Дүйсенбі, 25 қараша, 04:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Әкемнің үш ақылы

10.09.2024

361 0

Таң қылаң бере тірлікке кірісеміз. Әкемнің ыңыранған газигінің рөліне отырғанын анамнан бастап, үйдің кішісі маған дейін тағатсыздана тосамыз. Ауыл іргесіндегі Құлболды Ишан мазары­ның түбіндегі канал жиегінен ашылған бақшалықта маңдай терімізді төгеміз. Жыл сайынғы көктемгі қарбалас осында өтеді. Одан кейін күздегі өнім жинауға дейінгі қызмет – менің мойнымда.

– Балам, – деді бірде әкем көліктен түсіп жатып. – Сен өзіңнің бүгінгі межеңді байқадың ба?

– Әрине, әке. Алдымен үлкен каналдан су жығамын. Ол мына кіші арыққа толамын дегенше, картопты отаймын. Одан кейінгісін уақыт көр­сетер. Бірақ күнделікті күйбеңім бас­талды ғой, – дедім бұртиып.

Сондағым Пәшен апамның немересі Сейдахмет пен Әлди көкемнің баласы Ержанға еріп, доп теппегенім. Таң азаннан қара кешке дейін қара сирақ болып, су кешіп балық аулағаным. Соған ренжіңкіреген түрім… Әкем жай ғана жымиды.

– Ертең өлемін деп, бүгін өмір сүр. Менің саған айтар бар ақылым – осы. Ойнап та, тойлап та үлгересің, – деді.

Оның болмысы солай. Бала көріп, еркелетіп, балаша сөйлемейтін. Қалай бар, солай айтады. Жасы қырықтан асқанда өмірге келген кенже қызынан басқаға мейірленгенін байқамаппын. Әкемнен түйген бірінші ақылым осы еді…

Сол күні кеш батқанша қыруар шаруаны атқарып тастадым. Үйде үлкен көлік болса да, бақшалықтың жанындағы бульдозермен аударып тас­та­ған жыңғылдың томарын арбаға салып, соны сүйреп қайттым. Оның үстіне сәл де болса, үйдегілерге қызанақ-қияр, әңгелек ала барамын. Енді пісіп жатқан кезі ғой…

– Шаруаң қалай, балам? – деді савхоздың демалыссыз жұмысынан енді кеп жатқан әкем керзі етік пен шылғауын іргеге қойып жатып.

Ал мен бір күнгі шаруаны тізбектеп, қалай қылғанымды, не істегенімді жаз­бай айтып бердім. Ол болса, үнсіз тыңдап алды да, келесі тапсырмаларын жүктей түсті.

– Балам, картоптың сабағы ұзын екен. Бойына кеткен тәрізді. Енді соның бір қарысын ғана қалдырып, қалғанын қырқып таста. Оны болған соң арықтың түбінен топырақ алып, картоптың түбін көм. Осы еңбегің ертең қыстай азық болады, – деді.

«Әкенің сөзі – оқ» деп үйреткен шешеміздің бағытымен ләпбай дедім де, әрі қарайғы шаруаны күйттеп, ер­теңге жоспарымды құра бастадым. «Ертең өлем деп, бүгін өмір сүр» деген алғашқы ақылы не істесең де, маңдай теріңнің, еңбегіңнің жемісін жейсіңмен ұштаса кетті. Абай тәрізді «Еңбек етсең, емерсің» деген жоқ, оны жай ғана тапсырмасымен көрсетті. Бұл – менің алған екінші ақылым.

Осылайша бір ғана маусымда бақ­шаның қыр-сырын әкем алыста жүріп-ақ үйретті. Өзі жұмыста болғанымен тапсырманы береді, мен тап-тұйнақтай орындаймын. Күндердің күнінде бақ­шалықтағы қауын-қарбыз пісіп, аға бастады. Күнделікті апарған төрт-бес қауынымды да үй жақтағы балалар жей­ді. Ал әкем олардың жегеніне мәз. Бірде бірнеше шақырымнан мойынға салып, арқалап келетін қауынның бірде-бірін өздері кесіп жемейтініне шағым айттым.

– Әке, мен сіздер жесін деп арқалап келемін. Ал сіз оны таратып жібересіз. Тым құрыса, дәмін татпадыңыздар. Ал балалар жегісі келсе, ертең бақшалыққа алып кетейін. Қалағанын жұлып жейді, – дедім ашулы кейіппен.

Ол бетіме қарап, жымиып тұрып:

– Кең болсаң, кем болмайсың, балам. Сен қапа болма, – деді.

Бұл – әкеден түйген үшінші ақылым. Маған өмірлік азық болып, әркез алдымнан шығып келеді. Кейде біреуге көмектесіп жіберсең, өзіңнің несібеңнің қалай артқанын білмей қаласың?! Ал кейде бақай есепке жүгініп кетсең, өзің опық жейсің. Ал маңдайың терлемей тапқан пайдаңның қайда кеткенін өзің де білмей қаласың.

Әкемнің ақылын алып, өмірдің мек­тебінен де көп нәрсе үйреніп келемін. Ойымда өлең өрби түсті, ал мен қалам алып, қағазға түсірдім.

Еңбектен де қайтпайтын, шаршамайтын,

Өзінде жоқ нәрсені аңсамайтын.

Қарапайым, еңбектің адамы еді…

Қолынан кетпенін еш тастамайтын.

Еңбектің иісі аңқитын жейдесінен,

Төгіліп тұратын-ды бар несібем.

Әкеме ұқсап, кей-кейде тер төгемін,

Қалғым келмей заманның тар көшінен.

Мен үшін ғұлама еді, ой данышпан,

Талай сөзі қалыпты ойдан ұшқан.

Әкемнің кетпені де тат басыпты,

Шығып қапты жарықтық қолданыстан.

Шығардым да тасадан қайрап алдым,

Сәл ұшқыны мазалап бойдағы ардың.

Қалам ұстап жүріппін көп уақыт,

Кетпен ұстау керегін ойламадым.

Толғауы тоқсан тіршіліктегі өмір мектебі ешқашан үйретерін тоқтатқан емес. Кейде ақыл сұрайтын жан таппай, көкке қараймын. Бәлкім, тағы бір тап­сырмаларымен мені шыңдай түсер ме?! Кім білсін?!

Дәулет ҚЫРДАН  

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: