Бұл – облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасы. Жылу маусымына дайындық басталып кетті. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында қысқа дайындық мәселесі қаралды.
– Жылу беру маусымына әзірлік Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тікелей бақылауында тұр. Биыл жылу көздері мен желілерін жаңғыртуға республикалық және жергілікті бюджеттен 12 млрд теңге қаржы бөлінді. Осы қаржыны тиімді игеріп, жұмысты уақытылы және сапалы жүргізу қажет. Нысандардың барлығы 1 қазанда дайын болуы керек. Облыс тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етудегі түйткілдер де түгелімен шешім тауып, алдағы жылу беру маусымында ешқандай мәселе туындамауы тиіс, – деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.
Сондай-ақ мәжілісте қала және аудан әкімдеріне тұрғындарға қажетті көмір қорын жасақтау тапсырылды. Алайда бүгінгі күнге теміржол арқылы жеткізілген көмірдің көлемі жеткіліксіз. Аудан әкімдері операторлармен, «Қазақстан Темір жолымен» тығыз жұмыс істеуі қажет.
Осыған дейін коммуналдық мекеме басшыларына қарыздарды толық өтеу ескертілген болатын. Дегенмен, бүгінде ЖЭО-ның «ҚазақГаз» алдындағы қарызы 38 млн теңгеге жеткен, ал КРЭК-тің ЖЭО-ға берешегі – 521 млн теңге. «Энергосервис» КРЭК-ке 138 млн теңге, «Қызылорда су жүйесі» ЖЭО-ға 137 млн теңге, КРЭК-ке 87 млн теңге, «Энергосервиске» 185 млн теңге қарыз екені белгілі болды.
Аталған мекеме басшыларына коммуналдық қарыздарды қысқа мерзімде толық өтеу міндеті қойылды. Бұл аймақ басшысының басты назарында болады.
Теміржол вокзалы – аймақ айнасы
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиында келесі талқыланған мәселе – теміржол вокзалдарындағы тазалық, көркейту бағыты.
Аймақ басшысы теміржол вокзалының сырт келбетіне, ондағы жолаушыларға жасалған жағдайға қарап, өңір имиджі қалыптасатынын атап өтіп, нысан аумағында тазалық сақталмайтынын қатаң сынға алды.
– Өткен жылы Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалының ескі ғимаратына «Қазақстан Темір жолы» компаниясының, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 577 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Жұмыс аяқталғаннан кейін вокзалға барып, тазалыққа байланысты ескерту жасап, бірнеше тапсырма бердім. Алайда бұл тапсырмалар әлі күнге дейін толық орындалды. Қала әкімдігі сол аумақты абаттандырып, төсеніш тас төседі. Екі жолаушылар платформасы жаңадан асфальтталып, жарықшамдар орнатылды. Жөндеу жұмыстары өткен жылы ғана жүргізілгенімен, брусчаткалардың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Құрылысқа пайдаланылған заттар жиналмаған. Маңайындағы дүңгіршіктерді перроннан түсіріп, төменге орналастыруды тапсырғанмын. Бірақ дүңгіршіктер әлі күнге нысанның көркін бұзуда.
Вокзал – қаланың, аймақтың айнасы. Өйткені келген қонақтар да, инвесторлар да алдымен теміржол вокзалымен танысады. Әрлі-берлі өткен жолаушылардың да вокзалдағы тәртіп пен тазалыққа қарап Қызылорда туралы пікірі қалыптасатыны белгілі, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімі теміржол вокзалы аумақтарын ретке келтіруді, тазалық жұмыстарын күнделікті жүргізуді талап етті. Мұнан бөлек, вокзалдың сыртқы келбеті ғана емес, жолаушыларға қызмет көрсетуі де мінсіз болуы қажеттігін қаперге салды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!