Сейсенбі, 28 қаңтар, 07:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№6,2119
25.01.2025
PDF мұрағаты

Айбек Оразбахов, С. Әлжіков атындағы №144 орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі, «Самғау» сыйлығының иегері: ІТ саласы ауыл мектебін айналып өтпеу керек

18.01.2025

197 0

Айбек Оразбахов – Сақтапберген Әлжіков атындағы №144 орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі, IT саласында тәжірибелі маман. Жуырда ол «Самғау» жастар сыйлығының «Білім және ғылым» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, өзінің кәсіби деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Айбек Қалданұлымен IT саласындағы жетістіктері мен оқушыларды білімге баулу әдістері туралы сұхбаттасудың сәті түсті. 

– Инновациялық жобаларыңыз туралы айтып берсеңіз…

– Менің инновациялық жобаларымның әрқайсысы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Мысалы, «TeachAI.KZ» жобасы – білім беру процесін инновациялық деңгейге көтеруге арналған платформа. Бұл платформа оқытушыларға, студенттерге және ұйымдарға білім беру сапасын арттыруға көмектеседі. Ол интерактивті тесттерді құру, өткізу және нәтижелерін талдау мүмкіндігін біріктіреді. Бұл, әсіресе, мұғалімдер үшін бағалауды жеңілдетіп, білім беру процесін тиімдірек етеді. Екіншісі –  «Cost Control» – ұйымдардың қаржылық тиімділігін арттыруға бағытталған жүйе. Бұл бағдарлама шығындарды есепке алу, қаржылық жағдайды талдау және бақылау арқылы ұйымдарға экономикалық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жүйе автоматтандыруды енгізу арқылы адам қателігін барынша азайтады.  Тағы бір бастамам – «Parking System». Бұл интеллектуалды тұрақ басқару жүйесі. Жүйе автотұрақтарды анықтау, бақылау және басқару процестерін автоматтандырып, көлік иелеріне ыңғайлы қызмет көрсетеді. Бұл жобалар мектептен тыс жерде де қызығушылық тудырып, болашақта кеңінен қолданылуы мүмкін. 

– Сабақтарыңызда қандай заманауи технологияларды қолданасыз? 

– Сабақтарымды заманауи технологияларды қолдана отырып, интерактивті және қызықты етіп өткіземін. Виртуалды оқыту құралдары, бағдарламалау платформалары және виртуалды кеңейтілген шынайылық (VR/AR) сияқты ресурстарды жиі пайдаланамын. Сонымен қатаржасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы оқушыларды болашақ технологиялармен таныстырамын. Информатика пәнін оқытудың ең маңызды аспектілерінің бірі – практикалық бағыт. Теориялық білімнің өзі жеткіліксіз, сондықтан оны нақты жобалармен ұштастыру өте маңызды. Оқушыларды нақты мәселелерді шешуге бағыттау арқылы олардың алған білімдерін шынайы өмірде қолдануға үйретеміз. Екінші маңызды аспект – заманауи технологияларды меңгерту. «Python», жасанды интеллект, деректерді талдау сияқты бағыттарды оқушыларға ерте жастан үйрету олардың болашақ мамандықтарға дайындығын арттырады. Үшіншіден, шығармашылықты дамыту – информатика пәнінде негізгі міндеттердің бірі. Оқушыларға жобалар дайындау арқылы өз идеяларын іске асыруға мүмкіндік береміз.Сонымен қатар танымдық қызығушылықты арттыру өте маңызды. Бұл үшін қызықты тапсырмалар мен интерактивті әдістерді қолданамын. Нақты өмірлік мысалдарды көрсету де оқытудың тиімді әдісі. Мысалы, технологиялардың күнделікті өмірде қалай қолданылатынын көрсету арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырамын. Информатика пәнінің мазмұнын барынша заманауи және қолданбалы етуіміз керек.

– Қазақстанда IT саласын мектептерде дамытуға қандай мүмкіндіктер бар деп ойлайсыз? 

– Еліміздің білім беру жүйесінде IT саласын дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар. Бүгінде әлем тез өзгеріп жатқандықтан, бағдарламалау және деректерді талдау дағдыларын мектеп бағдарламасына енгізу қажеттілігі айқын көрінеді. Бұл оқушыларға аналитикалық ойлау қабілетін ерте жастан дамытуға көмектеседі. Мектепте ертеден «Python», «Scratch» сияқты бағдарламалау тілін меңгерту арқылы балалардың логикалық ойлау қабілеті мен шығармашылық мүмкіндіктері артады. Бұл платформалар оқушыларға бағдарламалау негіздерін оңай әрі көрнекі түрде меңгеруге мүмкіндік береді. «Python» және «JavaScript» тілдеріне арналған кітаптар мен нұсқаулықтарды кеңінен қолданамын. Бұл оқушыларға бағдарламалау тілдерінің логикасын тереңірек түсінуге және оны практикада қолдануға мүмкіндік береді. Видеосабақтар да оқытудың маңызды элементі. «YouTube» платформасында «Ted-Ed», «Academind» сияқты танымал арналар оқушыларға күрделі тақырыптарды оңай түсінуге көмектеседі. Онлайн курстар да тиімді оқу құралы ретінде кеңінен қолданылады. «Coursera», «Khan Academy» сияқты платформаларда ұсынылатын курстарды оқушыларға ұсынып, олардың қосымша білім алуын ынталандырамын. Сонымен қатар «Visual Studio Code» және «Jupyter Notebook» сияқты «IDE» құралдары арқылы оқушыларды бағдарламалау ортасымен таныстырамын. Бұл құралдар оларды нақты жобалармен жұмыс істеуге дайындайды. Білім беру ресурстарын дұрыс таңдау арқылы информатика сабағы қызық әрі пайдалы болады деп сенемін. Жасанды интеллект негіздері мен деректерді өңдеу курстарын оқу бағдарламасына қосу өте маңызды. Бұл бағытта балаларға қарапайым AI жобаларын құру, мысалы, чат-боттар немесе болжам модельдерін жасау сияқты практикалық тапсырмалар беріледі. Мұндай мүмкіндіктер оқушылардың тек технологиялық білімін емес, сонымен қатар инновациялық ойлау қабілетін қалыптастырады. Сонымен қатар IT саласының дамуы ауылдық жерлердегі мектептерді де қамтуы керек, өйткені барлық балаларға тең мүмкіндік беру маңызды. Біз осылайша жаңа IT-буынды қалыптастырып, елдің цифрлы дамуына үлес қоса аламыз. 

– Шәкірттеріңіздің жетістіктері жайлы айтып өтсеңіз. Қандай жобаларды атап айтар едіңіз?

– Оқушыларым түрлі республикалық және халықаралық байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Мысалы, 2023 жылы Ө. Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық конкурсында ІІ орын иеленді. Бұл жоба оқушылардың ғылыми зерттеу дағдыларын дамытқанын көрсетеді. Сонымен қатар «CP Open-CUP2023» спорттық бағдарламалау олимпиадасында біздің оқушылар I орын алып, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын жеңіп алды. Бұл олардың бағдарламалау дағдыларының жоғары деңгейде екенін дәлелдейді. «Smart City Kyzylorda» IT-жобалар хакатонында оқушыларымыз II орынға ие болды, бұл олардың заманауи технологияларды өмірлік мәселелерді шешуде қолдана алатынын көрсетеді.Ерекше ұсынған жобалардың бірі – «Parking System». Бұл интеллектуалды автотұрақ басқару жүйесі компьютерлік көру және машиналық оқыту технологияларына негізделген. Ол автотұрақтарды анықтау, бақылау және басқару процестерін автоматтандырады, бұл автотұрақтарды пайдалану тиімділігін арттырып, пайдаланушыларға ыңғайлы жағдай жасайды.

– Информатика пәнінің болашағы қандай деп ойлайсыз? 

– Информатика пәнінің болашағы өте жарқын. Жасанды интеллект, деректерді талдау, киберқауіпсіздік және робототехника салалары қарқынды дамып келеді. Бұл салалар XXI ғасырдың негізгі драйверлеріне айналып отыр, сондықтан информатика тек бір пән емес, болашақтың іргетасы. Менің ойымша, бұл пән оқушыларды болашақ мамандықтарға даярлауда маңызды рөл атқарады.Информатика арқылы біз балалардың шығармашылық және логикалық ойлау қабілеттерін дамытамыз. Сонымен қатар оларды жаңа технологиялар әлеміне жақындатып, заманауи проблемаларды шешу жолдарын іздеуге үйретеміз. Бұл пән оқушылардың ғылыми зерттеулерге деген қызығушылығын арттырып, оларды инновацияларға бағыттайды. 

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: