Тәуелсіздік. Көзге көрінбес бақыт болғанымен, бұл күн оңай келген жоқ. Азаттық жолында ата-бабамыз жанын пида етіп, қасық қаны қалғанша күресті. Бүгінде біз еркіндікте оянып, еркін өмір сүріп, өз таңдауымызбен алға қадам басып келеміз. Ал ел дамуына үлес қосу тек үлкен жетістіктермен ғана өлшенбейді. Ол ең әуелі адал еңбекпен, жауапкершілікпен, ұлтқа деген жанашырлықпен айқындалады. Осы орайда Тәуелсіздік күні қарсаңында белсенді жастар арасында «Менің үлесім» тақырыбында шағын сауалнама жүргізген едік.

Гауhар Фазилат, №173 Ә.Молдағұлова атындағы орта мектептің мұғалімі:
Тәуелсіз елдің ұрпақтары қандай бақытты
«Ғалым да, шахтер де бас иетін,
Ұстазым бар сенің қасиетің…»
Бұл өлең жолдарын білмейтін жан кемде-кем шығар. Балаға білім берумен бірге тәрбиені қатар сіңіріп жүрген ұстаздардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Солардың бірі жас та болса, шәкірт тәрбиелеп жүрген Ә.Молдағұлова атындағы №173 орта мектептің мұғалімі Гауһар Фазилат.
– Тәуелсіз елдің ұрпақтары қандай бақытты десеңізші. Ешқандай үрей мен қорқыныш жоқ, жүздерінен шаттықтың лебі еседі. Сабақ барысында оқушыларға ата-бабамыздың жанкешті ерлігін үнемі еске салып отырамын. Себебі өткенге көз жүгіртпеген ұрпақ тәуелсіздіктің қадірін толық ұғына алмайды. Өзім жас маманмын. Ұстаздық жолды саналы түрде таңдап келдім. Басты мақсатым – елін сүйетін, ұлтына адал жас ұрпақты тәрбиелеу, – дейді ол.

Ибнмахсут Рахметов, «Qyzylorda» облыстық телеарнасының жаңалықтар бөлімінің тілшісі:
Нақты ақпарат тарату – басты міндетім
Ел алдындағы жауапкершілікті сезінген белсенді жастардың бірі – Ибнмахсут Рахметов. Ол журналистика саласын таңдаған жас маман. Бүгінде «Qyzylorda» облыстық телеарнасында еңбек етіп жүр. Оның басты ұстанымы – шынайы ақпарат тарату.
– Тәуелсіз елде өмір сүру – мен үшін үлкен бақыт. Әсіресе халыққа шынайы ақпарат таратып, қоғам игілігіне қызмет ету – басты мақсатым. Билік пен халық арасындағы алтын көпір болғым келеді. Алаш зиялыларының жолын жалғап, елге адал қызмет етуді армандаймын. Ендігі міндет – ата-бабамыз маңдай терімен алған тәуелсіздікті сақтау, әрі нығайту. Елге адал қызмет ету, – дейді жас журналист.

Айымжан Коныртай, Қызылорда ҚПБ-ның инспекторы полиция аға лейтенанты:
Ел тыныштығы үшін қызмет етемін
Еркін ойлы жастардың қатары мұнымен шектелмейді. Қоғам қауіпсіздігі жолында қызмет етіп жүрген тағы бір жас – Айымжан Коныртай. Ол бүгінде Қызылорда қалалық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімі, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінде инспектор, полиция аға лейтенанты қызметін атқарады. Оның басты тілегі – ел тыныштығы.
– Тәуелсіздік – ұлттың ең қымбат құндылығы. Бұл тек саяси еркіндік емес, ұлттық сана, тіл, діл, мәдениет пен болашаққа деген сенім. Мен үшін тәуелсіздік – елімнің өз тағдырын өзі шешу құқығы, ата-бабамыз аңсаған арманның орындалуы. Бейбіт өмір мен еркін ой, білім алып, еңбек ету мүмкіндігі осы тәуелсіздіктің жемісі. Енді бізге осы аманатты сақтап, келер ұрпаққа жеткізу міндеті жүктеледі. Тәуелсіз Қазақстанның азаматы болу – зор жауапкершілік әрі үлкен мақтаныш. Бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай, – дейді ол.

Салтанат Бижігітқызы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы:
Адамдық – басты ұстаным
Қоғам дамуының басты күші – белсенді жастар. Солардың бірі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Салтанат Бижігітқызы. Оның айтуынша, тәуелсіз елге жастардың қосар үлесі ең алдымен бастаған ісіне адал болуында.
– Тәуелсіздік – бұл ең алдымен таңдау еркіндігі. Өз ойыңды ашық айту, өз жолыңды өзің таңдау, еліңнің болашағына бейжай қарамау. Қазіргі жастар білімді, саналы әрі бастамашыл болуы тиіс. Тәуелсіз елдің болашағы – өз тарихын білетін, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін және заман талабына сай ойлай алатын жастардың қолында. Әр жас өз ісіне адал болса, соның өзі үлкен үлес. Бірі ғылыммен айналысса, бірі өнермен, енді бірі қоғамдық жұмыстарда белсенді. Ең бастысы, немқұрайлылыққа жол бермеу. Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ, сондықтан оның қадірін білу – біздің парызымыз. Бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай. Әрбір жас өз елінде бақытты өмір сүрсе екен, – дейді ол.

Болат Диана, Қызылорда қалалық сотының бас маманы:
Тәуелсіз шешім шығару – басты міндет
– Сот саласында жұмыс істеу – әділдікпен, ар-ожданмен жұмыс істегенмен тең. Алдымызға сан алуан істер келеді. Сол сәтте әділ шешім шығару – тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан азамат ретінде мойнымыздағы үлкен жауапкершілік екенін тағы бір еске салады. Тәуелсіз мемлекетте сот жүйесінің басты қағидасы – заңның үстемдігі мен адам құқығын қорғау. Сондықтан да тәуелсіз шешім шығару – сот саласында еңбек ететін әр маманның басты әрі бұлжымас міндеті болуы тиіс, – дейді Қызылорда қалалық сотының бас маманы Диана Тимурқызы.

Ләйлә Майлықожаева, дәрігер:
Мақсатым – елдің алғысын алу
– Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымды үлкен мақтанышпен айта аламын. Бүгінде отандық медицина саласы қарқынды дамып келеді. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген емдеу мекемелері мен білікті мамандардың арқасында тұрғындар дер кезінде медициналық көмек алуда. Ауруына шипа іздеген әрбір жан кез келген уақытта дәрігерге жүгініп, қажетті кеңес пен ем ала алады. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен жетістіктерінің бірі. Ал дәрігер болу – тек мамандық емес, бұл үлкен жауапкершілік. Әрбір емделушінің тағдырына бейжай қарамай, сақтықпен әрі жанашырлықпен қараймыз. Себебі адам тағдыры ойыншық емес.
Сауалнаманы жүргізген Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!