Әріптестердің қаламынан туған дүниені газетке жариялау басылымда бұрыннан бар дәстүр. Бұл жолы әріптесіміз, облыстық «Qyzylorda» телеарнасының бас редакторы Айнұр Тұңғышбаеваның әлеуметтік желілерде көпке ой саларлық әңгімелерін жариялаудың сәті түсті. Оның туындыларында өмірдің өзінен алынған оқиғалар суреттеледі. Айтпақшы, бүгін оның туған күні екен. Сәттілік деген осы болар…
Редакциядан
– Крокодил /Генаның лақап аты/ тю-тю бопты, естідіңдер ме?
– Иә, естідік, кеше қарындасы айтқан…
– Кәнсерві боп кепті…
– Батясы естіп, жерге шырт түкіріп, ну, туда ему дорога деді…
…Қала орталығындағы көпқабатты үйлердің осы ауласында ұлдар көп болды. Гараждарда мотоцикл, велосипед жөндеп, дарияға балыққа барып, алғашқы махаббат туралы сыр шертіп, темекі шегіп көріп, сыра ұрттап, әке-шешелеріне ұсталып, әтәтасын алып, әйтеуір не керек, жастық шақты бірге өткізетін. Мектеп бітіріп, әскерге шақыру келгенде бірінен соң бірі үйлерінде дастархан жайып, гитарамен ән айтып, әскерден келгенде қуана күтіп алып жатты.
Тек, Гена… «Мен вообще армияға бармаймын, ешкімді қорғамаймын, міндетті емеспін!». Бұл Генаның қырсық-қыңыр сөзі еді.
Генаға әскерге алғашқы шақырту келгенде, әлгі «бармаймынына» басып, байбалам салды. Макс, Саня, Қайраттар ортаға алып, «ей, Крокодил, не, еркек емессің бе? Неменеге мұрынбоғыңды білегіңе орап отырсың?!» деп сөзбен қайрап, пойызға отырғызып жіберген.
Бірақ сол жолы Гена пойыз бір стансаға кеп тоқтағанда қашып үлгірді. Бір-екі ай саяжайда бой тасалап, қыс түскенде мысықтай бүрісіп, үйіне келген.
Ашу буған әкесі жуан жұдырығымен бір ұрып, құлатты. «Шіріген жұмыртқа, менде ұл жоқ!».
Көктемгі шақыруда Генаның әкесі ұлын әскери комиссариатқа өзі жетектеп әкеп, сапқа қосқан. Бойын да, ойын да түзер деген-ді. Қателесіпті.
О, найсап! Әлгі Гена екі елдің шекарасы түйісетін тұста тағы қашқан. Сол қашқаннан тоқтамастан көрші елдің аумағына өтіп кеткен. Нағашыларының қыстағын тауып, сол жақта күнелтіп, бірнеше уақыт өткен соң сол елдің азаматтығын алған. Осындағы туғандары одан үзілді-кесілді бас тартты. Олар үшін Гена жоқ. Гена сондағы бір әйелге «сожитель» боп тұрып жатыр дегенді.
Арада біраз жыл өтті.
Ұзын сөздің қысқасы, былтыр әлгі Крокодилге арнайы әскери операция өтіп жатқан аймаққа аттануға бұйрық келіпті. Мобқа іліккендер ешқайда қаша алмайды, ол түсінікті де. Хабар білетіндер бірден «передовойға» түскен деседі.
…Груз-200 боп келіпті. Ел ішінде кәнсервный банкі деседі ондайды. Ол жақта екі туып бір қалғаны жоқ, осы жақпен байланысы барлар Генаның әкесіне шығып, «не істейсіңдер?» деп сұрапты. Әкесі: «мен ондай адамды мүлдем танымаймын!» деп телефонды тастай салыпты.
Ұлы далаға ұл болудан қашқандардың тағдыры…
ҚЫП-ҚЫЗЫЛ ГРАМОТА
(бүгінгі күннің тақырыбына орай)
«Балаңыздың тәртібі нашар», «Жәдөк терезе сындырды», «Балаңыз төбелесті» …
Осындай сын-ескертпе оқушы күнделігіне қызыл сиямен жазылып, үйге үшбу хаттай жиі келетін… Ал Жәдөкке бәрібір. Екі қойы – бір сом.
6 «а» сыныбына сабақ беретін мұғалім сыныптағы осы бір сотқар оқушының жалғыз анасын да көзге ілмей жүргенінен хабардар болды. Әлгі бұзық ұлдың шешесі ауруханада еден жуушы екен. Белі бүгілген, еңсесі түскен, көнетоз киімін тастамайтын әйелдің сұрқы баласына ұнамайтын. Әсіресе анасының «балам» деп мейірлене құшағына тартқан сәтінде өзінше намыстанып «ой, қойшы-ей» деп итеріп тастайтын. Әкесі төтенше оқиға барысында көз жұмған, ол кезде бұл бала екіден енді асқан. Содан бері шеше байғұс барын осы ұлының аузына тосып, үстіне жапсырып келеді.
Еден жуып, аурулардың горшогын тасып жүрген адам қайбір көп ақша алатын еді, тапқаны тек жалғыз ұлдың қажетіне әзер жетіп жүрді. Ал өзі? Өзі әркімнің көнетоз киімін жамап-жасқап, қыстық киімін тоқып киіп жүріп жатты.
Ата-аналар жиналысында мұғалім «переходной возраст» дегенді айтып, балаға көңіл бөлуді күшейтуді тапсырды. Тапсырды, бірақ іштей дәл осы тапсырманы Жәдөктің анасы орындай алмайтынын іші сезіп тұрды. Әйел тым момын еді.
Сосын, сосын сынып жетекші өзінше жоспар ойлап тапты.
Директордың бөлмесінен сынып жетекшінің жүзі жадырап шықты. Ертеңіне мектепке санаулы ата-ананы шақырылып, үлкен жиын өткізіп, соның үстінде үлгілі, озат оқушылардың әке-шешелерін мақтау грамотасымен марапаттады. Оның ішінде Жәдөктің бір жапырақ шешесі де бар еді. Ду қол шапалақ, жақсы сөз айтылып ортаға шақырғанда әлгі байғұс әйелдің беті ду ете қалды. Бұрышта тұрған баласы аңтарылып қарап қалды. Директор мұның анасының қандай жақсы адам, еңбексүйгіш маман екенін ұзақ әрі әсерлі етіп айтты. Сөйтіп, қып-қызыл грамотаны табыс етті.
Бозөкпе бала ыстық жас қалай көз шарасын толтырғанын өзі де сезбей қалды. Осыған дейін киімі жаман, еңсесін төмен деп менсінбей келген анасы да дәл осы сәтте тіктеліп, әдемі болып кеткендей көрінді. Иә, иә, әдемі. Әдемілік іштегі көңілдің бүр жарған сәтінде екен ғой! … Жылдар өтті. Жәдөк жақсы азамат боп қалыптасты. Анасын қолынан келгенше аялады.
Бұл оқиға 80-ші жылдарда болған… Қып-қызыл грамотаны сынып жетекші өз ақшасына арнайы барып кеңсе тауары дүкенінен сатып алыпты… Сол қып-қызыл грамота бүтін бір отбасының тағдырын шешті.
ӘКЕ ТӘРБИЕСІ НЕМЕСЕ ЖҰҚПАЛЫ ҚАСИЕТ – ЖАҚСЫЛЫҚ
Былтыр көшенің арғы басындағы Дәкең қария қайтыс болды. Қазір үлкен үйде тек жеңгеміз Жұмакүл апа жалғыз тұрып жатыр. Дәкеңнің көзі кеткелі жоспарлы үй жүдеп-жадай бастады. Былтырдан бері екі ұлымды алып, қар түссе, тез-тез күреп, ауласын тазалап кетеміз. Балаларыма «әжеге айтпаңдар, бұл біздің құпиямыз болсын» деп сыбырлағанмын. Қысқасы, сауапты істі жарияламайтын болдық.
Кешегі жексенбіде екі ұлымның беті қызарып кешкілік үйге мәз-мәйрам болып келіп тұр.
– Ау, көңілдісіңдер ғой?
– Иә, Жұмакүл әжейдің үйінің қарын күреп, шығып бара жатсақ, біздің сыныптың қыздары келе жатыр екен, «сендер неғып жүрсіңдер?» десек, «бағана сендердің қар күрегендеріңді көріп, біз де әженің үйін жинауға көмекке келдік» деді. Сосын бәріміз үйін жинадық, қыздар тамақ істеді, әже бізге бата беріп, кәмпит, печенье берді, сондай тәтті ше… Әке, біздің сынып ұйымшыл, – деді ұлым мұрнын тартып.
– Жарайсыңдар, көп жасаңдар! – дедім ұлыма іштей риза болып.
– Әке, әже де көп жасаңдар, жамандық көрмеңдер, өркендерің өссін, – деді.
Ұлым қалтасынан екі кәмпит, дымқыл тартып үгітілген бір печеньені дастарханға қойды. Бәріміз қылдай бөліп, ауыз тидік. Шынымен де, өте тәтті екен!
Әріптесім Төреханның әңгімесі. Осындай өнегелі ұл-қыз өсіріп отырғанына разы болдым. Расында, жақсылық жұғатын қасиет қой, шіркін! Осындай тәрбие беретін әкелер көбейе берсін!
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!