Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Әлеуметтік дүкенде баға арзандады, базарда ше?

06.04.2024

618 0

Сурет:egemen.kz

Осы күні халық табысының жартысына жуығын азық-түлікке жұмсайды. Мұны

«Picodi.com» сарапшылары жүргізген зерттеу нәтижесі көрсетіп отыр. Үкімет «Ұлт жобасы» секілді азық-түліктің өндіріс көлемін ұлғайтуға арналған жобаларды қолға алғанымен, нарық бағасының құбылуы халыққа қиын соғып, әсіресе әлеуметтік осал топтағы азаматтардың қалтасына салмақ салуда. Мәселенің шешімі неде? Аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін шешудің жолдары қандай?

Шіріген көкөністен шыққан шу

Өткен жылы Қызылорда қаласындағы қоқыс полигонында шіріген көкөністің үйіліп жатқаны жайлы бейнежазба тарады. Кейіннен тонналаған өнімнің «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қоймасынан шыққаны белгілі болды. Жұрт бюджет қаражатына алынған азықтың рәсуә болғанына қынжылып, бұл мәселе талай жазылды.

Нәтижесінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сол кездегі басқарма төрағасы Самат Ерниязовты орнынан босатқаны да белгілі.

– Кие дегеннен қорықпайтын мына қылықтарыңызды ақтап алатын ешқандай сөз жоқ. Бұл әрекеттеріңізге наразы жұртқа не айтарымызды білмей отырмыз. Мәселенің бұрыннан бар екенін біле тұра, қоймадағы өнімдерді басқа мақсатқа пайдалану жолдарын іздемеу, 126 тонна өнімді шірігенше ұстап отыру елдің жағдайына жаны ашитын адамның тірлігі емес. Базардағы бағаның күннен-күнге аспандап бара жатқанын біле тұра жүздеген тонна өнімді жарамсыз еткен тірліктеріңізге көз жұма қарай алмаймыз, – деген болатын аймақ басшысы. Міне, содан бері бұл корпорацияның жұмысы қалай жүруде? Биылғы өнімдерінің бағасы қанша?

Жуа арзандады

Баға демекші, расында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ  тұрақтандыру қорындағы бірқатар азық-түлік тауарларының бағасы төмендетілді.  Арзандаған тауарлардың тізімінде жуа, қырыққабат, өсімдік майы, қарақұмық жармасы бар. Осы орайда 2 апта ішінде қоймадан жалпы көлемі 439 тонна азық-түлік өнімі сатылды. Оның ішінде 367,3 тонна пияз, 49,7 тонна картоп және 22 тонна сәбіз өңірлік тұрақтандыру қорынан әлеуметтік дүкендерге таратылды.

– Маусымаралық кезеңнің аяқталуына орай 15 наурыздан бастап арзандаған тауарлардың тізіміне тоқталсақ, жуаның бағасы бұрын 50 теңге болса, бүгінде – 30 теңге. Ал қырыққабат 115 теңгеден 55-ке, өсімдік майы 520-дан 350 теңгеге, қарақұмық бұрын 300 теңге болса, бүгінде 230 теңгеге арзандаған.

Айта кетейік, базардағы жуа бағасы бүгінде 80-120 теңге аралығында болса, бағаны тұрақтандыру мақсатында корпорация арқылы барлық аудандар мен қалада жуаны 30 теңгеден сату ұйымдастырылуда, – деді тұрақтандыру қоры басқармасының басшысы Мейрамбек Серікбай. Оған қоса басқарма басшысы тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін қаладағы 37 әлеуметтік дүкен мен 10 ірі сауда үйінен төмен бағада сатып алуға болатынын айтты.

Баға бақылауда

Қалалық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің мамандары әр аптаның дүйсенбі күндері қала аумағында орналасқан негізгі ірі сауда үйлері мен онда ашылған әлеуметтік бұрыштардағы ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мониторинг жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.

– Мониторинг барысында азық-түлік тауар­ларының нарықтағы бағасында өзгерістер байқалған жағдайда оның себептері анықталып, мүмкіндігінше баға өсімі бойынша мәселені сол жерде тұрақтандыру қоры немесе оның әріптестері арқылы шешу жолдары қарастырылады. Айта кету керек, өнімдердің негізгі бөлігі өзге өңірлерден қымбат бағамен жеткізілетіндіктен, ішкі нарыққа кері әсерін тигізуде.

