Өзге елге жол түсе қалса, сол елдің қарапайым тұрғынымен әңгімелесуді жөн көремін. Себебі бейтаныс жердің қыр-сырын сол елдегі азаматтардан артық кім білсін…
Англияға сапарым барысында жергілікті зейнеткер Мэгги Поллингтонмен әңгімелесудің сәті түсті. Ашық әңгіме барысында ол британдықтардың күнделікті өмірі, зейнеткерлердің белсенді тіршілігі, жастардың болашағы, ауыл мен қала арасындағы айырмашылық және қазіргі экономикалық жағдай туралы айтты. Әсіресе өмір сүру құнының өсуі, әлеуметтік қолдау жүйесі мен денсаулық сақтау саласының ерекшеліктері жайлы пікірі назар аудартты. Мэггидің пайымынша, бүгінгі британ қоғамы бір жағынан, жоғары өмір сүру стандарттарын сақтап қалуға тырысса, екінші жағынан жаңа экономикалық сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Бұл сұхбаттан шетелдегі өмірдің сыртқы жылтыр көрінісінен гөрі, ішкі шындығын білуге болады.
– Көптеген қазақстандық Ұлыбританияда өмір сүру қымбат деп есептейді. Мұнда табыс пен шығын көлемін салыстырғанда өмір сүру деңгейі қандай? Халық табысы күнделікті шығындарын жабуға жете ме?
– Қазіргі таңда Ұлыбританияда өмір сүру құны өте жоғары. Ел халқының шамамен 40-50 пайызы, соның ішінде жұмыс істейтін азаматтар мен отбасылар, негізгі тұрмыстық шығындарын өтеуге қиналады. Көптеген адам жұмыс істесе де, «Universal Credit» деп аталатын мемлекеттік жәрдемақы алады. Әрбір төртінші отбасы ең қажетті тұрмыстық заттардан таршылық көреді. 2025 жылғы жағдай бойынша кейбір ата-аналар не үйді жылыту немесе балаларын тамақтандырудың бірін таңдауға мәжбүр болған. Бүгінде Ұлыбританияда 4,5 миллион бала, яғни балалардың 31 пайызы кедей жағдайда өмір сүреді. Дегенмен, жайлы әрі ауқатты өмір сүріп жатқан адамдар да аз емес.
– Ұлыбританияда да «ауыл» ұғымы бар ма? Егер бар болса, ауылдық жерлердегі өмір сапасы қандай?
– Ұлыбританияда көлемі әртүрлі көптеген ауыл мен шағын қала бар. Ауылдарда 4-11 жас аралығындағы балаларға арналған бастауыш мектептер жұмыс істейді, ал 11-16 жас аралығындағы оқушылар ірі қалалардағы орта мектептерде білім алады. Кей ауылда қоғамдық көлік қатынасы шектеулі болуы мүмкін. Алайда балаларды мектепке тасымалдайтын арнайы автобустар қарастырылған.
16-18 жастағылар колледжге немесе кәсіби даярлық бағдарламаларына, соның ішінде тағылымдамаларға түседі. Дәрігерлік қабылдаулар көбіне ауылдарда өтсе де, күрделі оталар қалада жасалады. Сондықтан тұрғындарға қалаға баруға тура келеді. Кейбір ауылдарда тіпті азық-түлік дүкені де жоқ. Алайда сүт жеткізу қызметі сақталған, сонымен қатар нан, жұмыртқа секілді тауарларға тапсырыс беруге болады. Әлеуметтік қызметтер әдетте ірі елді мекендерде орналасады, бірақ қызметкерлер көмекке мұқтаж адамдарға өздері барып қызмет көрсетеді.
– Англияда мектептер, университеттер және медициналық қызметтер ақылы ма, әлде тегін бе?
– Ұлыбританияда мемлекеттік мектептер бар және оларда оқу тегін. Сонымен қатар ата-аналар баласын ақылы, жекеменшік мектептерге бере алады. Елдегі балалардың шамамен 6,5 пайызы жеке мектептерде білім алады. Барлық университеттерде оқу ақылы. Жылдық оқу ақысы шамамен 9535 фунт стерлингті құрайды (6500000 теңге шамасында-авт.). Оқу бағдарламалары үш немесе төрт жылға созылады. Студенттер мемлекеттен несие ала алады және оны жұмысқа тұрған соң қайтара бастайды. Егер 30 жылдан кейін қарыз толық өтелмесе, алған несиесіне пайыз қосылады.
Азаматтар үшін медициналық қызмет тегін. Алайда стоматологиялық қызметтер ақылы. National Health Service аясындағы мемлекеттік және жеке стоматологтар бар, жеке стоматологияның қызметі қымбатырақ. Балалар мен 60 жастан асқан азаматтарға дәрі-дәрмек тегін беріледі.
– Англиядағы егде жастағы адамдардың белсенді өмір сүруінің сыры неде? Үкімет тарапынан қолдау жеткілікті ме? Зейнетақы жүйесі қалай ұйымдастырылған? Орташа айлық табыс мөлшері қанша және зейнеткерлер қаражатын көбіне қайда жұмсайды?
– Дәрігерлер мен үкімет халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Бұл National Health Service (NHS) жүйесіне түсетін салмақты азайту үшін маңызды. Егде жастағылар мен артық салмағы бар адамдарға спорттық бағдарламалар субсидияланған.
Мемлекеттік зейнетақы алу үшін азаматтар еңбек еткен жылдары ұлттық сақтандыру қорына жарна аударуы тиіс. Толық мемлекеттік зейнетақы аптасына 230,25 фунт (155418-авт.) стерлингті (жылына 11973 фунті 8081775 тг-авт.) құрайды және оны алу үшін кемінде 35 жыл жарна төлеу қажет. Көп адамның қосымша жеке зейнетақы қорлары бар. Жалғызбасты қарттар үшін тек мемлекеттік зейнетақымен жайлы өмір сүру қиын. Себебі жылу мен азық-түлік бағасы қымбат.
– Ұлыбританияда балалар ата-анасымен бірге тұра ма, әлде көпшілік айтатындай, 18 жасқа толған соң бөлек шығып кете ме?
– Студенттер университетке оқуға түскенде көбіне ата-анасының үйінен кетеді. Бұрын олар тек демалыс кезінде ғана үйге келетін. Алайда соңғы 10-15 жылда жағдай өзгерді. Көптеген түлек оқу бітірген соң қайтадан ата-анасымен бірге тұрады. Бұған тұрғын үй бағасы мен студенттік қарыздардың көптігі әсер етуде. Қазіргі таңда жоғары білімді жастарға жоғары жалақы төлене бермейді.
– Англияда жұмыссыздық деңгейі қандай? Жұмыс табу оңай ма? Жастар көбіне қандай салаларда еңбек етеді? Қай мамандықтар сұранысқа ие және халық көбіне қандай саланы таңдауға тырысады?
– 2025 жылдың қараша айында Ұлыбританиядағы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызға жетті. Жоғары білімі жоқ адамдар үшін жұмыс табу қиын әрі жалақысы төмен. Ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау және білікті жұмысшы мамандықтары (электрик, сантехник, қаржы саласының мамандары) сұранысқа ие. Елде дәрігерлер мен медбикелер тапшылығы сезіледі.
– Англиядағы кітап оқу мәдениеті туралы айтып берсеңіз. Газет-журнал оқу дәстүрі сақталған ба? Көшеде немесе пойызда кітап пен газет оқып отырған адамдарды жиі көруге бола ма?
– Британ мәдениетінде газет маңызды рөл атқарған. Олар қоғамға ақпарат жеткізудің негізгі құралы болды. Ұлыбританияның саяси ұстанымы айқын – оңшыл немесе солшыл бағыттағы басылымдар дәстүрлі түрде бар. Алайда қазіргі таңда газет сатылымы төмендеуде. Көп адам жаңалықты смартфон қосымшалары арқылы оқиды. Елде сауаттылық деңгейі жоғары. Балаларға ерте жастан кітап оқу дәстүрі қалыптасқан. Қалаларда тегін кітапханалар жұмыс істейді, ал кейбір ауылдарда көшпелі кітапханалар бар.
– Англияда зейнеткерлер бос уақытын қалай өткізеді? Олардың өмір салты қандай?
– Зейнеткерлердің өмір салты олардың қаржылық мүмкіндігіне байланысты. Ер адамдар көбіне гольф ойнайды. Кейбіреулер қайырымдылық дүкендерінде немесе тіл үйрететін клубтарда ерікті болып жұмыс істейді. Волонтерлік мүмкіндіктер өте көп. Көптеген қарт спортпен шұғылданып, жиі саяхаттайды. Кейбірі 10-12 апта бойы сыртта демалады. University of the Third Age (U3A) – зейнеткерлерге арналған білім беру ұйымы. Жылдық жарнасы шамамен 10 фунт стерлинг (6750 теңге-ред.). Олар дәріс оқу, семинар өткізу, экскурсия жұмысын ұйымдастырады. Әрине, кейбір адамдар күні бойы үйде теледидар көріп отыруы мүмкін, бірақ белсенді қарттар да аз емес.
– Бүгінде Ұлыбританияда шетелдік жұмысшылар саны көп. Бұл жергілікті жастар қара жұмыс істеуге құлықсыз екенін білдіре ме?
– Кейбір жас британдықтар ауыр физикалық немесе біліктілігі төмен жұмыстарды тартымсыз, беделі төмен деп санайды. Олар ұзақ уақыт бойы ауыр еңбек етуге, мысалы, фермада жұмыс істеуге аса құлықты емес. Сондықтан мұндай салаларда шетелдік жұмысшылар жиі еңбек етеді.
– Жалпы ағылшындардың арманы не? Олар көбіне нені мақсат етеді?
– Британдықтардың көпшілігі өз үйінің болғанын, тұрақты әрі жақсы өмір сүруді, жылы елдерге демалысқа баруды қалайды. Сонымен қатар балаларының аман-есен, бақытты әрі дені сау болғанын армандайды. Ал әзірге көпшіліктің тілегі – жауын тоқтап, күннің шығуы!
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!