Бейсенбі, 05 маусым, 05:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№41 -2154
03.06.2025
PDF мұрағаты

Әкем  қазақтың қара нары еді

03.06.2025

352 0

«Менің әкем, менің әкем ең жақсы адам..» деген ән айтылғанда еріксіз әкем ойыма ора­лады. «Бір әкенің берген тәлім-тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген тәмсілді өз басым құптаймын. Ғұмыры ғибратқа толы әкеміз  біз үшін асқар тау, ал кемелдігі шалқар теңіздей болды деп айта аламын. Буынымызды еңбекпен қатайтқан жанның өмірлік ұстанымы, ағайын-туысқа жанашырлығы, досқа адалдығы, кең пейілі, қолынан келген көмегін аямайтын жомарттығы перзенттерінің бойына дарыды деп ойлаймын.

Ол отбасының ғана емес, бір қауым елдің мүддесін қорғап, бүкіл сәулелі күндерін, жастық жалынын туған жерін көркейтуге, елдің дәулетін тасытуға, тығырықтан жол тауып, қиын­шылықты жеңуге арнады. Қиын кезеңде өмір сүргенін бала болсам да терең сезіндім. Елдің мұң-мұқтажын дастархан басында да сөз ететін. Шаршаса да егіс басында, атыз жағасында күнге күйіп, суыққа тоңып, қарапайым еңбек адамдарымен тілдесіп, қастарына барып, еркін әңгімелесетін. Техниканың да тілін білді. Ат үстінде суыт жүріп бейнеткеш диқан­дар­мен қоян қолтық жұмыс істеген кездері де болды. Менің қызметім жоғары деп каби­нетте отырған емес. Бала жанының бағбаны да бола білді. Қасымызға отырып, ақыл-кеңесін, өнегелі сөздерін айтып, біреудің ала жібін аттамауды, өтірік айтпауды, адал да, шын­шыл болуды үйретті. Ақыл парасатының, ұйымдастыру шеберлігінің, білімінің арқасында талай шыңды бағындырып, басшы­лық қызметтерде жүрді. Халық ол кісіні ауыл шаруашылығының көрнекті ұйымдас­тырушысы, партия-кеңес қызметкері ретінде еңбегін бағалап, Жалағаш ауданының құрметті азаматы атағын берді. Өмір жолына тоқталсам, әкеміз Әмірбек Әбекенов 1943 жылы Жалағаш ауданы, Мақпалкөл ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Қазалыдағы ауыл шаруашылығы техникумын, 1980 жылы Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Еңбек жолын туған жерінде қарапайым жұмыс­шы болып бастаған ол басшылық қызметте де абыройлы қызмет істеді. 1970-1980 жылдары халық депутаттары Калинин ауылдық кеңесінің хатшысы, төрағасы, 1980-1990 жылдары Жаңа­талап совхозы партия ұйымының хатшысы, директоры қызметін абыроймен атқарды.

Әкем Калинин ауылдық кеңесінің хатшысы болған жылдары ауыл спортының дамуына сүбелі үлес қосты. Алғаш рет ауыл балаларына еркін күрестен секция ашып, қалалық, аудан­аралық жарыстарға апарып, жүлделі орынға қол жеткізгенінен хабардармын. Мәселен, 1975 жылы облыс орталығында өткен аудан­аралық жарыстың грек-рим күресінде ауыл азаматы Аюп Мырзабаев 92 келі, Жарылқап Салманов 67 келі, Бакарадин Төремұратов 52 келі, Қартаңбай Арықов 52 келі, Субханберді Маханов, Алданазар Баймаханов 52 келі салмақта 2 орын иеленіп, жеңіс тұғырына көтерілсе, осы азаматтар ауыларалық қазақша күресте 1 орын алып, жеңімпаз атанып, Жаңаталап ауылының намысын қорғаған. Ауылдың қара домалақ балаларын да үлкен додаларға жетелеп, бойындағы талантын жан-жақты ашуды мақсат тұтқаны әкемнің көрегендігі деп білемін.

Жаңаталап совхозын басқарған жылдары совхоз ауыл шаруашылығының барлық сала­сы бойынша оң нәтижеге қол жеткізді. Сыр­дың басты дақылы күріштен мол өнім алды. Төрт түліктің саны өсіп, тұрғындардың әлеуеті арт­ты. 1990-1992 жылдары аудандық кеңестің атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1993 жылдары аудандық кеңестің төрағасы болды. Ал 1994-1998 жылдары аудан әкімінің орынбасары, 1998-2000 жылдары Жалағаш кенті әкімі қызметін абыройлы атқарды. 2000 жыл­ғы мамыр айында Алматы қаласына қоныс аударып, Қазақтың егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында қажырлы еңбек етіп, зейнетке шықты.

Адамдар мәңгілік емес. Біз де әкемізбен  2022 жылдың 7 қаңтарында қош айтыстық. Ол кісі кемеліне келген қарттықты бағындырып, 79 жасында дүниеден өтті. Алайда артында мәуелі бәйтеректей ұлағатты ұрпағы қалды. Әкеміздің өмірі балаларымен жалғасып жатыр.  Соған шүкіршілік жасап, қанағат етеміз. Өмір мектебінің үйретері көп қой. Етек-жеңін жинап ертеңіне ой жіберген жастың алдынан өз басым жақсы тәлімгер кездессе екен деп тілеймін. Даңғыл жолға түскен жолаушының адаспайтыны секілді жықпылы мен жырасы қатар кездесетін өмірдің кейбір соқпағында  жаныңа медет, рухани сүйеу болатын темір­қазық жандар қажет-ақ.

Өмірімде өзіндік өрнегін қалдырған, ақ парақтай әлеміме әдемі тәрбие суретін салған бір-бір әулеттің абыз ақсақалына айналған әкелеріміз жайлы қалам тербегенімде осы бір ұғым алдымнан шыға келеді. Қамшының сабын­дай ғана ғұмырда соңына мол іс-тәжірибе қалдырып, қара басының қамы емес, халқының қамын ойлаған әкелердің  тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей бермек. Сыр өңіріне танылып, өзіне лайық тұғырға көтерілген әкемнің өнегесі маған қырық жыл емес, ғұмырыма мәңгілік азық болды десем қателеспеймін. Ол кісі маған төрткүл дүниенің түп қазығы болды.

Әрине, әкем менің бағалауым мен мақтауыма мұқтаж емес. Артына қалдырған өнегелі рухани қазынасы мол, ата-бабадан зиялы, бекзат қасиетті бойына  сіңірген кемеліне келген текті әулеттен шыққан туымы бөлек тұлғалы жан. Әкем адамға көрсетілер құрмет пен күтімнің жөн-жобасын үйретті. Ойын баласына тән қате­лігімізді көзінің қырымен ұқтырып, сөзімен айналып отыратын. Бір сөзбен айтқанда, біз­дей бозөкпе бозбаладан қара нар сомдауға ұмтылды. Қазақы болмысымен, кәсібіне деген адал қалпымен өзі де қазақтың қара нары болған ақсақал ұрпағын да шаруаның көрігін қыздыруға машықтандырды. Аласапыран тір­ліктің көшінде барар бағытымнан, жүрер жолымнан жаңылмас үшін әкемнен қалған сәулелі ізге қарайлап жүремін. Зеңгір көктің темірқазығы түсінген пендесіне қалай көме­гін тигізсе, көңіл көкжиегіндегі менің темір­қазығым болған әкем де жүрер жолымды ай­қындап, бата беріп тұрғандай көрінеді. Сон­дықтан ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға мұра болған қазақы тәрбиенің алтын тінін үзіп алмасақ  өмір мұраты сол деп ойлаймын.

Әкеге арнау

Киелі Жалағашым, асыл жаның,

Ойыммен, жүрегіммен қасыңдамын.

Сол жерде  менің әкем қызмет етті,

Жайқалтып Жалағаштың жасыл бағын.

Жалағашта жоспар боп асқаралы,

Жерлестер де бірігіп, қостады оны.

Кіші Париж етем деп  Жалағашты,

Көтерді Қожахмет аға  бастаманы.

Тыным таппай іс бастап әкем енді,

Талай көше жүргізіп төтеледі.

Кент ішінен жап қазып, су жүргізіп,

Шаруаның көзін тауып жетеледі.

Жалағаштың жайсаңы бола білді,

Көңілін  көпшіліктің таба білді.

Жоққа сабыр, барына қанағат қып,

Ынтымақтың қазығын қаға білді.

Қорған боп анашымды аялады,

Ұрпағымен гүлденді саябағы.

Өсиетті қарт болды ғибратты,

Ел үшін күш-жігерін аямады.

Жүрсем де қоныс қылып тау етегін,

Әкемнің бейнесіне  тәу етемін.

Әр талын туған жердің аялаймын,

Қолының табы бар деп Әбекеңнің.

Жақсының жанына ел саялайды,

Құрмет пен сыйластығын аямайды.

Сіз еккен Жалағаштың саябағын,

Самал жел күні-түні аялайды.

Атыңды жайды еңбегің Сыр еліне,

Айналдың Жалағаштың тілегіне.

Немере, шөберелер өсіп-өніп,

Жасай бер ұрпағыңның жүрегінде.

Бектемір ӘБЕКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: