Сейсенбі, 15 шiлде, 15:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52,2165
15.07.2025
PDF мұрағаты

Айгерім Мұстафаева, «Aquadeti.kz» балалар сауықтыру бассейнінің басшысы: Суда жүзген бала өзіне сенімді болып өседі

15.07.2025

68 0

Бүгінде атааналар балаларын ерте жастан спортқа баулып, салауатты өмір салтын қалыптастырудың жолын іздейді. Соның ішінде суда жүзу денені шынықтырумен қатар, психологиялық жайлылық сыйлайды. «Aquadeti.kz» балалар сауықтыру бассейнінің басшысы, осы саланың білгір маманы Мұстафаева Айгерім Садыққызымен сәбилер мен балалар үшін суда жүзудің пайдасы туралы әңгімелестік.

Бүгінде жасқа толмаған сәбилерде де бассейнге апаратынын естіп жүрміз. Демек, сұраныс көп. Мұның қандай пайдасы бар?

– Суға жүзу баланың жан-жақты дамуына үлкен әсер ететін ең тиімді спорт түрлерінің бірі. Біріншіден, жүзу бұл­­шықетті, жүрек-қан тамыр жүйесін нығайтып, тыныс алу қабілетін жақсартады. Екіншіден, суда қозғалу арқылы балада қозғалыс үйлесімділігі дамиды. Сонымен қатар судағы жаттығулар баланың бойындағы қорқынышты жеңуге, өзін сенімді сезінуге және күйзеліс деңгейін төмендетуге көмектеседі. Бұл тек физикалық емес, сонымен қатар эмоционалдық тұрғыдан да маңызды.

Жүзу үйренуді қай жастан бастау керек? Баланы сәби кезден суда жүзуге үйретудің қандай пайдасы бар?

– Жүзу сабағын нәресте дүниеге келгеннен кейінгі ал­ғашқы айлардан-ақ бастауға болады. Әрине, бұл арнайы дайын­далған, қауіпсіз ортада және білікті мамандармен жүр­гізілуі керек. Жүзуді ерте бастау – баланың суда өз-өзін еркін сезінуіне, табиғи қозғалыс рефлекстерін сақтап қалуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ болашақта суға түсуге деген қорқынышты болдырмаудың ең тиімді жолы. Сәбилерге жүзуді ерте үйрету олардың иммундық жүйесін нығайтып, суық тию, тыныс жолдары ауруларын алдын алады. Су жаттығулары арқасында қан айналымы жақсарып, дененің барлық бөліктері біркелкі жұмыс істейді. Қозғалысы дамып, балада тепе-теңдік пен ептілік қалыптасады. Ерте жастан суда жаттығу жасаған балалар әдетте физикалық жағынан белсенді әрі төзімді болады.

Сәбилерге арналған жүзу сабақтары әдетте нешінші айдан басталады? Бұл кезеңде қандай жаттығулар жасалады?

– «Aquadeti» орталығында 2 айлық сәбилерді жүзуге үйретеміз. Бұл кезеңде жаттығулар өте жеңіл. Мысалы, суды сезіну, бетке су тигенде реакция, жеңіл қозғалыс жасау, ата-анасымен бірге су ішінде байланыс орнату сияқты қарапайым, бірақ маңызды жаттығулар жүргізіледі. Мұндай сабақтар баланың суға бейімделуін жеңілдетеді.

Әр жас тобына арналған жаттығулар бірбірінен қалай ерекшеленеді?

– Әр жас тобына арналған жаттығулар олардың физио­логиялық және психологиялық даму деңгейіне сай өзгереді. Мысалы, 2 айдан 1 жасқа дейінгі балалар үшін сабақтар – рефлекстік қозғалыстарды дамытуға бағытталса, 1-3 жас аралығында ойын арқылы суда өз бетімен қозғалу, тыныс алу жаттығулары қосылады. Ал 4 жастан жоғары балаларға біз жүзу техникасын үйретуге көшеміз. Әр сабақ құрылымы жасына, моторикалық дамуына, эмоциялық күйіне және бала мінезіне сай өтеді.

– 1-2 жастағы балалармен жұмыс істеу кезінде нені ескеру қажет? Жүзу сабағын қалай қызықты әрі қауіпсіз етуге болады?

– 1-2 жастағы балалар өте белсенді әрі зерттеуге құмар келеді. Бұл жаста сабақты қызықты етіп өткізу үшін ойын элементтері, түрлі түсті ойыншықтар мен ән пайдаланылады. Ең бастысы, баламен жылы қарым-қатынас орнату және оны мәжбүрлемей, қызығушылықпен тарту. Қауіпсіздік – біз үшін ең басты мәселе. Сабақ арнайы жабдықталған бассейнде, әр балаға жеке назар аударылып, ата-анасымен бірге өтеді. Бұл балалардың өзін қауіпсіз сезінуіне және ата-аналармен сенімді байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: