Бейсенбі, 17 сәуiр, 00:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№27, 2140
15.04.2025
PDF мұрағаты

Аяқсу келді

08.04.2025

276 0

Көктем бастала сала тіршілікке жан бітіп, ағаштар бүршік ата бастады. Жердің ызасы қайтып, күн ыси бастағаннан жасыл-желек атаулығы тіршілік нәрі – су керек. Бүгінде қала орталығындағы арықтар мен каналдарға су барып, жан-жағы жайқала бастады.

Арнайы тазарту жұмыстары жүргізілген Жібек жолы, Сарқырама, Табиғат және қалалық каналдар қайтадан арнасына су алып, тір­шілік нәріне қанып ішуде. Осы күні сарқырап аққан Сырдариядан және ірі каналдар арқылы 19 сорғы қондырғысы жұмыс істеп тұр.

Каналдар арқылы арықпен жер үйлердің ауласына аяқсу барады. Ал қаладағы көпқабатты үй­лер­дің аулаларында арнайы скважина­ларымыз бар. Міне, осы тетіктер арқылы біз қала халқын толық аяқсумен қамтамасыз етеміз, – дейді қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Жүсіп.

Жібек жолы каналы арқылы Н.Назарбаев даңғылы, Астана даңғылы мен Сырдария шағын ауданының 6 шақырымдық арық жүйелері су алуда. Ал Сыр ана монументі маңындағы сорғы арқылы Бейбарыс сұлтан көшесі мен «Береке» саяжайындағы 1,5 шақырымға жуық каналдар аяқсумен қамтылуда. Ал Сарқырама каналы мен орталық көшелердегі арық жүйелерін сумен қамту мақсатында Тәуелсіздік көшесі бойындағы су сорғыш қондырғысы жаңғыртылып, іске қосылды.

– Біз мына нәрсеге баса мән беруіміз керек. Бұған дейін 10-15 жылдан бері тазаланбаған арықтар мен каналдар бар. Жыл басынан бері сол су көздерін тазаладық. Қыс мезгілінде де қызметкерлеріміз бір тынбады. Соның нәтижесінде таза арықтардан аққан су көп жерге барады, әрі жолда кедергі болмайды, – дейді бөлім басшысы.

Аяқсу келді

Жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатып, қала орталығындағы кейбір кәсіпкерлік нысандар мен жеке үйлердің қақпасының алдындағы арықты көзің шалады. Қоқыс толып, ондағы өткелге қойылған құбыр бітеліп жататын. Қазір мұндай жағдайды да сирек көресіз.

– Жеке жер үйлердің, кейбір кәсіпкерлік нысандарының алдында осындай жағдайлар болды. Біз оны қалпына келтіруге уақыт береміз. Сол уақытта өзінің қателігін түсініп жатса, қуаныштымыз. Ал кейде жағдайды түсінбей, бәріне қоғамды кінәлап жататындар болады. Ондайда белгіленген көлемдегі айыппұлын салып, мамандар жұмыс істейді, – дейді Мақсат Өмірбекұлы.

Арықтан аққан ағынсудың ағысы қатты екен. Қағаздан жасалған кемемді жөнелтіп жібергенмін. Шіркін, құдды бір теңіздің толқынымен жарысқан кемедей сырғып барады… Дәл осы қарқынмен ағаштарды шөлдетіп алмай, уақытылы суарсақ, жасыл қала атануымызға да сәл қалды…

Дәулет ҚЫРДАН,

Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: