Жексенбі, 01 маусым, 22:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№40,2153
31.05.2025
PDF мұрағаты

Әскери комиссариат жайы алаңдатады

31.05.2025

183 0

Қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібіне өзекті мәселелер қойылып, талқыланды.  Жиынға қала әкімінің орынбасары Б. Омаров, қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы С.Дүйсенбаев, қоғамдық кеңес мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынның күн тәртібінде «Аза­маттарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз ету жұмыстары» жайлы мәселе жан-жақты талқы­ланды.  Мәселе талқыланбас бұрын қоғамдық кеңес мүшелері әскери комиссариаттың шақырту пунктіне барған. Кеңес мүшелері бүгінгі басқосуда рейд барысында көзбен көрген келеңсіз жағдайды ортаға салды.

Қоғамдық кеңестің әлеуметтік сала және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы С.Мырзабеков ғимарат­тың жөндеу көрмегенін мәселе етіп көтерді.

– Ғимарат тозығы жеткен ескі емес. Жөндеу көрмегені кө­рініп тұр. Киім шешетін жердің терезесін кірпішпен бітеген, алайда сыламаған. Мекеме емес, зат сақтайтын қойма секілді. Едендегі линолеумдер жыртылған, кеңсе жиһазы тозған, есіктер де қазіргі талапқа сай келмейді. Бір сөзбен айтқанда, халықпен қоян-қолтық жұмыс істейтін құзырлы мекеменің бүгінгі жайы көңіл көншітпеді, – деді ол.

Мұнан соң қоғамдық кеңес мүшелері 2024 жылғы қала бюджетінің атқарылу барысын тыңдап, биыл қала бюджетіне енген өзгерістермен танысты.

Бұл жайлы қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Баймаханова баян етті.

– 2024 жылдың қорытынды­сымен қала бюджетінің шы­ғыстары 99,9 пайызға игерілді, жоспар 112 млрд 318,8 млн теңге болса, игерілуі 112 млрд 209,1 млн теңге. Қалдық – 109,8 млн теңге, оның  93,0 млн теңгесі үнемделген қаржы болса, 16,8 млн теңге басқа да себептермен игерілмеген қаржылар, – дейді бөлім басшысы.

Қаланың бас қаржыгерінің айтуынша, өткен жылғы қалалық бюджет құрылымында 10 бюджеттік бағдарлама әкімшісі бойынша жоспарланған қаражат толық иге­ріліп, 3 бюджеттік бағдарлама әкімшісі бойынша кейбір қаржы көзі пайдаланылмаған.  Шарттық міндеттемелердің орындалмауынан және мемлекеттік сатып алу кон­курстары аяқталмауына қатысты  қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бөлімінен  және қалалық құрылыс бөлімінен қаржы игерілмеген.

Қоғамдық кеңес мүшелерінің назарына ұсынылған  – 2025 жылға арналған жол картасында атауы жоқ көшелер мен қайта атауға жататын көшелерге атау беру жайлы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж. Тажмаханов мәлімдеді. Бөлім басшысының айтуынша, тарихи тұлға тізіміне енген бірқатар аза­маттардың атына көше атын беру ұсынысы қолдау тапқан. Олардың қатарында Алтынбек Сейдахметов, Қайым Мұхамедханов, Сейілбек Шаухаманов, Серікбол Қондыбай, Сұлтанбек Қожанов сынды тұл­ғалар бар.  

– Министрлік жеңістің 80 жыл­дығына орай Кеңес Одағының батырлары мен екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің есімдерін көшелер мен даңғылдарға, білім беру мекемелеріне беру мүмкіндігін қарастыру жөніндегі бір реттік тапсырма негізінде жоғары ат­қарушы органның келісімімен Қызылорда қаласынан 53 соғыс ардагерінің есімі республикалық комиссия қарауына ұсынылып, 48-і қолдау тапты. 17 ардагердің есімі ауылдық округтерден бекітілді, – деді бөлім басшысы.  

Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелерінің жаңа ережесі бекітіліп, мүшелікті растайтын куәлік табысталды.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: