Жақында «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен «Әлди-ана» республикалық онлайн байқауы өз мәресіне жетті.
Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, белгілі ақын Дүйсенбек Аяшұлы төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында айтыскер ақын Серік Ыдырысов, ҚР мәдениет қайраткері, әнші Үміт Медеуова, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, музыка саласының ардагері, орталық жанынан құрылған «Мирас» әжелер ансамблінің мүшесі Шара Маханова болды. Қазылар алқасы бұған дейін еш жерде жарияланбаған бесік жырының 15 нұсқасын тыңдап, сөзін, әнін, музыкалық әрлеуін жіті бағалады.
Нәтижесінде, бас жүлдеге «Ана әлдиі» туындысы лайық деп танылды. Жаңа бесік жырының сөзін Сағынғали Сейітов жазса, әні – Талғат Нағашыбаевтікі. Ал оны орындаған – Аягөз Райбекова. Сәті түскенде бесік жырының әнін жазған композитор Талғат Нашағыбаевпен сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Талғат аға, кеше ғана «Ана әлдиі» атты бесік жыры жарыққа шығып, республикалық байқауда бас жүлде алдыңыз. Құтты болсын! Алдымен өзіңізді оқырманға таныстырғанымыз жөн болар.
– Құттықтауларыңызға рахмет. Өзім 1964 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданының Қаратерең ауылында дүниеге келдім. Адам өміріндегі ең қымбат жан – ата-анам. Әкем тоқсанға таяп қалды. Ал анам өмірден өтіп кетті. Бауырларым бар. Әрқайсысы бір-бір шаңырақтың иесі.
Мектеп бітіргеннен кейін Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің үрмелі аспаптар бөлімінде білім алып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда педогогикалық университетінің музыка факультетінде оқыдым.
– Қателеспесек, бала кезден өнер жолына жақын болдыңыз. Осы дара жолға келуіңізге кім себеп болды?
– Расында да, Арал ауданында оқып жүрген кезде әнге құмарттым. Мектепте ән сабағында өлеңді тез жаттап, қайта айтып беретінмін. Бала кезде мынадай қызық болды. Туған күнімде әкем «ал, балам, туған күніңе қандай сыйлық әперейін?», – деп сұрады. Велосипед арманым болып жүрген. Соны әперіңізші, – дедім. Сөйтіп, әкем екеуміз дүкен аралауға шықтық. Бірақ велосипед таба алмадық. Ол кезде велосипедтің таптырмайтын шағы еді. Әкем «енді қандай сыйлық аласың?», – деді. Содан ойлана келе, тағы бір дүкенге келдік. Онда радио, музыкалық аспаптар сатады екен. Бір кезде сырнайға көзім түсті. Соны алып беруін қаладым.
Үйге әкеле салып, сабаққа кетіп қалдым. Бірақ ойым сабақта емес, үйдегі аспапта. Содан үйге келісімен қолыма сырнайды алып, тартқым келді. Бір айдың көлемінде үйреніп алғаным есімде.
– Байқауда бас жүлдеге алған «Ана әлдиі» атты бесік жырының әнін жазған өзіңіз екенсіз. Ал әннің сөзін жазған марқұм Сағынғали Сейітов екен. Жалпы бұл әннің сөзімен қалай таныс болдыңыз? Әнді жазуға қанша уақыт кетті?
– Иә, орынды сұрақ. Осы әнмен республикалық байқауға қатысып, бас жүлделі болдық. Негізі әннің сөзін жазған ағамызды өзім танымаймын. Ол кісі 1917 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген екен. Ақын, сыншы, әдебиет зерттеушісі болған.
Студент кезімде әкемнің орнына күзетші болатынмын. Сол сәтте мекеме басқа ғимаратқа көшіп, кітаптарын жинастырып жатты. Сол кезде ішінен бірнеше кітапты оқуға алдым. Арасында осы Сағынғали ағамыздың кітабы бар. Соның ішінде «Ана әлдиі» өлеңі ұнаған еді . Бесік жырын өлең дәптеріме жазып қойдым. Реті келгенде бір ән шығарармын деген ой болды. Сөйтіп, арада бір-екі жыл өткенде ән шығардым. Бір мәрте әнші қызға орындаттым. Алайда ол кезде әніміз онша тарала қоймады. Әлі де музыкалық әрлеуді қажет етті. Оның үстіне туындыны жариялайтын бүгінгідей әлеуметтік желі жоқ. Солай бұл ән ұмытылып кетті.
Жақында «Анаға тағзым» орталығы байқау жариялады. Сол кезде осы әннің қайта жарыққа шығу сәті келді. Содан әнді қайтадан өңдеп шығардым. Шыны керек, «Ана әлдиі» бесік жырының жұлдызды сәті енді туғандай әсерде болып жүрмін. Негізі қазақтың үйі баласымен бай-дәулетті келеді. Сондықтан бөбегі бар әр үйде бесік жыры айтылса керемет емес пе… Бұрындары бесік жырын көбіне әжелеріміз айтып отыратын. Сондай әдемі сәттің талай куәсі болдық.
– Өнерде өзіңіз үлгі тұтқан аға буын, ұстазыңыз?
– Ең алдымен Шәмші Қалдаяқов ағамыздың аты есіме түседі. Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев,Ілия Жақанов ағаларымызды үлгі тұтамын. Осындай майталмандардың әндерін тыңдап өскенмін. Әлі де жақсы көремін. Осы жақында ғана Ілия Жақанов ағамызбен әлеуметтік желі арқылы танысып, жақсы араласып кеттік. Әндеріме жоғары бағасын беріп, көңілім көтеріліп, төбем көкке жеткендей болды. Міне, осы кісілерді мен өнер жолында ұстаз көремін.
– Отан, ана, табиғат секілді тақырыптарға біраз ән шығардыңыз. Жалпы сазгерге шабыт қай кезде келеді?
– Қарап отырсам, өнер жолында келе жатқаныма қырық жылдай уақыт болды. Соның ішінде екі жүзден аса ән шығарыппын. Алғашқы әнім «Анашым», «Ана әлдиі» әндерінен бастап тыңдаушылардың жүрегінен орын алды. Қазір балаларға және балабақша бүлдіршіндеріне арнап жазған әндерім баршылық.
1993 жылы Алматы қаласы «Өнер» баспасынан шыққан «Сұлуым-ай, сұлуым» атты кітабына ақын Рза Қунақованың өлеңіне жазылған «Сағынбасаң» әнім енді. 2018 жылы республикалық «Зерек ботақан» балалар журналына «Сарбаздар», «Біз бақытты балдырған», «Балдәурен», «Астана» әндерім жарыққа шықты және дискіге басылып, республика бойынша мектептерге және балабақшаларға таратылды. 1993 жылы Алматыда «Тамаша» әзіл-сықақ отауында белгілі эстрада жұлдызы әнші Болат Құсайыновтың орындауында «Жүрегім саған», «Сәулешім» әндерім орындалды. Талай әншілер «Таңшолпан», «Әнші балапан», «Жас қанат» конкурсында әндерімді орындалып жүр. Әндерім облысымыздың белгілі әншілері Қазақстанға еңбек сіңірген әнші К.Қалымбетова, Қазақстанның мәдениет қайраткері Ү.Медеуова, Эстонияда өткен 8-ші халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінің бас жүлдегері – А.Ыбраева, «Азия дауысы» конкурсының лауреаты Г.Оразымбетова және Ш.Қалдаяқов атындағы ән конкурсының лауреаты С.Аққұлованың репертуарында орындалды. Сонымен қатар 2004 жылы М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің әнұранының әнін жаздым
Жалпы ән шығару оңай емес. Үлкен еңбекті қажет етеді. Құдай бізге осындай қабілетті берген соң оны дұрыс, ұтымды пайдалана білуіміз керек. Жасым алпыстан асса да әлі күнге дейін ізденіс үстіндемін. Себебі шығармашылық жолда ізденіс қажет. Қанша жетістікке жетсем де, енді ғана ән шығарып келе жатқан, қатарға жаңадан қосылған сазгер секілді еңбектенемін. Өйткені өмірде де, өнерде де «толдым, болдым» деген адам өспейді. Қайта кері кетеді. Қазақта «ағысын тоқтатқан өзен суы бұзылады» деген сөз бар ғой. Сол сияқты өнер де кіршіксіз тазалықты сүйеді, ізденесті жақсы көреді.
– Осы кезде облыс бойынша балабақша музыканты екенсіз. Оны әңгіме барысында өзіңіз де айтып өттіңіз. Яғни балаларға арнап ән шығарып жүрген жайыңыз бар. Осыған тоқтала кетсеңіз…
– Негізі бастапқыда шығарған әндерімнің ішінде балаларға арналғаны аздау екенін байқадым. Ал қазір балаларға ән шығарып жүрмін. Кішкентайларға ән шығару да оңай емес. Осы кезде «Ән шуақ» атты фестиваль өтуде. Жалпы әндерім мектептер мен балабақшаларда орындалып жүр. Оған қоса әлеуметтік желі арқылы да таралып жатқан жайы бар. Онда да қаралым жақсы, өз тыңдарманын тауып, көптің көңілінен шығуда. Жалпы бір көңіл қуантарлығы, әндерім республикаға таралуда. Бұл мен үшін бір жетістік.
– Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз…
– Шағын әрі бақытты отбасым бар. Жолдасым – медицина саласында, қызым – мұғалім, ұлым программист мамандығы бойынша еңбек етуде. Екі баладан алты немере сүйіп отырған атамын.
– Шығармашылық жолында алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз…
– Алда жоспар көп. Алпыс жылдықтың құрметіне арнайы кеш өткізу де ойда бар. Жақында өнер мектебінен ұсыныс түсті. Балаларға арналған әндеріме авторлық кеш өткізгісі келеді екен. Қуанып қалдым. Сонымен бірге мектептер мен балабақшаларда конкурс өткізгім келеді.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан А.НҰРЛЫБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!