Біз таңнан кешке дейін цифрлық кеңістіктеміз. Таңертең ұйқыдан ояна сала қолымызға ұялы телефон аламыз, интернетке қосылып жаңалық оқимыз, банк қосымшасы арқылы төлем жасаймыз, eGov порталынан қызмет аламыз, әлеуметтік желіде ой бөлісеміз. Бір сәтке тоқтап ойланайықшы, осының бәрінде қанша жеке мәліметімізді қалдырып жүрміз? Біздің аты-жөніміз, мекенжайымыз, телефон нөмірі, тіпті қаржылық тарихымыз бәрі виртуалды жүйелерде сақтаулы.
Сол құнды деректеріміз бір күнде бөтен қолда кетіп, ашық кеңістікке шығып кетсе не болар екен? Бөтен адам сіздің атыңыздан несие рәсімдеп жатса, не болмаса алаяқ жеке ақпаратыңызды өз мақсатына пайдаланса, бұған қарсы не істей алар едік? Өкінішке қарай, мұндай қауіп қазір ойдан шығарылған нәрсе емес, нақты шындыққа айналды. Әлемнің түкпір-түкпірінде миллиардтаған адамның жеке мәлімет интернетте жарияланып, киберқылмыскерлер үшін ең қымбат «тауардың» бірі болып отыр. Әлемдік статистика жыл сайын өсіп келеді, Қазақстан да бұл үрдістен қалыс қалған жоқ. Жуырда 16 миллион қазақстандықтың жеке дерегі сыртқа шығып кетуі осының айқын дәлелі. Жеке деректеріміз неге жиі ұрланады? Ең құпия мәліметтеріміз хакерлердің қолына қалай түседі? Ең бастысы, өзімізді қалай қорғай аламыз? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Жеке дерек «жаңа мұнай» іспетті
Цифрландыру дәуірінде миллиондардың жеке мәліметті ұрланып, интернетте тарап кетуі өкінішке қарай, үйреншікті құбылысқа айналды. Әлем бойынша деректердің сыртқа шығуы жыл сайын рекордтық деңгейге жетіп отыр. Мәселен, «titanhq.com» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылы әлемде 8,2 миллиардтан астам жеке дерек жазбасы қолды болған екен, бұл жер бетіндегі әр адамға бір-бір жазбадан келеді деген сөз. Бұған қоса, сол жылы жария етілген дербес мәліметтердің жалпы саны 2022 жылмен салыстырғанда шамамен 78%-ға артқан (3 205 инцидентте 353 миллионнан аса адам зардап шеккен). Бұл статистика жаһандық киберқылмыскерлердің белсенділігі артып, жеке ақпаратты қорғау қиынға соғып жатқанын көрсетеді. Әлемде соңғы онжылдықта жеке деректердің ірі көлемде ұрланған оқиғалары жиілеп кетті. «Сybersecurityventures.com» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, «Yahoo» компаниясы тарихтағы ең ірі дерекқор ұрлау оқиғасына ұшырап, 2013 жылы 3 миллиард пайдаланушысының аккаунт мәліметтері хакерлер қолына түсті. 2017 жылы АҚШ-тағы «Equifax» кредиттік бюросы 147 миллион адамның әлеуметтік сақтандыру нөмірлері, туған күндері сынды құпия ақпаратын жоғалтты, нәтижесінде компания кемінде 575 миллион АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлеуге келісті. 2021 жылы «Facebook» желісінде де 533 миллион адамның туралы жеке мәліметтері, оның ішінде телефон нөмірлері, электронды пошталар интернетте жарияланып кетті. Сондай-ақ халықаралық деңгейде «British Airways» авиакомпаниясының 2018 жылғы деректер бұзылғаны үшін Ұлыбритания билігі 183 миллион фунт (шамамен $230 млн) айыппұл салғаны белгілі. Жеке сектордан бөлек, мемлекеттік органдар да нысанаға алынып жүр, Еуропалық Кеңестің дерегінше, ЕО елдерінде ай сайын 10 терабайт дерек ұрланып отырады. Яғни, цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздіктің әлсіздігі әлемдік ауқымда барлық елдерге ортақ мәселе.

