Сейсенбі, 17 наурыз, 01:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№20 (2232)
17.03.2026
PDF мұрағаты

Әлеуметтік азық-түлік бағасы – басты назарда

17.03.2026

34 0

Соңғы жылдары халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру – мемлекеттің басты бағыттарының бірі. Тұрғындар көп тұтынатын тауар бағасын бақылау мақсатында Үкімет тиісті жұмыс атқаруда. Өйткені қарапайым халық үшін әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру өзекті болып отыр.

Жақында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляция динамикасы мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының ахуалына арналған кезекті кеңес өтті. Онда азық-түлік инфляциясын төмендету жалғасып жатқаны айтылды. Мәселен, зерттеулер нәтижесінде желтоқсандағы 13,5%-дан қаңтарда 12,9%-ға, ақпанда 12,7%-ға дейін төмендеген. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың сөзіне сүйенсек, бұған әсер еткен факторлардың бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізімінің жаңартылуы. Аталған тізім 19 атаудан 31 атауға дейін кеңейтілді. Бағаның тұрақтануына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесінің сақталуына мемлекеттік бақылаудың күшейтілуі де ықпал етуде.

Жыл басынан бері Сауда комитеті тиісті талаптарды бұзғаны үшін 800-ден астам әкімшілік іс тіркеген. Жалпы ел бойынша инфляция бесінші ай қатарынан баяулап келеді. 2025 жылдың қыркүйектегі дерегі бойынша 12,9%-дан 2026 жылғы ақпанда 11,7%-ға дейін төмендеген. Наурыз айының алғашқы аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу индексі 0,1%-ды құраған. Әдетте наурыз айында маусымдық баға өсімі байқалады. Дегенмен Сауда және интеграция министрлігі оны қосымша баға акцияларын ұйымдастыру және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін кеңейту арқылы тежеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар көрші елдерден көкөніс өнімдерін жеткізуге арналған «жасыл дәліз» механизмі де өз жұмысын жалғастыруда.

Үкіметтің тапсырмасы бойынша әр облыста тиісті басқармалар мен әкімдік өкілдерінен тұратын арнаулы бақылау топтары құрылып, жұмыс істеуде. Биылдан бастап әлеуметтік маңызы бар, ең күнделікті қажетті азық-түліктің тізімі 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілгені белгілі. Бұған қосымша көкөніс пен жеміс (қызанақ, қияр, алма), ет, сүт өнімдері, шай мен балықтың бес түрі енгізілді. Осы тізімдегі азық-түліктің барлығы бақылауға алынып, жеткізушілермен, сауда желілерімен жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Бақылау жұмыстары жөнінде айтсақ, биылғы 5 қаңтардан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға көтерілгенімен, өңірде ең қажетті тамақ түрлерінің күрт қымбаттауы тіркелмеген. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы берген мәліметіне сүйенсек, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу индексі 100,4% құраған. Сауда желілері негізінен тез өтетін тауарлардың бағасын қайта жаңартып жатқанымен, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы бірқалыпты деуге болады.

Әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорында 2 304,3 тонна өнім көлемі қалыптастырылған. Оның ішінде 905,9 тонна картоп, 14,1  тонна қырыққабат, 314,8 тонна пияз, 0,6 тонна рожки, 96,1 тонна күнбағыс майы, 305,9 тонна сәбіз, 124,7 тонна ұн, 85,2  тонна күріш, 417,5 тонна қант, 1,0 тонна қарақұмық, 38,5 тонна тұз бар. Бұл өнімдер қала орталығындағы 36 әлеуметтік дүкендерде және әлеуметтік бұрыштарда сатылуда.

Бағаны тұрақтандыру саясатына жыл сайын демалыс күндері өтетін жәрмеңкелер де елеулі үлес қосатыны белгілі. Атап айтсақ, 2025 жылы апта сайын жәрмеңкелер тұрақты түрде ұйымдастырылып, 161 жәрмеңкеге 5,1 мың тоннаөнім көлемі шығарылған. Биыл 20 жәрмеңке ұйымдастырылған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдағы маусымаралық кезеңге өңірлердің тұрақтандыру қорларына қала халқының 3 айлық көкөніске қажеттілігінің 50% қорын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен 8 162,3 тонна көкөніс көлемінде келісімшарттар жасалды. Бүгінгі күні осы көлемнен 2 574,4 тонна көкөністер жеткізілген.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: