Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Әже тәлімі

07.09.2024

683 0

Ұлттық тәрбие туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Соған ден қоятын қаракөздерімізге үлгі етер мысал көп-ақ. Бибіфатимадай инабатты да, ибалы әжелеріміз, аналарымыз арамызда жоқ емес. Соны көре білер көкірек көзі ашық әйел болса, жақсының не екенін, жаманның не екенін өмір ағысымен өзі де таразылайды. Алайда қарапайым тұрмыстағы ұсақ-түйек қарым-қатынастан отбасындағы береке мен ынтымақ, келісім мен түсіністік, сыйластық орнайтынын көбінде ескере бермейміз.

Аналарымыз «еркек әйелдің пірі» деп көп айтатын. Бала кезімізде оған аса мән бермейтінбіз. Бірақ оның шет-жағасын сол кезде-ақ жарықтық анамыз тұспалдап жеткізген екен-ау деп топшылаймын. Ол кісінің әжесі де кемеңгер кісі болса керек анама «Әйел қанша ақылды, данышпан болса да, еркексіз бақыты жоқ. Әйелдің еркексіз күні түн. Тіпті күйеуің жаман болса да, қорғанышың» дейді екен. Қатты дауыл тұрғанда анасы «Үйге кір, дауылмен бетіңе жамандық тиер» десе, енді бірде «Әдепсіз ауылға келінді апарма» деп айтады екен. Өте ұлағатты бағалы ақыл. Керемет сөз.
Осындай ақыл берер, өнеге көрсетер, жөнді жол сілтер баяғы әжелер мектебінің орны ерекше еді ғой. Бүкіл ырым-тыйым, тұтас ұлттық тәрбие сол кісілердің отбасы ошақ қасында берген кеңесі мен ақыл-парасатынан бүкіл ауылға, тіпті елге тарайтын. Тентегін тезге салып, содырын қылыштай қиып түсер сөзбен жасқаған қадірлі қариялардың ұлттың ғұрпын шашау шығармай сақтаған сол кездегі тәлім-тәрбиесі қазіргі қоғамға ауадай қажет-ақ. Қазіргі тәрбиенің олқы тұсы осы екені тайға таңба басқандай байқалады.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген тәмсіл даналықтың өлшеміндей. Отбасында көрген өнегесін кез-келген ұрпақ бойына сіңіріп, соның қуаты өн бойына тарап, ер жеткенде немесе бой жеткенде сол тәрбие айналасына көрініс береді. Ананың уызынан ұлағат пен инабатқа қаныққан нәзікжандылар жат жерге барып, ата-ананың өрісін ұзартқанда ұядан алған өнегені көргенділікпен барған жерінде кәдеге асырып, жаңа мекеннің мерейін тасытып, көсегесін көгертем деп ниеттенсе ғой, шіркін, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда жаңа құрған жас отаудың сәні мен салтанаты келісіп, ордаға ынтымақ ұялап, бақ қонар еді.
Жаңа ашылған жауқазындай жас келіннің анасы да өз қызына өзінің аналық ақылын айтып, «сол босағаны неке қиып аттаған соң, жолдасынның ата-анасына ыстық ықыласыңды аяма. Енеңді туған анаңдай қадір тұт, сонда сені ел сыйлайды. Әйелі бұзылған отбасының болашағы болмайды. «Ақылсыз әйелдің ашуы көп, төркініне қашуы көп» дегізбей, отбасыңның бақыты бол. Туыстарына жақсылығыңды аяма. Үйге келген қонақты қарсы ал. «Қонақпен бірге үйіңе құт-береке кіреді», ал берекелі әйел – дастархан құты, барша елді тойдырады. Берекесіз әйел дастарханның жұты, қонағын тайдырады. Күйеуіңе көп көңіл бөл, киімін таза ұста. Ел сенің салақтығыңды күйеуіне қарап біледі. Көп ішінде жолдасыңның аузына қақпақ болма. Сен оны туған жоқсың. Оңашада күйеуіңнің миын ашытып, туыстары туралы ғайбат сөйлеме. Олардың жаман жақтарын өзі де біледі» деп ашық сөйлеп, өзі өсірген перзентін ақылдандырса, оғаш мінез мүмкін орын алмас па еді? Кім білген?
Қалай десек те, бұрынғы әжелеріміздің әлдилеп отырып айтатын ақыл парасаты жарқыраған шамдай, жаңа атқан таңдай өте ақылға қонымды болатын. Ол кісілер ар-намысты тереңнен ойлап, ақылдың қазығын алысқа байлайтын.
Бұрынғыларды тұсаған «Сен жаман болсаң, әулетімізге сөз келеді. Әулеттің аты, сенің көтерген туың, туымызды жықпа жаным! Төрің де, көрің де сол босағада болсын» деген бір ауыз сөз болатын.
Сүйектен өткен сол бір қасиетті сөз барша әйел затына бойтұмардай болған еді. Тек қазақтың қасиетті сөзінің киесі кетпесе дейміз. Соны қаракөздеріміз ұғынса қанекей. Үмітті ақтайтын қырық шырақтылар аман болсын!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: