Газет жұмысы жан-жақтылықты қажет етеді. Әрі менеджер, әрі шығармашылық тұлға етіп қалыптасқан «Ақмешіт апталығы» газетінің түлектері қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүр. Солардың бірі – Нұржан Оспан.
Ол 1997-2005 жылдар аралығында алдымен коммерциялық бөлім меңгерушісі болса, кейіннен жауапты хатшылық қызметті атқарды. Бүгінде ол – «Qyzylorda» телеарнасының жарнама бөлімінің басшысы. Басылымда еңбек еткен жылдарды сағынышпен еске алған газеттің бұрынғы қызметкерімен Әділхан Бәйменнің туғанына 80 жыл толуы қарсаңында сұхбаттасудың сәті түскен еді…
– Әділхан Бәйменді ұлт руханиятына қомақты үлес қосқан қайраткер ретінде танимыз. Әрине, ел енді ғана етек-жеңін жиып келе жатқан шақта ұлтқа қызмет ететін тұңғыш тәуелсіз газетті ашу екінің бірінің жүрегі дауаламайтын іс еді…
Саланың ыстық-суығына төзіп, бірге еңбек еттіңіз. Сол күндерден есте қалған естеліктермен бөліссеңіз..
– Иә, дұрыс айтасыз. Ол бір қиын кезең болатын. Сананы тұрмыс билейтін өлара шақ еді. Соған қарамастан Әділхан ағамыз руханияттың қазанын қайнатты. Не деген жігер, не деген ерлік десеңші! Қазір осы жағдайдың бәрін ойлап, еске түсіріп, таң-тамаша боламын. Адамдар газет шығармақ түгіл, нан табудың қамымен жүрді. Біз Әділхан ағамыздан көп жақсы қасиетті үйрендік. Ол – адалдық, жанашырлық, мейірімділік, кешірімділік. Жылуы мен шапағатын сезіндік. Әкеміздей жанашыр болды. Бүкіл болмысымен өнерге, әдебиетке, мәдениетке жақын болды. Ұйымдастырушылық қабілеті өз алдына бөлек әңгіме.
– Сол кездегі газет шығарудағы қиындық көз алдыңыздан өтіп жатқан болар? Мүмкіндік аз екені айдан анық.
– Иә, ол кезде қазіргідей жаңа технология жоқ. Бәрін қолмен тереміз. Беттейміз. Әріптерді қорғасынмен құямыз. Құлатып алсақ қайта жасаймыз. Қолымыз қара май күйелеш-күйелеш болып жүрдік. Кейде таң атқанша отыратынбыз. Бартерге де жұмыс істедік. Газеттің 1-бетіне міндетті түрде шаруашылық басшыларын, беделді кісілерді шығардық. Ол кісілер газетті қаржылық жағынан қолдады. Тұңғыш тәуелсіз басылымның бірте-бірте беделі арта берді. Оқырман саны көбейді. Газеттің иммиджі өсе бастады. «Міне, еңбегіміз ақталып келеді. Шаршамайық, жігерлене түсейік» деп Әдекең дем беріп қояды. Ол кісі өмірі құлазу, кері кету дегенді білмейтін сергек кісі еді. Таң азанмен жүгіруді де әдетке айналдырды. Қиын кезеңде ұжымды соңынан ерте білу де шеберлік деп ойлаймын.
– «Қазақ тілі» қоғамы ашылғанын да естідік. Ол қалай құрылды?
– Әдекең ең алғаш «Қазақ тілі» қоғамын ашып, соны басқарды. Бұрынғы «Сыр бойы» газеті отырған ғимараттың 2-қабатында отырдық. «Кызылординскии вести» редакциясы да сол жерде болды. Содан кейін Әдекең қараусыз қалған БТИ-дың мекемесін алып, сонда көштік. Ғимаратқа күрделі жөндеу жасадық. Біз келгенде жағдайы өте нашар болды. Есік-терезе салдық. Төбесін өзіміз жаптық. Бірақ жаңбыр жауса төбемізден су тамшылайтын. Бір күні бір жерден Әдекең желім тапты. Дәу-дәу желім. Оның нені желімдеуге арналғанын білмеймін. Оны қыздырамыз, қыздырғанда иісі шығады. Техникалық мақсаттағы желім болу керек. Тұншығып жүретінбіз. 1999-2000 жылдары баспахана директоры Қуаныш Маханбетов деген кісі болды. Ол жекешелендіріп алды. Монополист еді. Бізде газеттің екі нөмірін шығаратын қаржыға Шымкенттен төрт нөмір шығардық. «Деловой мир», «Кызылорда таймс», «Ақмешіт ақшамын» да апарып бастырдым. Кейде қарызға бастырдық. Бағымызға қарай сол кезде қала әкімі Бақберген Досманбетов болды. Ол кісі журналистерге жақсы қамқорлық жасады. Бізге қала ішінде жолаушылар көлігінде жүретін тегін билет жасатып берді. Бұл үлкен қамқорлық екенін айту керек. Қазір де осы мәселе ескерілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі журналистер жиналысқа көп барады ғой. Міне, осындай қиын кезеңдерді Әдекеңмен бірге өткердік.
– Әділхан Бәймен негізін қалаған қазіргі «Ақмешіт апталығы» газетінің ұжымына айтар тілегіңіз…
– Сіздер Әділхан Бәймен ағамыз негізін қалаған басылымда еңбек етіп жатырсыздар. Тау тұлғаның мерейін көтеруде жасап жатқан еңбектеріңізге табыс, шығармашылық шабыт, асқақ абырой тілеймін.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!