Бүгін – Сырдың ақын қызы Гауһар Асқарқызының туған күні. Алпыс деген асқар таудың шыңына шыққан сөз зергері осы алпыс жаста ауылға асықты. Кіндік қаны тамған қасиетті мекеннің топырағына балаша аунағысы келді. «Ақындар ауылда туып, Астанада өледі» деп үлкен шығармашылық ортаға жылыстайтын еді, біздің әріптес ауылға ат басын бұрды. Өлеңдерінің басым бөлігі ауылға арналған ақын әріптесіміз мерейлі жасында туған жерінде шығармашылық кешін өткізіп, алғашқы жыр жинағының тұсауын кеспек.
Ол «Әйтеуір, ауыл жаққа асығамын» деп өлең жазды. Ол жай ғана өлең емес, өрнекті өмірдің көрінісін көрсетті.
Туған жердің ақ шаңы, шеңгелі мен жиденің гүлінің иісі мұрнын жарып, «Мен ауылды шексіз сүйем расы», «Балалық шаққа саяхат», «Шеңгеліңнің иісі–ай» деп толғанды. Әрбір өлеңі лирикаға негізделіп, көз алдыңызға ғаламат көрініс әкеледі. Бүгін біз ақынның бірнеше өлеңін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Редакциядан.
Балалық шаққа саяхат
Бауырларым, менің жан бауырларым,
Қандай жақсы жанымнан табылғаның.
Күн күмбезі көктемнің шуағындай,
Қыздырды өн бойымды жалындарың.
Сендерге арқа сүйеймін шыңға қарай,
Әрбіріңнің көзің – күн, тұлғаң – арай.
Бауырларым, байлығым өздеріңсің,
Өздеріңді тіл-көзден сақта Құдай!
Бала күннен баулыған барлығына,
Ризамын бала күнгі тағдырыма.
Желден, күннен қорғадың балапандай,
Үйреттіңдер тірліктің сан қырына.
Кесек тамда шүпірлеп өріп едік,
Құтты жерде өмірге келіп едік.
Есейіп ұшқанбыз біз ұямыздан,
Айырылмастай сол кезде болып едік.
Өмір бізді ағыспен лақтырды,
Алдымызда көптеген сынақ тұрды.
Ата-анамыз аттанып бақилыққа,
Саялы бәйтерек те құлап тынды.
Киіз үйде тізіліп жатушы едік,
Бал дәурен рахатқа батушы едік.
Тал түсте ойын қуып, су жағалап,
Көсік теріп, сан қырдан асушы едік.
Ыстық құм аяқты да күйдіретін,
Анамыз келіні де түйдіретін.
Күбіні де кезектеп пісуші едік,
Тезекті де аямай үйдіретін.
Тығылмақ, қуыспаққа ұласатын,
Ұлдар жағы күресіп, құласатын.
Қыздар жағы үй ойнап, күрке жасап,
Бір-бірінің хал-жайын сұрасатын.
Қой кезек те ұзамай келетін-ді,
Алдымыздан уақ мал өретін-ді.
Ол кезде қазіргіден заман басқа,
Қыздар жағы қой баға беретін-ді.
Еңбекке ерте баулыды расында,
Шыдадық небір дауыл, борасынға.
Тіземіз жараланса құмды сеуіп,
Қайта шауып кетуші-ек арасында.
Бау-бақша гүлстанға айналатын,
Көктемде егетін зат сайланатын.
Бақшаға көкөністі егіп тастап,
Анамыздың көңілі жайланатын.
Сары әңгелек мұрынды жарушы еді,
Әкем қолда таяғы барушы еді.
Пісуге жақын қалған қауындарды,
Пәлекпенен үстінен жабушы еді.
Анашым қызанақты баптаушы еді,
Сарайға жәшік-жәшік сақтаушы еді.
Көршілерге таратып арасында,
Көршілік парызын да ақтаушы еді.
Картопқа жаңа қора мекен еді,
Әкем, анам шаруаға бекем еді.
Тыным таппай жүретін күні-түні,
Балдарын да еңбекке жетеледі.
Анашым самаурынды қайнататын,
Ыстық нан дастарханды жайнататын.
Шүпірлеген бізге бір күлімсіреп,
Әкешім қақ төрге кеп жайғасатын.
Айтқан сөзін қалт етпей тыңдайтынбыз,
Ас қайтармай орыннан тұрмайтынбыз.
Бейсенбі күн құранын үзбеуші еді,
Сілтідей тыныштықты бұзбайтынбыз.
Уақыт жетегіне алды-дағы,
Әр жерге қонақтатты тағдыр әні.
Келмеске кетті солай бала ғұмыр,
Сарқылды балалықтың бал бұлағы.
Сол бақытты сәттерім алыстады,
Көз алдымда өткен күн таныс бәрі.
Жып-жылы боп жүректі жылытады,
Өзім тұрған шағын үй қоныстағы.
Мен ауылды шексіз сүйем расы…
Қаламымның ұшындағы сағыныш,
Сені аңсаумен оралыпты тағы қыс.
Армандарым жетелеген алысқа,
Туған жердің баурайына алып ұш.
Сонда анам кестелеген шәлісін,
Сонда ұққам өмірімнің мәнісін.
Құндақтапты анам мені сол жерде,
Сонда естіпті алғаш жүрек қағысын.
Бесік жырын анашыма жырлатып,
Төл тілімде ән естіппін түн қатып.
Ана тілдің уызына қану да,
Пешенеме бұйырыпты шын бақыт!
Қыратына, қырқасына шығыппын,
Қозы-лақпен бірге ойнап жүріппін.
Түнгі аспанда жарқыраған жұлдызбен,
Тілдесіппін сәулесіндей үміттің.
Бал дәуреннің балбыраған куәсі,
Өмірімнің ең қымбаты-ау сірәсі.
Жүрегімде шырағданым сөнбейтін,
Мен ауылды шексіз сүйем расы…
Әйтеуір, ауыл жаққа асығамын…
Қысы қатаң, жазы ыстық жел дейді ғой,
Сол самал жел жанымды тербейді ғой.
Бет қарыған аязы шынықтырып,
Жазғы аптабы отымен емдейді ғой.
Құрғақ дейді, тұз дейді, тізбелейді,
Тобықтан лай кешсек, бізге мейлі.
Жанымды аялайтын саябақты,
Жүрегім жат мекеннен іздемейді.
Қалайсың-ау табиғат жаңашасын,
Қызық көріп көңілің тау асасың.
Туған жердің төсінде бәсің биік,
Атамекен жұртыңмен тамашасың.
Көңіл шіркін кейде бір асқақтайды,
Қиял көгі шарықтап бос жатпайды.
Кіндік кескен мекенге тәу етпесең,
Денің сау болса-дағы ас батпайды.
Қысады өксік кеудеңді бұғақтайды,
Сағынышың жүректе шыдатпайды.
Бармасаң ауыл жаққа атойлатып,
Жақының да жаттай боп жырақтайды.
Сол үшін ауыл жаққа бару керек,
Көңіл тынып, рахат табу керек.
Мейір қанып иіскеп көк жусанын,
Ақсақалдың батасын алу керек.
Кешу үшін сусыған топырағын,
Көру үшін күрішті атырабын,
Балалық шағымменен қауышуға,
Әйтеуір, ауыл жаққа асығамын.
Өз елім
Өз елімнің кие тұзы, суы бал,
Қасіретіңді бұлағына жуып ал.
Тереңіне бойлау үшін ұлтымның,
Сен алдымен қазақ болып туып ал.
Мейлі болсын жазирасы, қоғалы,
Өзен, теңіз, хош иісті көгалы.
Шын ләззат гүлдегені шеңгелдің,
Құрғамасын қарт Аралдың жанары.
Сусыған құм табаныма жағады,
Туған елсіз менің жаным жаралы.
Жидесінің иісіне тояттап,
Жан дүнием бір рахат табады.
Құлыным да, тайлағым да әдемі,
Ұлымменен қатар өскен терегі.
Туған жердің ауасы да керемет,
Кіндік кескен жерім осы себебі.
Бал күнімнен балапандай баптаған,
Мұндай ешкім маған құшақ ашпаған.
Өз еліммен бағым менің бес елі,
Елім үшін, жерім үшін мақтанам.
Шарбы бұлттар төбемдегі тым ыстық,
Маң далада сары алтындай күріштік.
Көк шалғында бір аунасам сергимін,
Махаббатым бір өзіңе шын ыстық.
Қойнауыңда құдірет бар сезінем,
Кейде қарап ата-анамның көзімен.
Жылы-жылы естелікпен баураған,
Оттай ыстық махаббатты сезінем.
Тасың лағыл, құмың мамық мақтадай,
Бауырыңда өсіп-өндім бақ қалай.
Қасиетті отанымды бір Алла,
Соғыс пенен мың пәледен сақтағай.
Сыр шаһары Қызылорда – бас қалам
Сыр шаһары Қызылорда – бас қалам,
Алты алашқа тұғыр болған Астанам.
Сұлу Сырда ерке толқын сылаңдап,
Болашаққа жарқын қадам бастаған.
Зәулім үйлер бой түзеген сән құрып,
Бұрқақтары ару қыздай бал қылық.
Қызылорда – сүлейлердің мекені,
Қойнауы – жыр, арнасы – ән мәңгілік.
Көгінде – бұлт, жерінде – құт самғаған,
Ескерткіші хас батырын сомдаған.
Қызылордам – ақ маржанның Отаны,
Ардақтысың, аяулысың сен маған!
Көркіңменен, келбетіңде қыдыр бақ,
Зеңгір көкте жұлдыздарың жымыңдап.
Алтын нұрмен жазам сенің атыңды,
Бейбіт күннің биігіне тұғырлап!
Арман қала, асыл қала, бақ қала,
Күллі елге болған алғаш Астана.
Екі ғасыр шежіресін тұғырлап,
Ойып жазған атын алтын тақтаға!
Терең тарих қойнауымен сырласқан,
Жеңісіне куә болған нұрлы аспан,
Жаңа қоғам қолдауымен жаңарып,
Толағайлы табыстармен шыңды асқан.
Жасарған да, жайнаған да, жаңарған,
Орындалған сұлу сырда сан арман.
Көшелері қайта түлеп, жаңғырған,
Гүлзарлары хас сұлудай таранған.
Жарқырайды жастарының жанары,
Болашаққа еркін қанат қағады.
Желбіретіп тәуелсіз ел байрағын,
Сыр шаһары шеру тартып барады!
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!