Жеке деректердің сыртқа тарауы нендей қауіпті?
Мұндай ақпарат қылмыскерлердің қолына түскен жағдайда қаржылық алаяқтық, банк шоттарын бұзу, жалған құжат жасау, фишингтік шабуыл сияқты түрлі заңсыз әрекеттерге жол ашылады. Мысалы, ұрланған деректерден алаяқтар адамның толық аты-жөнін, ЖСН, байланыс нөмірін біліп алып, банк қызметкері ретінде қоңырау шалуы немесе кредит рәсімдеуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда дербес ақпарат «жаңа мұнай» іспетті өте құнды ресурсқа айналды, оны заңсыз жолмен иемденгендер қара базарда сатып, пайдаланып, пайда табады. Сондықтан дүние жүзі бойынша әр ел, компания цифрлық қауіпсіздікті күшейтуге миллиардтаған қаржы жұмсап жатса да, мәліметтердің сыртқа шығып кету қатері тоқталар емес.
Биылғы маусым айында интернетте қазақстандықтардың жеке деректері бар аса ірі дерекқор ашық таралып кеткені анықталды. Атап айтқанда, ашық желіге 16,3 миллион жазба жүктелгені хабарланды, бұл Қазақстан халқының басым бөлігінің дерегі деген сөз. Азаматтардың аты-жөні, туған күні, ЖСН, тұрғылықты мекенжайы, ол мекенжайға қоныстанған жылы, байланыс телефон нөмірлері, жынысы, азаматтығы, ұлты және басқа да жеке сипаттамалары бар екені белгілі болды. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың толық анкеталық мәліметтері қолды болып, интернетке шығып кеткен.
Бұл оқиғаны «SecuriXy.kz» атты Telegram арнасы және Кибершабуылды талдау және тергеу орталығы (ЦАРКА) мамандары мәлімдеді. ЦАРКА президенті Олжас Сәтиев мұндай ауқымды дерек таралу фактісі болғанын растады және оны «өте ауқымды оқиға» деп бағалап, мемлекеттік органдар бұл істі мұқият тергеп жатқанын айтты. Оның сөзінше, 16 миллионнан астам адамның мәліметі тараған мұндай жағдай киберқауіпсіздік саласындағы бұрын-соңды болмаған оқыс жағдайлардың бірі. Халықтың шамамен 70%-ының дерегі қолды болғандықтан, бұл қазақстандықтардың цифрлық қауіпсіздігіне үлкен соққы.
Ресми органдар бірден іске кірісті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (МЦРИАП) 16 маусым күні түскен ақпарат бойынша тексеру басталғанын мәлімдеді. Министрліктің дерегінше, ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау органдарымен бірлесіп, тарап кеткен деректердің қайдан шыққанын және қаншалықты өзекті екенін анықтау үстінде. Алдын ала талдау нәтижелері «мәліметтердің жеке меншік ақпараттық жүйелерден шығуы мүмкін екенін, мемлекеттік дерекқорларға сыртқы шабуыл болмағанын» көрсетті деп хабарланды. Яғни, хакерлік шабуыл арқылы үкіметтің деректер базасын бұзу фактілері тіркелмеген, ақпарат мемлекеттік емес мекемелердің қолындағы базадан тараған деген болжам бар. Шынында да, шілде айында жүргізілген тергеу нәтижесінде премьер-министр Олжас Бектенов базаға қатысты деректердің 2022 жылғы мәліметтер екенін және алдын ала қорытынды бойынша, ақпарат медицина ұйымдарынан таралғаны ықтимал екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, кейбір жеке медициналық мекемелер мемлекеттік деректер базасына қол жеткізе отырып, сол деректердің сақталуын тиісті деңгейде қамтамасыз етпеген болуы мүмкін. Осы нұсқа бойынша тергеу жалғасуда, және үкімет кінәлі тұлғаны анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тартуға уәде берді. Іс бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізуде.
