Сәрсенбі, 03 қыркүйек, 14:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№66, 2179
03.09.2025
PDF мұрағаты

Әлия Омарова, кондитер: Кез келген хоббиді кәсіпке айналдыруға болады

03.09.2025

53 0

Тәттіні тек жеп қана қоймай, оны өнер деңгейіне көтеріп, өмірін тәтті пісіруге арнаған жан бүгінде сирек кездеседі. Осындай жандардың біріҚызылорда қаласының тумасы, кондитер Әлия Омарова. Ол аспаздықты тек кәсіп қана емес, өмірлік нанына айналдырып отыр. Бала кезінен ас үйге жақын болып өскен Әлия бүгінде өз ісін сүйеді. Бүгінде ол 10 жылдан астам уақыт бойы кондитер өнімдерін пісірумен айналысады. Тек қана отбасының емес, талай тұтынушының да ризашылығына бөленіп жүрген кейіпкерімізбен бүгін сұхбаттасудың сәтті түсті.

– Кондитерлік са­лаға  қалай келдіңіз?

– Кондитерлік іс – менің кәсібім әрі хоб­биім. Ас үйге деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Анам “қой, әлі кішкен­тайсың ” десе де, мен ас үйден шықпайтынмын. Әуелі қонақ келгенде түрлі тәтті тағамдар әзірлеуді үйрендім, кейіннен торт пісіруге бет бұрдым. Уақыт өте келе табыс кө­зіне айналды. Қазір үйде отырып,  түрлі тапсырыстар қабыл­даймын.

– Жұмысыңыздың қиындығы мен қызығы неде? Әлде сіз де басқалар секілді кеңседе белгілі графикпен жұмыс істегініз келе ме?

– Шынымды айтсам, жұмыстың оңайы жоқ. Кейде мен де “кеңседе белгілі бір графикпен жұмыс істесем ғой” деп ойлаймын. Бірақ жүрегім шығармашылықты қалап тұрады. Әсіресе торт пісірудің өзіндік бір әдемі әлемі бар. Мәселен, жас жұбайларға арналған торт жасау уақыт пен шыдамдылықты талап етеді. Әр қабатын әсемдеп, дизайнын келтіргенге дейін қаншама уақыт өтеді. Бірақ нәтижесінде тапсырыс берушінің қуанышын көргенде, барлық шаршағаның ұмытылады. Сон­дықтан мен өз кәсібімді сүйемін. Бастысы – адал еңбек.

– Торт пісіруде дизайн қаншалықты маңызды?

– Дизайн – кондитерлік өнердің жүрегі десек болады. Торт тек дәмді ғана емес, әдемі болуы да шарт. Қазір адамдар денсаулығына көп мән береді. Сондықтан кремі аз, майсыз, жүрекке ауырлық түсірмейтін торттарға сұраныс жоғары. Сонымен қатар балалардың сүйікті кейіпкерлерімен жасалған торттар да көп тапсырылады. Қазір әсіресе «mini cakes», «bento cakes» тәрізді шағын торттарға сұраныс ерекше. Жастар арасында сұранысқа ие. Жалпы әрбір тапсырыс берушімен сөйлесіп, қандай дизайн қалайтынын нақтылап алған соң ғана іске кірісеміз. Өйткені торт – бұл жай тағам емес, әрбір адамның өмірінде  ерекше қуаныш сыйлайтын естелік.

– Қазіргі таңда торттың қандай түрі ерекше  сұранысқа ие?

– «Бал торты» әрқашан классикалық сұраныста. Бұған қоса, «mini cakes», «bento cakes», «қызыл бархат» торттарына жиі тапсырыс аламын. Бағасы қолжетімді, әрі кез келген мерекеге үйлесімді болғандықтан, халық жиі таңдайды. Дәмді әрі сапалы өнім  әрқашан да сұраныс ие. Әсіресе қыс, күз айларында жиі тапсырыс түседі. Торттан бөлек, арнайы ұннан дайындалатын тағамның барлық түрін істеймін. Бастысы өз ісіңді сүйіп істесең болғаны.

– Алдағы уақытта алға қойған қандай жоспар бар …

– Қазіргі таңда үйден тапсырыс қабылдап жүрмін. Бірақ алдағы уақытта үлкен кондитерлік дүкен ашу ойымда бар. Бастысы, қай жерде пісірсең де, өнімнің сапасы мен тазалығына ерекше мән беру қажет. Дәмді әрі сапалы торт әрқашан да сұранысқа ие. Адал еңбекпен табылған нанның әрқашан берекесі мол.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 Сұхбаттасқан Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: