әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстандағы ең көне университеттердің бірі. 1991 жылғы 23 қазанда университетке Шығыстың ұлы ғалымы, ойшыл, энциклопедист, «Әлемнің екінші ұстазы» Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілді.
ҚазҰУ 1934 жылы ашылды. Өз қызметін бастаған жылдардан-ақ ол мемлекеттік басқаруға, ғылымды, білім беруді, мәдениетті дамытуға, заманауи бизнес пен инновациялық экономиканы қалыптастыруға зияткерлік үлес қосатын мыңдаған маман иелерін даярлап шығарды. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті білім беру кеңістігінің жетекші бренді ретінде әлемдік академиялық аренадағы жетістіктерімен назар аудартады. Соңғы жылдары ҚазҰУ халықаралық рейтингтерде тұрақты орын алып, елдің білім сапасының деңгейін әлемге таныстыруда.
Халықаралық рейтингтердегі сәтті өсу
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айнала отырып, феноменальды табысты көрсетіп, әлемдік рейтингтің барлық номинацияларында қарқынды ілгерілеуде. Атап айтқанда:
• «QS World University Rankings (QS WUR) – 2024» рейтингінде ҚазҰУ әлемнің үздік жоғары оқу орындары қатарындағы орнын бекітіп, бірқатар бағыттар бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп 163 орынға тұрақтады.
• «QS Graduate Employability Rankings» халықаралық рейтингінде түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша үздік 201-250 орынға көтеріліп, көшбасшылардың бірі болып, өз позициясын нығайтты. Жұмысқа орналастырылған түлектердің үлесі бойынша университет әлемде 55-орында.
• «QS Asia University Rankings 2023: «Central Asia» рейтингінде Орталық Азиядағы бірінші жоғары оқу орны болып танылып, 1-орынды иеленді.
• «QS Stars Rating System» рейтингінде Орталық Азиядағы жоғары баға алған бірінші және жалғыз жоғары оқу орны.
• «QS Emerging Europe and Central Asia University Rankings» рейтингінде Еуропа мен ОрталықАзияның үздік университеттері арасында 16-орында.
• «Times Higher Education Asia University Rankings» рейтингінде үздік 401-500-орындардан көрінді.
• «UI Green MetricRankingof World Universities 2023» рейтингінде ең экологиялық таза жоғары оқу орны арасында 212-орынға ие болып, позициясын нығайтты.
• «World Academic Ranking of Universities – European Standard (ARES)» беделді еуропалық рейтингінің «АА+» бағасын алды және рейтингте жетекші еуропалық университеттермен қатар орналасты.
• «IAAR Eurasian University Ranking (IAAR EUR)» рейтингінің қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2024 жылы Орталық Азия мен Еуропа ЖОО арасында бірінші және үздік университет болып танылды.
Жетістіктің құпиясы неде?
ҚазҰУ-дың әлемдік аренадағы сәттілігі бірнеше факторлармен түсіндіріледі:
• Ғылыми зерттеулерді жандандыру – университет ғылыми жобаларға көбірек қаржы бөліп, зерттеу нәтижелерін халықаралық деңгейде жариялауға ынталандырады.
• Халықаралық ынтымақтастық – әлемнің көптеген белгілі университетімен ынтымақтастық байланыстарын нығайту, студенттер мен оқытушылар алмасу бағдарламаларын белсенді енгізу.
• Білім беру бағдарламаларын жаңарту – оқу жоспарларын халықаралық талаптарға сәйкес келетін етіп үнемі жаңартып отыру.
• Инфрақұрылымды дамыту – заманауи зертханалар, кітапханалар және кампустың жаңа ғимараттарын салу.
Болашаққа көзқарас
ҚазҰУ-дың әлемдік рейтингтердегі жетістіктері тек университет үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі үшін маңызды. Бұл жетістіктер еліміздің білім беру сапасының әлемдік деңгейге жеткенін растайды, шетелдік студенттер мен оқытушыларды тартуға мүмкіндік береді. Қазақстанды әлемдік білім беру кеңістігінде танымал етеді, жастар білім алу үшін шетелдерге кету қажеттілігін азайтады. ҚазҰУ-дың әлемдік рейтингтердегі орнын одан әрі нығайту және жақсарту үшін жұмыстар жалғасуда. Университет басшылығымен болашақта рейтингтерде одан да жоғары орындарға қол жеткізуге бағдарланған амбициялы жоспарлары бекітілген.
Меже – әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу, ғылыми-білім беру кеңістігінде халықаралық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізу.
«Мықты университеттер – келешектің фабрикасы. Бұл жерде идеялар туып, кедергілер еңсеріледі. Әділ әрі үйлесімді әлемнің алғышарттары қалыптасады. Жоғары оқу орындары халықтар арасындағы сенім мен ынтымақты күшейтіп, дипломатия құндылықтарын дәріптейді. Университет қабырғасында қалыптасатын студенттер бауырластығы, зерттеушілер қоғамдастығы және академиялық серіктестік тек ғылым-білім саласында емес, экономика мен қоғамдық өмірдегі, тіпті саясаттағы өзгерістерге қозғау салады. Ұлтымыздың біртуар перзенті, әйгілі академик Қаныш Сәтбаевтың «Ғалым барлық өмірін халық үшін, адамзат үшін сарп етеді» деген сөзі бар. Шын мәнінде, ғылымның ең басты миссиясы – адамзат игілігіне қызмет ету. Ғылым әлеміндегі жетістіктер барша елдің әлеуетін арттыра түсуі керек деп санаймын. Себебі ғылым мен білім – бөліскен сайын молая түсетін әрі шексіз мүмкіндіктерге жол ашатын қуатты құрал. Бұл саладағы ықпалдастық Қазақстандағы білім-ғылым жүйесінің өрісін кеңейтіп, академиялық дипломатияны өркендетуге зор ықпал етеді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Шын мәнінде, Мемлекет басшысы сенім білдіргендей, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің әлемдік рейтингтердегі жетістіктері – бұл Қазақстан білімінің халықаралық деңгейдегі табыстылығының айқын дәлелі және білім беру саласындағы үлкен жетістік.
Асем Конысбаева,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Медицина және денсаулық сақтау факультеті»
аға оқытушы, кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және
халықаралық байланыстапр жөніндегі орынбасары.
Еркин Мустапаев,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Денсаулық сақтауды басқару»
мамандығы бойынша 1-курс магистранты
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!