Кеше Астанада ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, ауылды өркендету, ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру міндеттерін айқындады. Cондай-ақ еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелеріне тоқталды.
– Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері осы жерге арнайы шақырылды. Ауыл әкімдерінің басым көпшілігі, яғни 80 пайызы осында. Жалпы, осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отырмыз. Шын мәнінде, тақырып – өте өзекті. Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше. Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетелік, бүгінгі күнге дейін елімізде 2334 ауыл әкімі сайланған. Нәтиже жаман емес. Ел ішінде жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша ауыл тұрғындарының 84 пайызы өз әкімдеріне сенетінін білдірген. Ауылды дамытуға бөлінген қаражат та тиімді игеріле бастады. Ең бастысы, ауылдың кірісі көбейді. Жиында ел Президенті алғашқы Жарлығы да ауылды дамытуға арналғанын атап өтті.

– Ауыл – төл өркениетіміздің алтын қазығы. Ауылды өркендету – баршаға ортақ парыз. Мемлекет бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайды. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылы халыққа ұсынған сайлау алдындағы бағдарламада ауыл мәселесіне айрықша назар аудардым. Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі таңда осы құжатқа сай нақты жұмыс атқарылып жатыр. Жуырда ғана Ауыл еңбеккерлерінің екінші форумын өткізіп, осы саладағы өзекті мәселелерді қарадық. Ал бүгін ауыл-аймақтардың даму бағдарын айқындаймыз. Бұл – мемлекеттің алдында тұрған стратегиялық міндеттің бірі, – деді ел Президенті.
Ауыл әкімдерінің басын қосқан жиында ауылдардағы оң өзгерістер де атап айтылды. Мемлекет басшысы атап айтқандай, 2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. Сондай-ақ 388 жаңа мектеп ашылды. Былтыр 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет берілді. Жыл өткен сайын ауылдың әлеуеті артып келеді. Өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жоғары ауылдардың саны көбейе түсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алты жылда 1,5 еседен астам өсіп, 8,3 триллион теңгеге жетті. Биыл ауылдағы шаруаларға 1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Жиында атап айтылғандай, алда биік мақсат бар, ол ауылдағы жағдайды жақсартып, жұмысты күшейту керек. Сондай-ақ әкімдерге артылар жауапкершілік те аз емес. Бұл туралы газеттің келесі санында кеңінен жазамыз.
Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!