Деректердің мұншалық кең көлемде таралуы қазақстандықтарды алаңдатып, наразылық туғызды. 16 миллион адамның жеке ақпараты – іс жүзінде әрбір ересек қазақстандықтың деректері деген сөз. Әлеуметтік желілерде көпшілік өз мәліметтерінің қауіпсіздігіне күмән келтіріп, деректердің қалай және кімнің кінәсінен шығып кеткенін қызу талқылады. Министрлік мұндай жағдайдың бірінші рет емес екенін атап өтті: бұған дейін де біраз жеке деректердің интернетке шығып кеткен оқиғалары болғанын еске салды. Мысалы, 2019 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет аса ірі деректер таралуы тіркеліп, 12 миллионға жуық адамның толық аты-жөні мен тұрғылықты жері көрсетілген мәліметтері ғаламторда жария болған еді. 2021 жылы жаһандық «Facebook» деректерінің жылыстауы кезінде 3 миллионнан астам қазақстандықтың жеке мәліметтері (Facebook-тегі аккаунттарға қатысты деректер) қолды болғаны белгілі. 2024 жылдың басында да бірқатар микронесиелік ұйымдар мен қызмет көрсетушілер базаларынан деректер шығып кеткен жағдайлар тіркелген. Айталық, 2024 жылдың көктемінде белгілі «Zaimer.kz» микроқаржы ұйымы 2 миллион клиентінің дерегін жоғалтып алғанын хабарлады. Яғни, қазіргі оқиға сол тізбектегі ең соңы әрі ең ауқымдысы ғана. Сарапшылардың пікірінше, бұл індеттің түп-төркіні жеке сектордың ақпараттық қауіпсіздікке салғырт қарауы мен пайдаланушылар деректерін тиісті деңгейде қорғамауы.
Таралған деректер арасында азаматтардың жеке мәліметтері болғандықтан, қолдан жасалған құжаттар, алаяқтық қоңырауға пайдалану қаупі зор. Мысалы, қазақстандықтар соңғы жылдары белгісіз нөмірлерден жиі қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтардың әрекетіне шағымданып жүр. Мұндай қоңыраулар мен SMS хабарламалардың жиілеуі көбіне алдын ала таралған деректердің нәтижесі екені жасырын емес. Осы 16 миллион жеке деректің таралуынан кейін де мамандар азаматтарды сақ болуға, жеке деректерін қорғауға қатысты ұсыныстарды күшейтті. Мемлекет тарапынан да шұғыл шаралар қарастырылды. МЦРИАП деректері тараған азаматтардың әрқайсысына eGov порталындағы жеке кабинет арқылы хабарлама жіберілетінін айтты. Яғни, кімнің дерегі сыртқа шыққаны анықталса, ол адам электрондық үкіметке кіргенде ескерту алады. Бұл – халыққа өз мәліметінің қауіпті аймақта екенін біліп, тиісті сақтық шараларын қабылдауға мүмкіндік беру үшін жасалған қадам.
eGov және цифрлық платформаларда жеке мәліметтерді қорғау жолдары
Жеке деректердің таралу оқиғасы азаматтарға өз мәліметтерін онлайн жүйелерде қорғаудың маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетуде. Қазақстанда халық көптеген мемлекеттік қызметті eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы алады, жеке кабинеттерінде құжаттарын сақтайды. Сондықтан ең алдымен, eGov пен басқа цифрлық платформаларды пайдалануда қарапайым сақтық ережелерін қаперде ұстау керек. Мысалы, электрондық цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) – eGov қызметтеріне қол жеткізудің кілті. Киберқауіпсіздік мамандары ЭЦҚ кілтін ешкімге, тіпті жақын туысқа да беруге болмайтынын ескертеді, себебі ол қолды болса, бөтен адам сіздің атыңыздан түрлі әрекеттер жасап, құжаттарға қол жеткізуі мүмкін. Сол сияқты eGov порталына кірерде логин мен құпиясөзді қауіпсіз сақтау, SMS немесе биометрия арқылы қосымша растау механизмдерін қолдану маңызды. Қазір eGov жүйесінде авторизация кезінде азаматтарға ЖСН мен құпиясөзден бөлек, ұялы телефонға SMS код жіберу қарастырылған – осындай мүмкіндіктерді міндетті түрде пайдалану керек.
Электронды қызметтерді қолданғанда ең көп кездесетін қауіптің бірі – фишингтік сайттар мен жалған қосымшалар. Сондықтан ресми сайттардың мекенжайын мұқият тексеріп, тек солар арқылы кіру қажет. eGov.kz порталының жалған баламасы да кездескен жайт болды, сол үшін браузердің мекенжай жолына көңіл бөліп, сертификаттың түпнұсқалығын (https қауіпсіздік белгішесі) қараған жөн. Жеке мәліметтерді талап ететін хаттарға, SMS-терге, әлеуметтік желідегі күмәнді сілтемелерге өтіп кетпеу керек, көптеген алаяқтық схемалар азаматтардың аңғалдығын пайдаланатыны белгілі. Мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері құпия ақпаратты телефон арқылы сұратпайтынын еске ұстаған жөн. Егер сізге телефон арқылы ЖСН, банк картасының нөмірі, бір реттік SMS код сияқты деректерді айтуды өтінсе, ол алаяқ болуы әбден мүмкін.
Электрондық үкіметпен қоса, қазақстандықтар күнделікті банктердің мобильді қосымшаларын, онлайн сауда платформаларын, әлеуметтік желілерді кеңінен пайдаланады. Бұл платформаларда да жеке ақпаратты сақтау ережелері бірдей: күрделі құпиясөздер пайдалану, әр сервис үшін әртүрлі құпиясөз орнату, мүмкіндігінше барлық аккаунттарға 2 факторлы аутентификация қосу, құпиясөзді браузерде немесе бөтен қосымшада сақтамау сияқты қағидалар – кибергигиенаның негізі болып табылады. Сонымен бірге әлеуметтік желілерде өзіңіз туралы артық мәлімет жарияламауға тырысыңыз: ашық профильде тұрғылықты мекенжай, телефон нөмірі, жеке құжаттар фотосы сияқты деректерді көрсетпеу ұсынылады. Интернетте «бір ақпарат – бір адам» деген ұстаным бар, яғни интернетке шығарған әр ақпаратыңыз өзіңіз туралы хакерлерге болмашы да болсын, мәлімет береді, оны кейін сізге қарсы пайдалануы мүмкін. Сондықтан жария ақпарат көлемін шектеу – өз қолыңыздағы шара.
Мемлекет тарапынан да eGov жүйесінің қауіпсіздігін күшейту бойынша қадамдар жасалуда. Жоғарыда аталған деректердің таралу оқиғасынан кейін билік жеке деректерді сақтау тәртібін қайта қарап, жаңа функциялар енгізуді қолға алды. 2023 жылдың қаңтарында «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» заңнамаға өзгерістер енгізіліп, заң бұзушыларға салынатын айыппұл көлемі өсті (бұрын 10-нан 1000 АЕК-ке дейін болса, қазір 30-дан 2000 АЕК-ке дейін). Ал 2025 жылдың соңына дейін eGov.kz порталында азаматтардың әртүрлі ұйымдарға берген жеке деректеріне келісімдерін қадағалап, кері қайтарып алуына мүмкіндік беретін жаңа сервис іске қосылмақ. Цифрлық даму министрлігінің түсіндіруінше, бұл тетік арқылы әрбір азамат үйден шықпай-ақ, қандай мекеме өз деректерін сақтап отырғанын көре алады және қажет жағдайда сол ұйымнан өз дерегін жоюды талап ете алады. Өтініш бергеннен кейін 15 күн ішінде ұйым азаматтың дербес деректерін базасынан өшіруге міндетті болады деп жоспарлануда. Дегенмен мамандар бұл жаңалықты маңызды қадам деп бағалағанымен, оның толық нәтиже беретініне сенімсіздік білдіретіндер де бар. Өйткені кейбір деректер заң бойынша ұзақ жыл сақталуға тиіс. Мысалы, жұмыс беруші қызметкерлердің мәліметін 10 жыл сақтайды, банктер несиесі толық өтелгенше қарыз алушының деректерін жоя алмайды деген сияқты талаптар бар. Сондықтан, қанша заманауи цифрлық қорғаныс жүйелері енгізілсе де, жеке қауіпсіздікке әрбір адам өзі сақ болу керек.
Аймақтағы ахуал
Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешовтің айтуынша, киберқылмыстар мен интернет-алаяқтықпен күресу үшін жаңа цифрлық шешімдер кеңінен қолдануда. Соның ішінде бірнеше маңызды бағытты атап өтуде.
– Жасанды интеллект көмегімен күдікті транзакцияларды автоматты түрде анықтайтын алгоритмдер қолданылады. Сонымен қатар Ұлттық банк пен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі арасында ортақ «Антифрод-орталық» жүйесі арқылы алаяқтық транзакциялар дер кезінде бұғаттауға қойылады. «KazDream» және «Seven Hills of Kazakhstan» мекемелерінің жасаған арнайы бағдарламалары кеңінен қолданылуда, – дейді департамент бастығы.
Полиция департаменті басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың шілде айында Астана қаласынан «Инстаграм» желісі арқылы республика тұрғындарына ақша қаражаттарын еселеп беремін деген жарнама арқылы алдаған 2 адамнан құрылған топ құрықталды. Қазіргі уақытта 20 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
– Сонымен қатар интернет желісі арқылы автокөлік сататыны жөнінде жалған хабарландырулар арқылы алаяқтық жасап жүрген топ құрықталып, қылмыстық іс сотқа жолданған. Бұдан бөлек, сәуір айында Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке деректерін иемденіп, олардың атынан жарнама агенттігіне тіркеп, алаяқтық жолмен алынған ақшаларды криптовалюта арқылы сатумен айналысқан Астана қаласының тұрғыны анықталып, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қазіргі уақытта басқа облыстардағы 18 қылмыстық іске қатысты екені анықталып, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, – дейді ол.
Қазіргі уақытта интернет кеңістігінде алаяқтық қылмыстарының артуы қоғам үшін елеулі қауіп төндіруде. Осыған байланысты Қызылорда облысы Полиция департаменті тарапынан интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қылмыстың алдын алу бағытында бірқатар жүйелі шаралар қабылдануда.
– 2025 жылдың алты айында Қызылорда облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасымен интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында 647 түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қала және аудан тұрғындарымен кездесулер, түсіндірме әңгімелер, интерактивті дәрістер мен дөңгелек үстел өткізілді. Облыс көлеміндегі мектептер, колледждер мен университеттерде студенттер мен оқушыларға арналған ашық сабақтар өткізілді. Бейнероликтер, жадынамалар мен ақпараттық парақшалар таратылды. Барлығы 35 мыңнан астам жадынамалар таратылды. Халық көп шоғырланатын орындарда (орталық алаң, базарлар, сауда үйлері, қоғамдық көлік, әуежай, орталық стадион, вокзал) түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – дейді Серік Ергешов.
Сақтықта қорлық жоқ
Жеке мәліметтердің таралып кету қаупі – цифрлық қоғамның шындығы. Одан толық құтылу мүмкін емес шығар, бірақ әрқайсымыз өз деректерімізді қорғау үшін қолдан келгенді жасауға тиіспіз. Төменде цифрлық қауіпсіздікті сақтауға қатысты кеңестер ұсынылады.
Құпиясөздер қауіпсіздігі. Барлық маңызды аккаунттарыңызда күрделі, ұзын және әр платформада қайталанбайтын құпиясөз қолданыңыз. Құпиясөзді жиі ауыстырып, ешқашан ешкімге айтпаңыз. Мүмкіндік болса, құпиясөздерді сақтауға арналған менеджер-қосымшаларды пайдаланыңыз – олар әр сервиске бөлек қиын құпиясөз ойлап тауып, есте сақтауды жеңілдетеді.
Екі факторлы аутентификация (2FA). Пошта жәшігі, әлеуметтік желі, банк қосымшасы болсын, барлық аккаунттарыңызға 2FA қосыңыз (SMS-код, арнайы қосымша немесе аппараттық токен арқылы). Бұл бөтен біреу құпиясөзіңізді біліп қойған күннің өзінде аккаунтқа кіре алмауына кепілдік береді.
Фишингтен сақтану. Белгісіз нөмірден келген қоңырауларға жауап беру, күмәнді SMS пен мессенджердегі сілтемелерге өтудің соңы алаяқтардың арбауына түсіруі мүмкін. Сондықтан банк қызметкері, мобильді оператор немесе курьерлік қызмет атынан хабарласқан бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Банк шотыңыз, картаның PIN коды, SMS арқылы келетін құпия код сияқты мәліметтерді ешкімге айтпаңыз. Күдік тудырған хабарламаларды елемеңіз, ондағы сілтемелерді ашпаңыз.
Әлеуметтік желі және қосымшалар құпиялылығы. Жеке парақшаларыңыздағы жария ақпарат көлемін қайта қараңыз. Үй мекенжайы, телефон нөмірі, отбасы мүшелері жөніндегі деректер, құжат нөмірлері сияқты ақпаратты көпшілікке ашық жарияламауға тырысыңыз. Профильдегі құпиялылық баптауларын барынша қатаң қойып, тек таныс адамдарға ғана көрінетіндей шектеңіз. Бейтаныс немесе сенімсіз мобильді қосымшаларды орнатпаңыз; олар талап ететін рұқсаттарды (контакт тізіміне, файлдарға қолжетімділік) мұқият тексеріңіз.
eGov және банктік қауіпсіздік. ЭЦҚ-ны бөтен компьютерде пайдаланбаңыз, электрондық қолтаңба кілттерін флешкада ашық сақтамай, құпиясөзбен қорғаңыз. eGov.kz немесе банк сайтына кіргенде ресми URL-мекенжайды тексеріңіз (мысалы, eGov үшін https://egov.kz). Егер деректеріңіздің таралу қаупі бар деп ойласаңыз, eGov порталында өз атыңыздан онлайн несие алуға тыйым жасауға өтініш беріңіз. Сонда алаяқтар сіздің атыңыздан несие рәсімдей алмайды. Қандай да бір ұйымнан несие алуға өтініш беріп, кейін ойыңызды өзгертсеңіз, сол ұйымға барып, берген жеке деректеріңізді жою жөнінде өтініш қалдыруға болатынын естен шығармаңыз.
Мониторинг және бақылау. Банктегі есепшоттарыңыз бен несие тарихыңызды ұдайы тексеріп отырыңыз. Кредиттік бюро ұсынатын тәулік бойғы мониторинг қызметтерін пайдаланып, атыңыздан жаңа несие рәсімделсе бірден хабарлама алуды қосып қойыңыз. Егер дербес деректеріңіздің интернетте тарағанын білсеңіз, шұғыл түрде банкке хабарлап, аккаунттарыңыздың құпиясөзін ауыстырып, қажет болса карталарды қайта шығарып алыңыз.
Жүйе мен бағдарламаларды жаңарту.Компьютеріңіздің және смартфоныңыздың операциялық жүйесін, антивирус және браузер сияқты бағдарламаларды үнемі жаңартып отырыңыз.
Цифрлық қауіпсіздік – тек ІТ мамандары немесе мемлекет шешуі тиіс мәселе емес, баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Жеке мәліметтер әр адамның өзіне қымбат, ал оларды қорғау – заман талабы. «Менде құпия не бар деймін» деп бейқамдық танытпау керек, киберқылмыскерлерге кез келген адамның дерегі құнды, оны түрлі мақсатта пайдалануы мүмкін. Сондықтан жоғарыдағы кеңестерді күнделікті дағдыға айналдырсақ, цифрлық әлемде өзімізді әлдеқайда қауіпсіз сезіне аламыз. Мемлекет те өз тарапынан заңнаманы жетілдіріп, деректерді сақтаудың ең озық технологияларын енгізуде, өзара үйлескен шаралар елімізде жеке мәліметтердің сыртқа шығып кету оқиғаларын барынша азайтуға сеп болмақ. Цифрлық қауіпсіздік – ұжымдық жауапкершілік, әрбір азамат, әрбір компания және үкімет бірлесе әрекет еткенде ғана жеке деректерімізді сенімді қорғай аламыз.
С.Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!