Шекті сауда үстемесінің мөлшері өндіруші­нің босату бағасының немесе сатып алу бағасының 15%-ынан аспауға тиіс. ҚР Сауда қызметін реттеу туралы заңының 9-бабының 2-тармағының 1-бөлігіне сәйкес белгіленетін, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшері асып кеткен кезде ішкі сауда субъектісі заңға сәйкес жауап береді.

Осы ретте әр апта сайын қала аумағында орналасқан «Small», «Магнум», «Анвар», «Қызылорда», «Аль-Асад», «Радуга», «Астана», «Тұран», «Меркурий» «Мирас» сауда үйлері және шағын маркеттер мен үй жанындағы дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті баға мәндерінен 15%-дан артқан жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тиісті шара көретіні туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кәсіпкерлік нысандарының өкілдеріне ресми хабарламалар тұрақты түрде таратылуда, – дейді бөлім басшысы Пахуадин Шамұратов.

Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары мониторингіне сәйкес баға өсімі байқалған сауда орындары жөнінде Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне ұсыныс жолданып отырады.

Ең арзан дүкен

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру – халық қамы. Осы ретте әлеуметтік дүкендердің септігі мол. Бұл дүкен халықтың қалтасын қақпай, тұр­мысын түзеуге мүмкіндік беріп отыр. Осы мақсатта 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен тұрақтандыру қорындағы өнімдер қалада орналасқан 37 әлеуметтік дүкенде және қосымша 17 ірі супермаркеттегі әлеуметтік бұрыштарда нарықтан төмен бағада сатылуда. Әлеу­меттік дүкендердің 3-еуі ет бағытындағы дүкен­дер. Онда тек ет өнімдері сатылады.

Расында, осыдан бірнеше жыл бұрын көпшілік әлеуметтік дүкенге бас сұға бермейтін. Бастапқыда жұмысы дұрыс жолға қойылмады ма, әлде халық арасында түсіндірме жұмысы аз жүргізілді ме, әйтеуір әлеуметтік дүкенге деген көпшіліктің көзқарасы басқаша еді. Ал жобаның түпкі мақсаты – халықты тиімді бағада азық-түлікпен қамтамасыз ету. Кейінгі уақытта әлеуметтік дүкендер жұмысы жанданып, жұртшылық ондағы азық-түлік бағасының арзан екенін түсінді.

Бұл дүкенде  азық-түлік бағалары нарықтан төмен бағада. Мәселен, нан – 65, қанттың келісі – 398, өсімдік майы – 350, картоп – 109, сәбіз – 100, жуа – 30, қырыққабат – 55, 1 сортты ұн – 135, қарақұмық жармасы – 230, күріш – 400, макарон – 200 теңгеден жоғары, сиыр еті – 2000, тауық еті – 980, жұмыртқа – 50, тұз – 40 теңгеден сатылуда.

Бағалары қалтаға қонымды. Саудалары да қызып тұр. Әлеуметтік дүкендердің біріндегі Айман есімді сатушысының айтуынша, дүкенге келушілер қатары көп. Қарапайым халықтың игілігі үшін ашылған дүкенге тұрғындар дән риза.

– Көбіне көпбалалы отбасылар келіп, қажеттерін сатып алады. Шыны керек, біздегі нан бағасы 65 теңгеден сатылуда. Мұның өзі үлкен жеңілдік. Өйткені өзге дүкендерде нан 90-100 теңгеден сатылып жатыр. Қазір бұрынғыдай емес, дүкенге келген тауарлар өтімді. Жұрттың көбі жұмыртқаны да бізден алады. Оған қоса, осы кезде жуаның саудасы қызып тұр. Себебі 30 теңгеге қазір ешнәрсе сатып ала алмайсың, – дейді дүкен сатушысы.

Базар бағасы

қайда барады?

Осы күні екі адамның басы қосыла қалса, базардағы бағаны базына қылып, қымбатшылыққа қынжылады. Өйткені «үйдегі көңіл-күйді базардағы баға бұзып» тұр. Қысқасы, қалтаны қаққан нарық бағасы биліктің де, халықтың да ырқына бағынар емес.

Осыған орай халық көп жиналатын ескі базар мен біршама сауда орындарын аралап, бағаларды бағамдап, ондағы тұрғындармен тілдескенді жөн көрдік. Бүгінде қызылордалықтардың көпшілігі азық-түлікті ескі базар айналасындағы «Асқар», «Отырар» және «Ажар» секілді сауда орындарынан алады. Бірақ бұл жақтағы бағалар әртүрлі. Мәселен, ең маңызды деген азық-түлік түрлеріне тоқталсақ, сиыр етінің келісі – 2300-2400, жылқы еті – 2500 теңгеден жоғары. Картоп – 140-ден басталса, жуа – 90-120 теңге аралығында, сәбіз – 150-170, 25 келілік жоғары сортты ұн – 8000, 5 литрлік күнбағыс майы – 2500-3500 теңге аралығында сатылуда.

«Асқар» көтерме сауда дүкенінде халық қарасы өте көп екенін байқадық. Себебі бұл дүкенде баға тиімді, қалтаға қонымды. Ал сатушылардың айтуына қарасақ, соңғы жарты жылда күріш, қарақұмық, макарон өнімдері, тауық еті, жұмыртқа, күнбағыс майы, айран мен сүт және шайдың бағалары айтарлықтай өскен.

Бала күнімізде әр отбасы азық-түлікті қаптап сатып алатын да, көңілі жайланып жүретін. Қазір қаптап алатындар қатары мүлдем сиреп кеткенге ұқсайды. Себебі де белгілі. Өйткені екінің бірінің әлеуметтік, қаржылық жағдайы көтере бермейді. Сол себепті азық-түлікті қаптап емес, там-тұмдап алуға тура келеді.

Баға бағынбай тұр

Халық сауда орталығы мен дүкен сөресіндегі бағаға тәуелді. Баға қымбаттаса, қайыры болар десе, бағаның арзандағанын көргенде қуанады. Бірақ бағаның өскенін көрсек те, төмендегенін көру қиындау. Әйтеуір, баға бұлданып, ақша құнсызданып барады. Сауда орындарына бара қалсаңыз, баға қалтаны қағады. Бағаның ырық бермей келе жатқанына да сан мәрте шүйліксек те, нәтиже шығар емес. Бір сөзбен айтқанда, дәл қазір қолының майын мәсісіне сүртіп отырған ешкім жоқ. Бұл жайында қала тұрғындарының өздері айтсын.

– Өзім зейнеткермін. Апта сайын «Асқар» сауда дүкенінен және ескі базардан азық-түлік аламын. Басқа сауда орындарына бара қоймаймын. Себебі қалта көтермейді. Биыл жыл басынан бағаның өскені байқалады. Дегенмен жаңа жыл қарсаңында баға тіпті өсіп кетіп еді. Жалпы біз сияқты зейнеткерлер үшін азық-түлік бағасының арзан болғаны жақсы. Өйткені қымбатшылық  қарапайым халыққа қиын болып тұр, – дейді қала тұрғыны Айткүл Жамалбекова.

– Қазір арзан баға көрмедім. Бір жалақымен өмір сүретін біз сияқты адамдар үшін қымбатшылық қиынға соғуда. Мен жеке шаруашылықта жұмыс істеймін, темір қабылдап сатамыз. Айына 100-110 мың теңге жалақы аламын. Келіншегім үйде. Тапқан еңбекақыма азық-түлік апарамын. Үйде 7 адамбыз, 5 балам бар. Айына 100 мың теңгеге тамақ аламыз. Қанша ақша тапсақ та, жетпейді. Себебі бәрі қымбат. Бір шүкір ететінім, несиеміз жоқ. Әйткенмен балалардың киімдері бар. Оларды қосымша үйірмеге де бергіміз келеді. Қаржы жетпейді. Сонда да болса үміт үзбейміз. Осы ұрпағымыздың несібесіне азық-түлік бағасы сәл де болса арзандаса деген тілек бар, – деген ойымен бөлісті Асқар Мұратбетов.

Тілші түйіні

Иә, бағаның қашан тұрақтанатыны белгісіз. Ал өскен баға түспейді. Десе де тәубесі аузында, қанағаты көңілінде жүретін жұртшылық бола­шақтан үмітін үзбей, ертеңгі күннен жақсылық күтіп елеңдеумен келеді. Бір байқағанымыз, көбі «бастысы, еліміз тыныш болса екен» деген сөзді жиі айтты. Рас, сайып келгенде, елдің тыныштығына, адамның амандығына ешнәрсе жетпейді.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: