Өткен аптада қалалық мәслихаттың кезектен тыс 41-сессиясы өтті. Сессияға қала әкімі Нұржан Ахатов қатысты.
Қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев төрағалық еткен жиында «2025-2027 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджетін бекіту туралы» қалалық мәслихаттың шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Қызылорда қаласы бойынша округтік және учаскелік сайлау комиссияларында қалыптасқан бос орындарды толықтырып, тиісті өзгеріс енгізілді.
Сессияда халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй сатып алу, қаланың архитектуралық-сәулеттік келбеті мен туристік әлеуетін арттыру, жолдарды жөндеу, тұрғындарды ауызсумен жабдықтау, кәріз желілерін жүргізу, «Сабалақ» елді мекенін газдандыру мен осы елдімекендегі су қоймасының құрылысын жүргізу мәселесі талқыланды. Оған қоса, ағын суларды биологиялық тазарту станциясын жаңғырту, автоматтандыру және басқа да ауқымды жұмыстарды атқару үшін 2025-2027 жылға арналған қалалық бюджетті нақтылау туралы ұсыныс енгізілді.
Сессияда сөз алған қала әкімі Н.Ахатов бірқатар мәселеге тоқталды.
– Жыл басында 73,1 млрд теңге болып бекітілген қала бюджеті 8 айдың қорытындысында 144,2 млрд теңгеге жетіп, екі есеге жуық артты. Салық базасын кеңейту жұмыстары аясында 499 нысан қайта бағаланып, олардың жалпы құны 13,5 млрд теңгеден 60,5 млрд теңгеге өсті. Бұл нақтылау тек қарапайым қаржылық түзету емес, ол – тұрғындарымыздың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей әсер ететін қадам. Сумен жабдықтау, газдандыру, жолдарды жөндеу, аула мен ойын алаңдарын абаттандыру, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарды қолдау – барлығы да қоғамның сенімін ақтауға бағытталған шаралар, – деді қала әкімі.
Өзекті мәселелерді талқылау барысында қалалық мәслихат депутаттары М.Есжанов, А.Төлегенова, М.Әбдіқалықов, Р.Ысқақовалар өз сайлау округіне қарасты тұрғындардың көтеріп келе жатқан мәселелерін ортаға салды.
Сессияға ұсынылған барлық мәселелер қаралып, тиісті шешім қабылданатын болды.
Г.АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!