Сенбі, 01 қараша, 06:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№83, 2195
01.11.2025
PDF мұрағаты

Әлеуметтік қолдаудың әлеуеті зор

01.11.2025

48 0

Бүгінде әлеуметтік салада қаншама іргелі істер қолға алынуда. Халықтың әлеуметтік мәселесінің қоғамда көп талқыға түсетіні – жұмыссыздық жайы.  Алайда ынталы жандарға қолдау көрсетуге мемлекеттік бағдарламаның игілігі мол. Мемлекеттік қолдаудың арқасында қалаға қарасты ауылдық округте, кенттерде шаруаның шырайын кіргізіп, кәсібінің берекесін келтіріп отырған тұрғындар бар. Тіпті мүмкіндігі шектеулі жандардың өзі табыс кілтін тауып, кәсібін дөңгелетіп отыр.                                         

Ниеттенге жұмыс бар

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаеваның айтуынша, былтырғы жылдың қорытындысымен Қызылорда қаласында экономикалық белсенді халық саны 151301 адам, жұмыссыз­дық деңгейі – 4,5 пайыз, облыста  4,8 пайызды құрады. Бүгінгі кезеңге дейін  9172 жаңа жұмыс орны құрылса, 4451 азамат тұрақты жұмыс орнын тапқан. Мансап орталығына жұмыс іздеуші ретінде  21340 тұрғын тіркелсе, оның 7960-ы жұмысқа орналасқан.

Жыл басынан 132 адам жұмыспен қамтылса, оның 49-ы тұрақты жұмысқа орналасып, өз нәпақасын табуда. 53-і квота бойынша, 12-і қоғамдық жұмысқа, 1-і «Күміс жас» жобасына, 17-і мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.

Айта кетейік, гранттың мөлшері 400 АЕК-ті (1572800 тенге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Грантқа қатысуға өтінім беруге үміткерлерге  атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасы мүшелері,  асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар,  мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған адамдар және (немесе) оның жұбайы (зайыбы). Осы санатқа жататын азаматтар (азаматшалар) жұмыссыз немесе 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкер болуы шарт. Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс. Грант қаражатын: қажет­ті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысына жұмсауға алуға болады.

Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді. Өтінім беру үшін порталда тіркелу, грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту, бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу, өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою керек.

Қаржылай қолдау иесін тапты

Жалпы бөлім тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің барлығы халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 16 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 13-і әлеуметтік төлем, 2-і әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамдарға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгілеу және 1-і еңбекші көші-қон бағытына бағытталған.

Жалпы осы кезеңге дейін бөлім арқылы 19 273, оның ішінде мемлекеттік мекеме арқылы 516, мемлекеттік корпорация арқылы 12478, электронды үкімет порталы арқылы 6279 мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Сараптай келгенде, қызметтің басым бөлігі «Электронды үкімет порталы» арқылы жүзеге асқан. Айта кетейік,  3226 отбасына (16732 адамына) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі 7353 балаға қосымша төлем, орта білім беру ұйымында оқитын алтыдан он сегіз жасқа дейінгі балалары бар мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар отбасындағы  4240 балаға, 211 отбасының (595 адамына) коммуналдық  шығынын өтеуге тұрғын үй көмегіне, жекелеген санаттағы (қаза тапқан жауынгерлердің  қайтадан некеге отырмаған жесірлеріне, үйі өртенген, ҰОС жылдарында кемінде 6 ай жұмыс істеген тыл ардагерлеріне, Ауған соғысының, Чернобыль мүгедектеріне және Семей апатынан зардап шеккен азаматтарға, лейкозбен ауыратын балаларға, мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулезден емделудің сүйемелдеу сатысындағы азаматтарға, АИТВ-инфекция диагнозы бар диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына, бас бостандығынан айыру орнынан босатылған адамдарға және т.б.) әлеуметтік қолдауды қажет ететін 3683 адамға  әлеуметтік төлем белгіленген. Сонымен қатар облыс әкімінің грантымен халықтың осал тобынан шыққан 200 баланың  өңірге қажет мамандық бойынша білім алуына  қаражат бөлінген.

Мүмкіндігі шектеулілерге  қамқорлық

Мүгедектігі бар адамдарды қолдауға мемлекет барынша назар аударуда. Өмірде түрлі қиын жағдайға душар болып, мүгедектік санатына тіркелген тұрғындарға өз дәрежесінде көмек қолын созу – әлеуметтік сала қызметкерлерінің тікелей міндеті.  Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғам назарынан шет қалған емес.   Бұл санаттағы  адамдардың құқығын қорғау, өмір сүру сапасын жақсарту мен қоғамдық өмірге бейімдеуде үздіксіз жүйелі жұмыс жүруде. Мүгедектігі бар адамдарды оңалту шарасына ерекше мән берілген.

– Мәселен, I топ мүгедектігі бар адамға 1227 жеке көмекші мен 17 ымдау тілі маманы  қызметіне, мүгедектігі бар адамдарды 26 инватакси қызметімен қамтамасыз етуге, 521 үйде тәрбиеленіп және оқытылатын мүгедектігі бар балаларды материалдық қамтамасыз етуге әлеуметтік төлемдер төленуде. Бөлімге қарасты бөлімше мен орталықта  қызмет алушының қажеттігін ескере отырып, оңалту жөніндегі іс-шараны жасына, жағдайына, олардың денсаулығына қарай, жеке даму деңгейін арттыруға, әлеуметтендіруге бағдарланған 8 бағытта арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде, – дейді бөлім басшысы.

Сонымен қатар мүгедек жандар мен қарттарға үйде қызмет көрсету бөлімшесі арқылы да нақты жұмыс атқарылуда.  Мәселен, 188 бөгде адамның көмегіне мұқтаж қарттар үйден 7 түрлі арнаулы әлеуметтік көмек алған. Мүгедектігі бар балаларға үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі арқылы 266 мүгедек балаға 8 түрлі қызмет түрі  көрсетілген.

Сондай-ақ белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдар да қоғам назарынан тыс қалмай,  уақытша бейімдеу орталығына жатқызылып, 103  тұрғынға арнаулы-әлеуметтік қызмет  көрсетілуде. Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығында бас бостандығынан айыру орнынан босатылған және пробация қызметінің есебіндегі 482 адамға (пробация қызметінің есебінде тұрғаны-333, жазасын толық өтеп шыққандары-149) құқықтық, психологиялық көмек берілген. 

Қамқорлық жалғасын таппақ

Ел үшін еңбек етіп, тер төккен зейнеткерлер де мемлекеттің қамқорлығынан қалыс қалған емес. Оларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін күндізгі жартылай стационарлық орталық бар.  Осы кезеңге дейін онда 414 ардагерлерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп, дәрігерлік ем жасалып, киелі жерлерге саяхат  ұйымдастырылған. «Отбасын қолдау» орталығының мамандары 57 баспана мәселесіне байланысты, 163 құқық­тық кеңес, 94 жеке кеңес, 88 психологиялық, 1562 адамға гуманитарлық көмек берілген.

Ал жыл басынан жергілікті тұрғындардың 74-і қоғамдық жұмысқа, 28-і жастар тәжірибесіне жолданып, өмірлік қиын жағдайға ұшыраған 37 ана «Қамқорлық» дағдарыс орталығына орналастырылып, «FSM Social» платформасы арқылы 721 адамға кеңес берілген.

2176 тұрмысы төмен отбасыларға азық-түліктей көмек көрсетіліп, қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі тарапынан тұрмысы төмен 8000 көпбалалы отбасыға «Мұз айдыны» және «Евразия» спорт кешеніне тегін талон таратылған. Алдағы уақытта да қала халқын әлеуметтік тұрғыдан қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасын таппақ.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: