Сенбі, 27 желтоқсан, 01:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№99, (2211)
27.12.2025
PDF мұрағаты

Әлемді бағындырғым келеді

27.12.2025

31 0

Жақында Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Халықаралық «Jas juldyz» өнер байқауында дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келген талантты өнерпаздар бас қосты. Дүбірлі додаға қазақ өнерінің мерейін асырып, өңірдің абыройын биікке көтерген жас домбырашы  №222 Тұрар Рысқұлов атындағы қазақ орта мектебінің 9 «В» сынып оқушысы, Достық үйі жанындағы домбыра үйірмесінің мүшесі Ақберген Серікбай. Оннан аса мемлекеттен келген үміткерлер арасынан озып шығып, бас жүлдені жеңіп алды.

Бұл жеңіс кездейсоқ жетістік емес. Бұл – маңдай тердің, талмай еңбектенудің, ұдайы ізденістің, ең бастысы, өнерге деген шынайы махаббат пен жауапкершіліктің нәтижесі.

– Бірде мектептегі іс-шарада балалар домбыра тартқанда қатты қызықтым. Сол күннен бастап домбыра тартуды қолға алдым, – дейді Ақберген Серікбай.

Байқауға дайындық кезеңі де жауапты әрі маңызды болды. Жас өнерпаз бұл жолы көпшілік сүйіп тыңдайтын, орындауы күрделі әрі әсерлі шығармалардың бірі «Терісқақпай» күйін таңдапты.

– Бұл жүректі жігерлендіретін шығар­ма. Тыңдаушыны еріксіз баурап алады. Сол себепті осы күйді орындауды жөн көрдім, – дейді ол.

Әлемді бағындырғым келеді

Шетел сахнасында өнер көрсету – кез келген жас өнерпаз үшін үлкен сын. Әсіресе әлемнің әр түкпірінен келген мықтылар арасында өз орныңды дәлелдеу оңай емес. Соған қарамастан Ақберген үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, бабында өнер көрсете білді.

– Шетел сахнасына шығу – үлкен жауапкершілік. Бұл менің шетелдік байқауға екінші рет қатысуым. Әдепкіде қобалжу болды. Бірақ өзімді қолға алып, бар күш-жігерімді салдым. Нәтижесінде ең жоғары көрсеткіш көрсете алдым. Мен үшін бұл үлкен тәжірибе, – дейді жас домбырашы.

Әрбір талантты шәкірттің артында оны қолдап, бағыт-бағдар беріп, сенім артқан ұстаз тұрады. Ақбергеннің жетістікке жетуіне домбыра үйір­ме­сінің жетекшісі Бақдәулет Бақтыбай­ұлының де еңбегі зор.

– Ұстазым маған әрдайым қолдау көр­сетіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Алға ұмтылуға жігерлендіреді. Мен ұстазыммен мақтанамын, – дейді Ақберген.

Дайындық барысында да жас орын­даушы табандылық танытып, аз уақыт ішінде күйді толық меңгерген.

– Бір айдың ішінде шығарманы толық меңгеріп, жоғары деңгейде орындай алдым. Бұл ең алдымен еңбектің, тәртіп пен шыдамдылықтың арқасы, – дейді ол.

Ақберген домбыраны жай ғана аспап емес, ұлт рухын көтеретін киелі мұра деп біледі.

– Домбыра – ата-бабамыздан қалған асыл қазына. Оның қоңыр үні жас ұрпақтың жүрегіне рух беріп, отансүйгіштікке жетелейді деп ойлаймын. Сондықтан домбыраның бүгінгі жастар үшін маңызы өте зор, – дейді жас талант.

Әлемді бағындырғым келеді

Өнер жолында талай белесті бағын­дыруды көздейтін Ақбергеннің арманы асқақ.

– Болашақта консерваторияға түсіп, үлкен оркестр құрамында өнер көрсетсем деймін. Әлемді аралап, домбырамен шетел­ді бағындырғым келеді. Менің мақсатым – қазақтың қара домбырасын әлемге таныту. Өнер жолын таңдаған адам шынайы болуы керек. Өмір мәңгі емес, ал өнер – мәңгі. Сондықтан өнерді қадірлеу керек. Ең бастысы, еңбектену, сену және ешқашан берілмеу, – дейді Серікбай Ақберген.

Жас домбырашының үлкен додадағы жарқын жеңісі оның талабы мен табандылығының айқын дәлелі. Бүгінгі жеңіс сол биіктерге бастайтын сенімді қадам. Ұлттық өнерді серік еткен Ақбергеннің таланты мен жігері қазақ домбырасын әлі талай төрге шығаратынына сенім мол.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: