Сейсенбі, 26 тамыз, 12:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№64,2177
26.08.2025
PDF мұрағаты

«Aitu»: цифрлық қауіпсіздіктің жаңа кезеңі

26.08.2025

53 0

Бүгінде байланыс құралдары жай ғана хабар алмасу тәсілі емес, мемлекеттің цифрлық егемендігі мен ақпараттық қауіпсіздігінің басты тірегіне айналып отыр. Жыл сайын деректердің сыртқа таралуы, құпия ақпараттың бөгде қолға түсуі  әлем елдерін өз цифрлық инфрақұрылымдарын қайта қарауға мәжбүрледі. Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалған жоқ. Біз әлі күнге дейін өзара хабар алмасу үшін шетелдік мессенджерлерге сүйенеміз. Бірақ сол платформалар арқылы жіберілген деректердің қайда кетіп жатқанын, кімге қолжетімді екенін ешкім нақты білмейді.

Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстанның ұлттық байланыс құралы – «Aitu» мессенджерін мемлекеттік деңгейге шығару бастамасы кездейсоқ қадам емес. Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік ұйымдар, тіпті қарулы күштер де біртіндеп осы жүйеге көшіп жатыр. Бұл шешім көпшілік үшін тосын көрінуі мүмкін. Бірақ оның астарында үлкен стратегиялық мақсат бар, деректер қауіпсіздігі, отандық IT-секторды қолдау, әрі мемлекеттік қызмет көрсетуді барынша ыңғайлы ету. «Aitu» туралы айтқанда біз тек технология емес, болашақтың цифрлық әлеуетін сөз етеміз. Қарапайым халыққа түсінікті, ал мемлекет үшін қауіпсіз әрі тиімді байланыс алаңы бола алатын мұндай платформаның маңызы күннен-күнге артып келеді. Ендеше, бұл мессенджердің шығу тарихы қандай? Оны өзгелерден ерекшелендіретін не? Мемлекет неге дәл осы платформаны таңдады? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Жаңа байланыс – ұлттық мүдде

Қазақстан үкіметі «Aitu» қосымшасын мемлекеттік қызметтер саласында ұлттық мессенджер ретінде бекіту туралы бастама көтерді. Жуырда өткен үкімет отырысында барлық мемлекеттік органдардың осы отандық платформаны қолдануға көшуі талқыланды. Ресми мәліметке сүйенсек, «мемлекеттік органдар Aitu-ға ауысып, экожүйенің негізгі қатысушылары бірыңғай цифрлық ортаға бірігеді. Үкіметтің баспасөз қызметіның хабарлауынша, бұл тәсіл заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы цифрлық ортаны қалыптастырып, онда мемлекеттік қызметтер әр азаматқа тиімді болады. Басқаша айтқанда, «Aitu» базасында мемлекет барша азаматтарға арналған «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін цифрлық кеңістік құруды көздеп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 тамыздағы жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңесте жеке деректерді қамтитын барлық коммуникацияларды қор­ғалған ұлттық мессенджерге көшіруді тап­сырған еді. Сол тапсырманы жүзеге асыру мақ­сатында премьер-министр Олжас Бек­те­нов­тің төрағалығымен цифрлық штаб отырысы өтіп, онда «Aitu» ресми жұмыс алаңы ретінде бекітілді. Премьер-министр қабылданған шаралардың дер кезінде әрі сапалы орындалуы маңызды екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразия­ның цифрлық хабы етуді мақсат етті. Цифрлық штаб барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдарға міндетті шешімдер қабылдады. Нәтиже ақпараттық қауіпсіздікті арттыруға және мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін күшейтуге бағытталған, – деді Олжас Бектенов.

Жеке дерек сыртқа шықпайды

Үкіметтің цифрлық штабы мемлекеттік құрылымдардың «Aitu»-ға көшуінің нақты мерзімін белгіледі. 2025 жылғы 15 қыркүйекке дейін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметкерлері ресми хат-хабар үшін Aitu ұлттық мессенджеріне толықтай көшуі керек. Бұған дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Aitu платформасын өз құрылымында пилоттық режимде сынақтан өткізді. Енді осы тәжірибенің негізінде бұл қосымша барлық мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдарға енгізілмек.

