Бүгінгі таңда әкелер белсенділігі артып келеді. Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мектепте өткен «Мерейлі отбасы» байқауында осыны аңғардық. Сайыс төріне шыққан бес отбасы бірі-бірінен асып түсердей өнерімен өрге бастады.
Бірінші бөлімде отбасылар өздерінің шеберліктеріне сай таныстыру жасады. Мұнан соң өнерлерімен сайысқа түсті. Ал үшінші кезеңде ұяшықтан сұрақтар таңдап, соған жауап берсе, төртінші кезеңде отбасының бір күнін бейнеролик арқылы көрсетті.
– Қазіргі таңда отбасында өзара келісім мен рухани сыйластықты нығайту маңызды болып отыр. Бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру үлкен мәселеге айналды. Бұл сайыстың ең басты мақсаты – ата-аналарды мектепке тарту. Біз үштік одақтың жұмысын жандандырғымыз келеді. Біздің ата-аналарымыздың белсенділігі қуантады, – деді мектеп директоры Айгүл Өткелбаева.
Сайыс қорытындысымен Әлшоразовтар отбасы бас бәйгені қанжығасына байласа, І орынның биігін Маратовтар отбасы бағындырды. Нұрмахановтар отбасы ІІ орынды еншілесе, ІІІ орынды Айбергеновтер отбасы мен Абасиловтар отбасы өзара бөлісті.
– Бұл сайыстың жеңімпаздары жан-жақты талап бойынша анықталды. Әрбір отбасында топты алға сүйреп жүрген бір-бір адамнан бар екен. Маған әсіресе, отбасындағы кішкентай өнерпаздардың өнерлері ұнады, – дейді қазылар алқасының мүшесі Қаламқас Каримова.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді дана халқымыз. Тағылымды тәрбиенің талбесігі отбасында қаланады. Осындай үлгі тұтарлық мерейлі отбасылар көбейе түссе, еліміздің іргесі сөгілмейтіні анық.
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!