Талсуат ауылдық округі үшін 2025 жыл табысты болды. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірқатар маңызды жоба жүзеге асты. Бұл туралы округ әкімі Ерлан Бейсенбаев брифингте БАҚ өкілдеріне мәлімдеді.
– Бүгінде 186 шағын және орта кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. 2025 жылы 7 жаңа кәсіпкер тіркеліп, 7 тұрақты жұмыс орны ашылды. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жалпы құны 34,2 млн теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 31,4 млн теңгеге бекіре шаруашылығын дамыту жобасы қаржыландырылды, – дейді ауыл әкімі.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында да маңызды жұмыстар атқарылды. Ауылдағы әлеуметтік нысандарға апаратын жаяу жүргіншілер жолы мен көше жарығы толық жүргізілді. Жобаның жалпы құны – 75,8 млн теңге.
– Көкейде жүрген мәселелердің бірі жарық пен жол жөндеу еді. Бүгінде бірқатар көшелерге жарық бағаналары орнатылып, жол жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. А.Құнанбаев көшесіне жаңа бейнебақылау камералары орнатылып, 4 автобус аялдамасы қойылды. Сонымен қатар №178 мектеп пен «Заңғар» балабақшасы газ жүйесіне қосылды, – дейді Ерлан Бейсенбаев.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!