Мемлекеттік  сектордан бөлек,  қарулы  күш­­тер де қызметтік хат алмасуда «Aitu»-ды қол­­дануға кірісті. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, отандық заңнама аясында жұмыс істейтін «Aitu» ішкі әскери коммуникациялар үстінен толық бақылауды қамтамасыз етеді. Әскерде интеграция процесі 2025 жылдың соңына дейін аяқталмақ, бұл ауыстыруды жүйелі түрде, жұмысты бұзбай жүргізуге мүмкіндік береді. Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев ұлттық мессенджерге көшу деректерді сенімді қорғап, цифрлық егемендікті сақтауға жағдай жасайтынын атап өтті. Оның айтуынша, әлемде мемлекеттік органдардың ұлттық IT-шешімдерді қолдануға көшуі – цифрлық кеңістіктегі тәуелсіздікті қорғау үрдісіне сай қадам. «Aitu»-дың енгізілуі қызметтік мәліметтердің сыртқа шығып кетуіне жол бермей, құпиялылықты қамтамасыз етеді деп жоспарлануда.

«Aitu»-дың ерекшелігі

Aitu – 2018 жылы іске қосылған қазақстандық цифрлық платформа. «BTS Digital» компаниясы әзірлеген бұл мобильді қосымша бастапқыда көпфункционалды «SuperApp» ретінде жасалған. «Aitu» атауы қазақ тіліндегі «айту» – «әңгімелеу, айту» сөзінен шыққан әрі ағылшынша «AI to you» тіркесімен, яғни «саған арналған жасанды интеллект» деген мағынаны білдіреді. Бұл атау қосымшаның негізгі миссиясын, жасанды интеллект мүмкіндіктерін баршаға ұсынуды білдіреді. Платформа іске қосылғаннан бері бірнеше жыл ішінде пайдаланушылар арасында танымалдылық артып, 2022 жылы Қазақстандағы ең танымал 10 мобильді қосымша қатарына енген «Aitu»-дың әзірлеушісі «BTS Digital» – 7 жылдан астам тарихы бар, цифрлық өнімдер жасау саласында тәжірибесі мол қазақстандық IT компания.

«Aitu» кең ауқымды қызметтерімен ерекше­ленеді. Мессенджер, әлеуметтік желі және төлем сервисі функцияларын бір платформада тоғыстыра отырып, пайдаланушыларға түрлі мүмкіндік береді. «Aitu»-дың басты функция­ларының бірі – мәтіндік және дауыстық хабарламалар жіберу мүмкіндігі. Сонымен қатар платформада аудио және бейнеқоңырау шалу, файлдар мен медиа контент алмасу толық іске асады. Бұл тұрғыда «Aitu» кез келген жаһандық мессенджерден кем түспейді. Қолданушылар тек жеке хат алмасумен шектелмей, өзара қызығушылығына байланысты топтар, қауымдастықтар мен арналар құра алады. Жаңалықтарды бөлісіп, пікірталас жүргізуге арналған ішкі әлеуметтік желі құралы да платформаның ажырамас бөлігіне айналған. «Aitu» арқылы пайдаланушылар банкке бармай-ақ ақша аударып, түрлі қызметтер мен салықтарды төлей алады. Яғни, қосымша электронды әмиян қызметін де қоса атқарып, күнделікті қаржылық әрекеттерді жеңілдетеді. «Aitu» платформасында серіктестердің арнайы әзірлеген «mini-apps» қосымшалары бар. Бұл – қолданушыларға қосымшадан шықпай-ақ түрлі онлайн сервистерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мысалы, билет сатып алу, тапсырыс беру немесе анықтамалық қызметтерді пайдалану секілді артықшылықтары бар. «Aitu»-дың «eGov» порталымен интеграциясы нәтижесінде азаматтар мемлекеттік қызметтерді тікелей қосымша ішінен ала алады. Анықтама сұрау, өтініш жолдау, қызметке тіркелу секілді функ­циялар енді смартфоннан бірнеше қадаммен іске асады. Бұл – цифрлық мемлекеттің жаңа форматына сай жасалған нақты қадам. Жан-жақты мүмкіндіктерінің арқасында «Aitu» өзін «барлығы бір жерде» қағидатындағы әмбебап платформа ретінде танытты. Қосымшаның интерфейсі қазақ, орыс және ағылшын тілінде қолжетімді.

Жасанды интеллект пен цифрлық ассистенттер

«Aitu» мессенджерінің ерекшелігінің бірі – жасанды интеллект интеграциясы. Плат­форма атауында көрініс тапқан «AI to you» тұжы­рымдамасы іске асып, қосымшаға әртүрлі AI-ассистенттер енгізілген. Бұл сандық көмекшілер пайдаланушылардың күнделікті тапсырмасын жеңілдетуге арналған. Мысалы, «контент-креатор» ассистенті әлеуметтік желі мамандарына арналған: ол сторис шаблондарын, жазба мәтіндерін, тіпті Reels идеяларын автоматты түрде генерациялайды. Сол сияқты, «үй жұмысы бойынша ассистент» оқушылар мен студенттерге көмектеседі, сұрақтың дайын жауабын ғана беріп қоймай, оқу тақырыбын түсіндіреді, шешу жолдарын көрсетеді. Тіл үйренушілер үшін шет тілін меңгеру ассистенті қарастырылған. Ол грамматиканы түсіндіріп, ережелерді талдап береді және ауызекі сөйлесуді дамытуға жәрдемдеседі. «Aitu» әзірлеушілерінің айтуынша, бұл нейрожүйе негізіндегі көмекшілер істі анағұрлым жылдам, оңай және тиімді атқаруға мүмкіндік береді. Яғни, мессенджер тек хат-хабар алмасу құралы емес, ақылды платформа ретінде қалыптасуда. «Aitu»-дың «AI-хатшысы» тәрізді қосымша функциялары болашақта да кеңейіп, жасанды интеллекттің жаңа қырларын пайдаланушылар игілігіне ұсынбақ.

Ақпараттық қауіпсіздік және деректерді қорғау

Мемлекеттік коммуникацияларға отандық мессенджерді енгізудің басты себептерінің бірі – ақпараттық қауіпсіздікті күшейту. Шетелдік мессенджерлерде мемлекеттік маңызы бар ақпарат алмасу қауіп тудыруы мүмкін екенін мамандар бірнеше рет ескерткен еді. Цифрлық даму министрлігінің ресми мәлімдемесінде «Aitu» енгізу бастамасы тек қызметтік коммуникацияларға қатысты екені, ал азаматтардың жеке өмірінде шетелдік мессенджерлерді қолдануына ешқандай тыйым салынбайтыны атап өтілді. Яғни, «Aitu» тек мемлекеттік сектордың ішкі хат-хабар алмасуын қорғалған арнаға көшіру үшін енгізілуде, бұл азаматтардың жеке таңдауы мен еркіндігіне шектеу қоймайды.

«Aitu»-дың басты артықшылығы – барлық серверлері мен дерек сақтау инфрақұрылымының Қазақстан аумағында орналастырылуы. Минис­трлік мұны жүйенің сенімділігін арттыратын фак­тор ретінде айрықша атап өтті. Анығын айт­қанда, «Aitu» қолданушыларының деректері ел ішінде өңделіп, сақталады.

Отандық  платформаға  көшу  арқылы  Қазақ­стан цифрлық тәуелсіздігін нығайтуды көздейді. Aitu – Қазақстан ішінде құрылып, басқарылатын заманауи ыңғайлы мессенджер, ол елдің тұрақты цифрлық тәуелсіздігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, ұлттық мессенджерді қолдану – мемлекеттік деректердің сыртқа шығу тәуекелдерін мей­лінше азайтып, құпия ақпаратты сыртқы кибершабуылдардан қорғайтын маңызды қадам.

Aitu мессенджерін мемлекеттік қызметтер саласына жаппай енгізу – Қазақстанның цифрлық даму стратегиясындағы жаңа кезең. Бұл қадам бір жағынан, мемлекеттік аппараттың ішкі коммуникациясын қауіпсіз етсе, екінші жағынан, қарапайым азаматтарға мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетеді. Aitu базасында құрылатын бірыңғай цифрлық ортада әртүрлі мемлекеттік сервистерді бір жерден, жылдам түрде алу мүмкіндігі туындайды. Платформаның бизнес-құралдары мен AI мүмкіндіктері мемле­кеттік қызметшілердің өзара ынтымақ­тастығын да жаңа деңгейге шығарады, қызметтік хат алмасу, жедел хабарландырулар, жұмыс топ­тарындағы талқылаулар барлығы бір қосымша ішінде жүзеге аспақ.

«Aitu» ұлттық мессенджері еліміздің цифрлық инфрақұрылымының ажырамас бөлігіне айна­лады деп болжануда. Бұл тек байланыс құралы ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және халыққа сапалы қызмет ұсынатын кешенді платформа болмақ. Қазақстанның цифрлық егемендігін нығайту жолындағы бұл бастама – жаһандық трендке сай қадам. Мысалы, көршілес елдер де ұлттық мессенджерлерін дамытып жатыр. Демек, Aitu-ды мемлекеттік деңгейде қолданысқа енгізу – уақыт талабына сай, елімізді сыртқы технологиялық тәуелділіктен азат ететін және дербес цифрлық экожүйе қалыптастыратын маңызды шешім.

С.Темірболат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: