Дүйсенбі, 31 наурыз, 17:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№22,2135
29.03.2025
PDF мұрағаты

Aiman Abdi Qazaqbrand: Ұлттық сәннің жаңа келбеті

29.03.2025

512 0

Қазақтың ұлттық киімі – ұлтымыздың мәдени болмысын айшықтайтын құндылықтардың бірі. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық киім үлгілері халықтың салт-дәстүрін, өмір сүру салтын, дүниетанымын көрсетіп келеді. Тарихи ерекшеліктерді сақтай отырып, заманауи сән әлемінде ұлттық нақышты жаңғырту – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл бағытта еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер мен дизайнерлер аз емес. Солардың ішінде Айман Әбди ұлттық киімдерімен танылып келеді.

Кейіпкеріміздің сән әлеміне қызығушылығы мектеп жасынан басталған. Ол кәсіби тігінші болмағанымен осы өнерге құштарлығы арқасында талантын ұштай түсті. Кейін бір әулетке келін болса да бұл кәсібін тастамай қазіргі таңда өз кәсібінің несібін көріп отыр.  Сән әлемінде өзіндік орнын қалыптастырып, «Aiman Abdi Qazaqbrand» атауымен қазақы нақыштағы киім ұсынуда.

– Сән үйімен жұмыс істей жүріп, иллюстрация курстарын оқыдым. Сән саласының қыр-сырын үйренуге деген құштарлығым арқылы ұлттық киім қызығушылығым оянды. Нәтижесінде ұлттық өрнектері бар ерекше стильдегі киімдерді өндіруді қолға алдым, – дейді ол.

Айман үшін бренд тек әдемі логотип немесе атау ғана емес. Ол үшін бұл – идея, көзқарас, ұлттық құндылықтарды заманауи үлгіде ұсыну. Сондай-ақ сән үйінде тек киім ғана емес, ұлттық әшекей-бұйымдар да шығарылады. Олардың дизайнында қазақы нақыш пен заманауи трендтер үйлесім тапқан.

– Елімізде ұлттық киімдерге қызығатын жастар артып келеді. Шымкент, Алматы, Астанада өткен сән көрмелеріне де қатыстым. Мұндай көрмелер мен сән шаралары брэндтің танылуына ықпал етуде. Көрмелерде ұлттық нақыштағы киімдердің ерекшелігі көрсетіліп, халықтың қызығушылығы артты. Сән үйінің заманауи киім үлгілеріне қазақша стильді үйлестірген бірегей туындылары көрермендердің оң бағасына ие болды, – деді Айман Әбди.

Кәсіпкерлік тек сапалы өнім шығарумен шектелмейді, сонымен қатар тұтынушыларға ыңғайлы жағдай жасау да маңызды. Айтуынша,  сән үйі тұрақты тұтынушыларына жеңілдіктер ұйымдастырып отырады. Жаңа топтамалар шыққан сайын «Instagram» арқылы хабарланып, арнайы жеңілдіктер мен науқандар өткізіледі. Бұл тұтынушылардың брэндке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық киімдерді қолжетімді етуге мүмкіндік береді екен.

– Қазақтың ұлттық киімдері тек әдемілік үшін ғана емес, әрбір өрнек пен түстің өзіндік мән-мағынасы бар. Біз де өз тарапымыздан ұлттық киімдерді жаңғырта отырып, рухани құндылықтарды сақтауға да үлкен мән береміз. Дәстүрлі киім – ұлттық болмыс, салт-сана мен ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениет пен дүниетанымының айқын көрінісі. Сондықтан ұлттық киімді заманауи сәнге енгізу – ұлттық сана мен мәдениеттің жаңғыруына үлес қосу, – дейді Айман Әбди.

Ұлттық мәдениетімізді қазіргі заманғы сәнмен үйлестіріп, халыққа  сапалы өнім ұсынып жүрген дизайнердің айтуынша, оюлы киімді тек тойға ғана емес, күнделікті өмірде де сәнді әрі заманауи үлгіде киюге болады.  Айман Әбдидің ұлттық сән әлеміне қосқан үлесі – тек кәсіпкерлік қана емес, ұлттық болмысты сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды бастама. «Aiman Abdi Qazaqbrand» арқылы қазақы сән әлемі жаңа бағытқа бет алып, ұлттық нақыштағы киімдер сән әлемінде өз орнын табуда.

Камилла САҒЫНДЫҚ,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің

3-курс студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: