызда уақыт өткізу. Жөн сұрасып, әңгіме тиегі ағытылды. Біз тыңдаушы, ол әңгімеші. Сонда нәзік жанның тағдыры, бастан кешкен оқиғасы бір сағатқа «сыймады». … Оның өмірі аяқастынан күрт өзгеріпті. Біреуден ілгері, біреуден кеш, бірде жетіп, бірде жетпей өмір сүріп жатқан отбасы екен. Үш қызы бар. Дағдарыстан шығуды ойлаған ерлі-зайыпты ақылдаса келе, отағасы елордаға жолға шығады. Астанада құрылыс қарқынды жүріп жатқан уақыт. Таныс-достары қоймай шақырып жатыр. Бір-екі жыл өзі жұмыс істесе, жағдай жақсарса, көшіп кетуге мүмкіндік бар. Күйеуінің бұл бастамасын қолдай кеткен жары ауылдағы отбасының бар жауапкершілігін өз мойнына алып қала береді. Алғашқы бір-екі айда үйіне ақша салып, ыстық сәлемін жолдаған отағасы үшінші ай дегенде қ о ң ы р а у ш а л у д ы азайтып, басаяғы алты айда бөтен адамға айналады. «Қолы тимей жүрген шығар, үйдегідей жағдай қайдан болсын» деп оның тілеуін тілеген жары күйеуінің үлкен қалада отбасының емес, өзіне ыңғайлы жағдай жасап алғанын естігенде есеңгіреп қалады. «Өзінен үлкен әйелдің қолына кіріп алыпты. Дайын ас, салулы төсек ұнаған сияқты. Күнде ақшаны қайдан табамын, несиені қалай жабамыз деп бас қатырмайды енді», – дейді әйелі. Бейтаныс әйелге нендей жұбату сөз айтарымызды білмей қалдық. Біраз үнсіздікті оның қарлығыңқы шыққан дауысы бұзды. Жалт қарағанда көзіміз түйісіп қалды. Жанарында намыс оты ұшқын атады. «Мен өлген жоқпын. Тірімін!» – деді. Иә, ол тірі. Шаңырағы иесіз қалды екен деп баз кешіп кетпегені көрініп тұр. «Иә, оңай болмады. Күйзеліске түсіп, ауырып, төсек тартып жатып қалдым. Ота жасаттым. Бір күні өз-өзіме келіп, өзіме ғана сенетінімді, мына әлемде бар екенімді, балаларыма керек екенімді сезініп, күш жинап орнымнан тұрдым. Өзім аспазбын. Әдепкіде той дастарханын әзірлеп зыр жүгіріп жүретін едім. Енді үш қызыма бас-көз болу керек, үйден тапсырыс қабылдай бастадым. Қазір жұмысбасты әйел көп қой. Бірі мантыға, бірі салатқа тапсырыс береді. Қалаған тамағын үйден әзірлеп, беріп жібере қоямын. Қыздарымның жанындамын. Сенесіз бе, манты сатып, бір жыл ақша жинап, үйімді кеңейттім. Аудан орталығында баспана бағасы қаламен салыстырғанда арзан ғой. Қуықтай үйімді сатып, үлкен үй алдым. Менен гөрі қыздарымның қуанғанын көрсеңіз. Қазір тұңғышым студент. Каникулда маған көмектеседі. Қыздарыма жоғары білім алыңдар деп күнде айтып отырмын. Олар бақытсыз болмаса екен», – дейді ол. Өмірдің сынағынан сүрінбеген кейіпкердің жүзінен аянышты адамның халі емес, мықты әйелдің бейнесін көрдік.

Екінші мысал. Таксиге отырдық. Жүргізуші жас келіншек екен. Таксистердің көбі әңгімешіл келмей ме. Ол да жатырқаған жоқ. Сөйлесе келе бұл қосымша табысы екенін білдік. Өзі медбике екен. Жұмыстан кейін бір-екі сағат такси болатынын айтты. Шаршайтыны белгілі. Амал жоқ, табыс табу керек. Оның да тағдыры бірінші кейіпкерге ұқсас. Күйеуі өзіне жайлы орын іздеп кетіпті. Жоқшылық, жетіспеушілік қажытқан сияқты. «Балаларды жеткізу керек. Пандемияның кезінде жылыжайда қосымша жұмыс істедім. Екі-үш айда тіпті бригадир болып алдым», – дейді күліп. Таксиден түсіп бара жатып жасымас жігерді көрдім…

Бұл – екі адамның ғана тағдыры емес, талай қазақ әйелінің трагедиясы. Несие қамытын киген отбасы, жоқшылықтан шаршаған талай қазақ жігіті «альфонс» деген теңеуді ұялмай арқалап жүр. Отбасының жайын емес, өз қара басының қамын ойлап, жылы да жұмсақ жер іздеп кеткен отағасы, бала-шағасын да, несиені де төлеуді мойнына алып, өз мықтылығын өзіне де, өзгеге де дәлелдеймін деп жанталасқан әйел… Бұл жерде жалпы ерлер қауымына тас атудан аулақпыз. Бірақ арасында осы кездеседі.

Бүгінгі әйел жайы туралы қоғамның пікірін де тыңдап көрдік. Көптің пікірі қазір әйелдің міндеті өзгергенін айтады. Отбасындағы жылулық, бала тәрбиесі екінші орынға қалып, отбасыны асырау көп әйелдің негізгі міндетіне айналды. Тіпті әйелдің бала күтімімен үйде жайбарақат отыруға да мүмкіндігі жоқ. Несие, қарыз, отбасын асырау жауапкершілігі бір сәт те дамыл тапқызбайтыны анық. Сәбиі дүниеге келген соң қырқынан шыға сала жұмысқа асыққан талай әйелдің жанталасының артында отбасын асырау жүгі тұрғаны анық.

Осы орайда «еркектің жауапкершілігі неге азайды?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Қоғам белсендісі, блогер Айна Досқызы ерлердің күшті екенін сезіндіретін алаң қалмағанын айтады. «Бүгінде ердің ер екенін дәлелдейтін қоғамда алаң қалмады. Себебі әйелдер машинаны да айдаймыз, ақша да табамыз, керек десе отбасыны да асырай аламыз. Ал ерлер әйелдің қолынан келмейтін істе ғана өзін күшті сезінеді. Сондықтан қазір ерлер, әйелдерге зорлық-зомбылық, күш көрсетіп немесе бірнеше әйел алып, өздерін көрсетіп жүр», – дейді.

Ал жиһанкез-блогер Динара Болат нарық заманында бір отбасын асырау, ата-ананы разы ету бір жігітке аз күш емес екенін айтады. Алайда бұл жауапкершілікті де мойнына алмайтын жігіттер көбейді. Неге? «Себебі отбасындағы тәрбие сондай. Қазақ отбасы бар салмақты қыз балаға артады. Ал ұл шаңырақтың иесі, патша, малының иесі, ізбасары. Осындай түсінікпен көп ата-ана ұлын еркелетіп, ер баланы босаңсытып, ер емес, ез тәрбиелеп жатыр. Үйдің бар жауапкершілігін жас күнінен мойнына алып үйренген қыз ертеңгі күні өз отбасының да бар жауапкершілігін алуға дайын», – дейді ол. Елге ақыл айтқыш коуч-психологтардың өзі қазіргі әйелдерді нәзік болуға үндеп жүр. Табиғатынан нәзік болмыс иесін қатайтқан да, мықты еткен де өмірдің қатал сабағы болса керек. Мемлекеті де, отбасы да әйелге жағдай жасағанда ғана әйел табиғи болмысын сақтап қалатыны сөзсіз. Әйтпесе, «Дән көтерген құмырсқаға тимеші, алысқаны өмір ғой, өмір сондай абзал ғой» деп ақын жырлағандай, арқасына ауыр жүк артқан әйелдің ойлағаны өз қара басы емес, отбасының, балашағаның қамы…

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: