Шет тілін меңгеру – заман талабы. Әсіресе, балалардың тіл үйренуге деген ұмтылысы болашағына жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. Талапты жастардың бірі – «Зерде» интеллектуалды мектебінің 7-сынып оқушысы Айдана Сейтқали.
– Ағылшын тіліне деген қызығушылығым бала күнімнен басталды. Әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүретін адамдармен еркін сөйлесе алсам деген ой тіл үйренуге жетеледі. Сол арман бүгінде нақты мақсатқа айналды, – дейді Айдана Серікқызы.
Айдананың айтуынша, шетел тілін терең меңгеруге итермелеген негізгі себеп – болашақта саяхаттап, әлемді аралау, өзге елдің өмір салтымен танысу.
– Мен болашақта шетелге сапарлап, сол елдің тұрғындарымен тікелей сөйлескім келеді. Аудармашыны қажет етпей, өз ойымды еркін жеткізе алсам деймін. Сол мақсат мені тіл үйренуге ынталандырды. Сондай-ақ шетелде оқығым келеді, – дейді ол.
Қазір Айдана ағылшын тілінің «Intermediate» деңгейін аяқтауға жақын. Бұл – бірнеше жылдық еңбектің нәтижесі. Айдана ағылшын тілін меңгеруде ұстазының еңбегін атап айтты.
– Айгүл апай – менің ең басты қолдаушым. Біз күн сайын тапсырма орындап, ағылшын тілінде сөйлесеміз. Тіл үйрену барысында сөздік қорының аздығы мен грамматика қиындау болды, бірақ үздіксіз оқу мен тәжірибе бұл кедергілерді жеңуге көмектесті, – дейді Айдана.
Айдананың айтуынша, тіл үйрену мен үздіксіз ізденістің нәтижесі де жоқ емес. Қалалық пәндік олимпиададан «Ағылшын тілі» пәні бойынша – 2-орын, «АБАЙ» пәндік олимпиадасының облыстық кезеңінде 2-орын иеленген.
– Тіл үйрену үшін арман-мақсатың айқын болған жөн. Бұл қиындықты жеңуге көмектеседі. Тіл меңгеруде ешқашан ерінбеу керек. Тіл үйрену – бір күндік іс емес, бірақ әр күнің нәтижелі болса, көп ұзамай жетістікке жетесің. Әрине, кейде шаршайсың, кейде түсінбей қаласың, бірақ тоқтамау керек. Күн сайын кішкентай қадам болса да жасаған жөн. Ең бастысы, жалқаулықты жеңу, – дейді Айдана.
София ХАЙРУЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!