Жұма, 21 ақпан, 01:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№13, 2126
18.02.2025
PDF мұрағаты

Айдана Жауғашарова, Ж.Нұрманов атындағы №198 мектеп директорының орынбасары, республикалық «Педагогикалық идеялар» байқауының ІІІ орын жеңімпазы: Информатикаға қызығатындар көбейді

18.02.2025

316 0

Қазіргі заман мұғалімі тек білім беруші ғана емес, шәкірттерінің бойындағы шығармашылық қабілетін ашып, жаңа мүмкіндіктерге жол көрсетуші тұлға. Айдана Байтаққызыпедагогика ғылымдарының магистрі, республикалық «Педагогикалық идеялар» байқауының ІІІ орын жеңімпазы, республикалық және облыстық деңгейдегі байқаулардың жүлдегері. Оқушылары республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ғылыми жобалар байқауларында жеңіске жетуде. Бұл жетістіктер үздік мұғалім ғана емес, шәкірттерін жетістікке жетелейтін кәсіби маман екенін көрсетеді. Ұстаздық жолында мол тәжірибе жинақтаған Айдана Байтаққызы білім беру саласында инновациялық әдістерді кеңінен қолданады.

Ж.Нұрманов атындағы №198 орта мектеп директорының орынбасары, информатика пәнінің мұғалімі Жауғашарова Айдана Байтаққызымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Жақында өткен республикалық «Педагогикалық идеялар» байқауында ІІІ орын иелендіңіз. Сіз үшін бұл жетістіктің маңызы қандай?

– Бұл жетістік мен үшін ерекше мәнге ие, себебі ол менің ұстаздық жолымдағы еңбегімнің бағалануы деп білемін. Басты мақсатым – оқушыларының қабілетін шыңдау және болашақта өз орнын табуына көмектесу. Мектепте ғылыми-әдістемелік жұмыстармен айналысып, түрлі кәсіби байқауларға қатысамын, оқушыларды олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындаймын. Ұстаз ретінде үнемі ізденіп, шәкірттеріме үлгі болуға тырысамын. Ең басты жетістік – шәкірттерімнің жеңістері. Олар өз білімдері мен еңбектерінің арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мысалы, биыл «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар байқауының республикалық кезеңінде оқушым Арсен Сейдалин ІІІ орын алды. 2023 жылы Республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде Иоанн Пак  І орын, ал Максим Попов ІІ орын иеленді. 2024 жылы дәл осы олимпиаданың қалалық кезеңінде Максим Попов тағы да ІІ орынға ие болды. 2024 жылы «Зерде» ғылыми жобалар байқауының қалалық кезеңінде Арсен Сейдалин І орын, облыстық кезеңінде де І орын алды. «Мамандықтар әлемін ашамыз» атты республикалық форумның қалалық кезеңінде Константин Цой І орын алды. Бұл жетістіктер – мен үшін үлкен мақтаныш. Әр оқушының жеңісі мен үшін үлкен жетістік, себебі олардың табысы – еңбегімнің нәтижесі.

– Байқауға қалай дайындалдыңыз?

– Кез келген байқау үлкен еңбекті, жүйелі дайындықты талап етеді. Ең алдымен байқаудың бағалау критерийлерін зерттеп, жұмыс жоспарын құрдым. Әр жобаға ерекше мән беріп, оның мақсаты мен міндеттерін нақтыладым, зерттеу нысанын анықтап, нәтижесін қарадым. Сондай-ақ жобалардың сапасын арттыру үшін көрнекілік құралдарын дайындап, оқушылармен бірге түрлі тәжірибе жүргіздік. Әрине, қиындықтар болды, бірақ сол кедергілерді жеңу арқылы біз одан да мықты бола түстік.

– Неліктен информатика пәнін таңдадыңыз?

– Еңбек жолымды математика және информатика пәндерінен сабақ беруден бастадым. Уақыт өте келе бір бағытты таңдау қажеттігін түсіндім және информатикаға басымдық бердім. Себебі қазіргі заманда ақпараттық технологияларды меңгеру – табысты болудың кепілі. «Ақпаратқа ие болған адам – әлемді билейді» деген ұғым бар. Осы қағиданы негізге ала отырып, ақпараттық технологиялар саласына таңдандым. Бұл пән заманауи талаптарға сай болуды қажет етеді, сондықтан мен үнемі өзімді жетілдіріп отырамын. Осы салада білімімді тереңдетіп, педагогика ғылымдарының магистрі атандым.

Айдана Жауғашарова, Ж.Нұрманов атындағы №198 мектеп директорының орынбасары, республикалық «Педагогикалық идеялар» байқауының ІІІ орын жеңімпазы: Информатикаға қызығатындар көбейді

– Сіздің ойыңызша, білікті мұғалім қандай болуы керек?

– Білікті мұғалім – тек ақпараттық технологияларды жетік меңгерген адам ғана емес, сонымен қатар жаңашыл, ізденімпаз және шығармашыл болуы керек. Мұғалім заман ағымынан қалыспай, білім беру әдістерін үнемі жетілдіріп, әрбір оқушының қабілетін дамыта білуі тиіс. Технологиялар күн санап дамып жатқандықтан, мұғалім де үнемі жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге талпынуы қажет.

– Сабақ барысында қандай оқыту әдістерін қолданасыз?

– Оқыту барысында заманауи әдістерді қолданамын. Әсіресе, жобалық оқыту әдісі арқылы оқушыларды зерттеу жұмыстарына баулимын. Сонымен қатар инклюзивті оқыту, аралас оқыту, қашықтықтан оқыту әдістерін де тиімді пайдаланамын. Әр оқушының жеке қабілетін ескере отырып, оларға қолайлы жағдай жасауға тырысамын.

– Оқытудағы басты ұстанымыңыз қандай?

– Мен үшін ең басты қағида – оқушылардың сын тұр­ғысынан ойлауын дамыту. Сондай-ақ технологиялық оқыту әдісін де кеңінен қолданамын. Бұл тәсілдер оқушылардың өз бетінше ойлау, ақпаратты талдау және шығармашылық шешім қабылдау қабілеттерін жетілдіруге көмектеседі.

– Сабақта қандай инновациялық технологияларды қолданасыз?

– Қазіргі заманғы білім беру платформаларының бар­лығын дерлік қолданамын. Сонымен қатар жасанды интел­лект құралдарын да сабақтарымда тиімді пайдаланамын. Оқушыларға ең заманауи құралдарды ұсыну үшін жаңа технологияларды үздіксіз зерттеп, оларды оқыту үдерісіне енгізуге тырысамын.

– Мұғалімнің басты міндеті қандай деп ойлайсыз?

– Әр бала – бір жұлдыз, біз олардың жарқырауына көмектесуіміз керек. Әр оқушының өзіндік таланты мен ерекше қасиеттері бар, сол себепті олардың қабілеттерін ашуға көмектесу – басты міндетім. Осы мақсатта «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» жобасын қолға алып, оны жүзеге асырудамын. Бұл жоба арқылы біз дарынды оқушы­ларға мүмкіндік беріп, оларды болашақ маман болуға дайындау үшін жұмыс жүргізудеміз. 10-сыныптан бастап оқушылар қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-мате­матикалық бағыттарды таңдайды. Бұл таңдау олардың болашақ мамандығына әсер етеді. Мысалы, жаратылыстану-математикалық бағытта оқушылар физика-математика немесе химия-биология салаларын меңгеруі мүмкін.

– Информатика пәнінің болашағы қандай?

– Қазіргі кезде IT саласына қызығушылық артты. Бұ­рынғы жылдармен салыстырғанда, информатика пәнін таңдайтын оқушылардың саны артты. Оларды болашақта IT мамандықтарына бағыттау үшін қосымша факультатив сабақтар өткізу маңызды деп есептеймін.

– Сұхбатыңызға рахмет.

София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: