Дүйсенбі, 31 наурыз, 18:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№22,2135
29.03.2025
PDF мұрағаты

Айгүл Ұлымбаева, №212 мектеп-гимназия директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары, физика және информатика пәні мұғалімі: Жас буынмен бірге робототехника саласы дамып келеді

29.03.2025

623 0

Бүгінде білім беру саласында цифрлық технологиялар мен инновациялық әдістердің маңызы артып келеді. Әсіресе, оқушылардың IT саласына деген қызығушылығын оятып, олардың шығармашылық, техникалық дағдыларын дамыту маңызды міндеттердің біріне айналды. Осы бағытта информатика және робототехника пәндерінің рөлі ерекше. Осы ретте №212 мектеп-гимназия директорының орынбасары, физика және информатика пәні мұғалімі Айгүл Ұлымбаевамен ұстаздық жолы, робототехниканы оқытудағы тәжірибесі мен жетістіктері туралы сұхбаттастық. 

– Бұл мамандықты таңдауға не себеп болды?

– Негізі мектепте барлық пәндерді жақсы көрдім, соның ішінде орыс тілі мен әдебиетінен түрлі сайыстарға, олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым, ұстазым Зияда Кудиярова Сейтжаппарқызының еңбегінің арқасында екі тілде сауатты болдық. 1990 жылдары жалпы табиғат туралы ғылымдар, атап айтқанда физикалық формулалар мен сол кездердегі ЭЕМ (электронды есептеуіш машиналар), алғашқы ІВМ-дер шыға бастаған кезде түрлі бағдарламалар жасау мені қатты қызықтырды. Сол себепті мектеп бітірген кезде физика-информатика мамандығын таңдадым.

– Оқушыларыңыздың робототехникаға деген қызығушылығын қалай бағалайсыз?

– Робот дегеніміз – адамның қызметін атқаратын, компьютер арқылы басқарылатын техника. Біле білсеңіз, біз қазір робот атаулыны жан-жақты қолданып та жүрміз. Мысалы, банкоматқа барсаңыз, сізге ақша санап береді. Паркте бір аппараттың ішіне отырсаң, ұшақпен кетіп жатқандай сезілуі мүмкін. Осы секілді басқарылатын техника бізде жеткілікті. Тіпті үй тірлігін жеңілдететін кіржуғыш машина, шаңсорғыш секілді құралдар адамға қызмет етуде.

Ал енді робототехниканы мектепте оқыту, балаларға үйрету қызық. Егер сол робот құрастыратын жиынтық болса, балалар құрастырса, бағдарламамен жұмыс істесе қызығушылық артады. Жас буынмен бірге робототехника саласы дамып келеді. Роботтарды күнделікті өмірде қолданатын уақыт та алыс емес.

– Мектептерге роботехника пәнін енгізудің маңызы қандай?

– Қазіргі таңда білім саласына «Робототехника негіздері» пәнін енгізу өте маңызды жəне өзекті болып отыр. Робот техникасы курсында əр тақырыпты зерделеу өз модельдерін жинау жəне бағдарламалауды көздейтін шағын жоба тапсырмаларын орындайды. LEGO® Education жинағымен оқыту өзара байланыс, құрастыру, рефлексия жəне дамыту деген бөлімдерден тұратын цикльді оқу моделін іске асыруды көздейді.

«Өзара байланыс» бөлімі бұған дейін бар тəжірибе мен білімді жаңа игерген біліммен біріктіруге, оқытудың жаңа кезеңі үшін қозғаушы күш, бастапқы нүкте ету мүмкін болғанда білім қоржыны толығады дегенді меңзейді. Өзара байланыс орнату кезінде оқушылар тың ақпарат алады, таным көкжиегін кеңейтеді.

«Құрастыру» бөлімі модельдерді жинап, идея өндіру дегенді білдіреді. Оқу материалы ми мен қол «бірге жұмыс істеген» жағдайда жақсы меңгеріледі. LEGO Education өнімдерімен жұмыс істеу тəжірибелік оқыту қағидаттарына алдымен ойлану, содан соң модельді жасауға негізделеді. Жинақтың əр тапсырмасында құрастыру кезеңіне арналған егжей-тегжейлі сипатталған, қадамдық нұсқаулар келтірілген.

– «Robotek.pro» платформасын оқу процесінде қалай қолданасыз?

– Робототехника бойынша түрлі сайыстарға дайындық кезінде құрастыру және бағдарламалау кезінде, сонымен қатар шығармашылық жұмыстармен айналысу барысында қолданамыз. 2023-2024 оқу жылының басында әлеуметтік желіден Қостанай, Ақтау, Қызылорда облыстары бойынша Астана қаласындағы «Роботек» мектебінің «Озық ұрпақ» жобасын жариялағанын көрдім. Ережеге сәйкес мотивациялық хат, робототехника бойынша жетістіктер, кабинеттің жабдықталуы, құралдардың болуы туралы мәлімет жібердім. Бір айдан кейін Қызылорда қаласының мектептерінде робототехника үйірмелерін іске қосу бойынша «Озық ұрпақ» жобасы үшін конкурстық іріктеудің қорытындысы шығып, Нұрсұлтан Назарбаев қорымен бірлесіп комиссия құрылып, критерийлерге сәйкес келетін 5 қатысушы мектепті бағалап, «Сіздің мектебіңіз жеңімпаз атанды» деген жауап келді. 1 қараша күні Қызылорда қаласында  «Озық ұрпақ» жобасының ашылу салтанаты өтті. Астана қаласынан «Роботек» мектебінің директоры Санжар Шалқарбеков, Назарбаев қорының өкілі Медеу Қарсақбаев, «Роботек» мектебі серіктестік желісі бөлімінің басшысы Сұлтанбек Казиев келді және жеңімпаз атанған 5 мектеп қатыстық. Жобаға қатысатын мұғалімдерге 3 күн курс өткізіліп, сертификат берілді. 3 қарашада ынтымақтастық туралы келісім шартқа отырдық.  6 қараша күні 30-сәуірге дейін платформаны тегін қолдануға лицензия берілді. Алғашқы сабағыма Robotek.pro платформасының менторлары қатысты. Қараша-сәуір аралығында 50 баланы тегін оқыту қамтылды. Сәуірде 5 мектептің арасында ақтық сайыс ұйымдастырылды. Роботек мектебінің директоры Санжар Шалқарбеков, Назарбаев қорының өкілі Медеу Қарсақбаев жүлделі орын иеленген оқушылар мен жетекшілеріне диплом және 2024-2025 оқу жылына Robotek.pro платформасына 1 жылдық тегін жазылымды растайтын сертификат табыстады. Платформаны робототехника бойынша түрлі сайыстарға дайындық кезінде құрастыру және бағдарламалау кезінде, сонымен қатар шығармашылық жұмыстармен айналысу барысында қолданамыз.

– Робототехника балалардың қандай қабілетін дамытады деп ойлайсыз?

– Роботтар сайысына дайындау үшін мұғалімге команда тренері ретінде жұмыс істеуге тура келеді. Сайыс оқушылардың робот техникасы бойынша оқу-танымдық іс-əрекетін ұйымдастыру əдісі ретінде бəсекеге қабілетті болуды қалыптастыруға септігін тигізеді. Бұл əдіс оқушыларды көшбасшылыққа, бəсекелестікке үйретеді. Сайыс барысында мектеп оқушысы достарымен қарым-қатынаста белгілі бір табысқа жетеді, жаңа əлеуметтік дəрежеге ие болады. Сайыс белсенділікті оятады, сондай-ақ оқушының бойында өзін-өзі тəрбиелеу дағдыларын қалыптастырады. Командаларды сайысқа дайындау кезінде ынтымақтастық пайда болады, олар мектеп оқушылары мен команда жаттықтырушысының тең дəрежеде бірлесіп əрекет етуіне негізделеді. Оларға «мұғалім-оқушы», «оқушы-оқушы» жұптарында, «жаттықтырушы-операторлар» тобында пікір алмасуға мүмкіндік беріледі.

– Робототехника болашақта қандай мамандықтарға жол ашады деп ойлайсыз?

– Жыл сайын көп мамандық адамдардан роботтарға ауысуда. Цифрландыру мен роботтандыру кәсіби қызметтің барлық саласына қарқынды еніп жатыр. Ал мұндай технологиялардың қарқынды дамуы білімнің ескіруіне әкеледі.  Мұндай жағдайда өскелең ұрпақ болашақ мамандығын таңдауға, сұраныс пен бәсекеге қабілетті маман болуға ұмтылуы керек.

Z ұрпағы цифрландыру дәуірінде өсті. Олар үшін интернет бұл мессенджерлер мен ойындардағы байланыс қана емес, жаңа білім алудың жолы, біліктілікті арттырудың үздіксіз процесі, даму алаңы, идеялар және желілік бизнес ашу.

Цифрландыру саласы үнемі дамып отырады және бір орында тұрмайды. Сондықтан да жаңа технологиялар, роботтандыру мамандарының тапшылығы сезіледі. Бұл жаңа бос  жұмыс орындарының пайда болуына әсер етеді, көптеген мамандық кәсіпорындарды роботтандыру процесінде жойылады. Дегенмен бұл жұмыссыздықтың өсуіне әкелмеуі керек, өйткені технологиялық прогресс жаңа дағдыларды қажет ететін жаңа жұмыс орындарын ашады. IT саласындағы өзгерістердің арқасында іс жүзінде өндірістің барлық саласында жаңа технологиялар пайда болуда.

– Білім беру және инновация саласында көптеген жетістікке қол жеткіздіңіз. Құпиясы неде?

– Негізгі мақсатым – білім беру саласына инновациялық технологияларды енгізу және оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту. 2022 жылдан бастап бірнеше қалалық және республикалық байқауларға қатысып, тәжірибемді жетілдірдім. Мысалы, «Үздік авторлық бағдарлама-2022» байқауының қалалық кезеңінде алғыс хатқа ие болдым. Сондай-ақ халықаралық экология, инженерия және педагогика ғылымдар Академиясының «STARS OF SCIENCE» атты ІІІ республикалық ғылыми жобалар байқауына қатыстым. Инновациялық жобаларға ерекше көңіл бөлетіндіктен, «Innofest Qyzylorda» облыстық инновациялық жобалар фестиваліне және «Smart City Kyzylorda Hackathon 2023» ІТ-жобалар хакатонына қатысып, сертификаттарға ие болдым. Сонымен қатар республикалық «Ozyq Urpaq 2024» жобасы аясында «Robotek.pro» оқу платформасы бойынша 50 баланы тегін оқыту лицензиясын иеленіп, жасөспірімдердің цифрлық білімін арттыруға үлес қосып келемін. 2024 жылы «Digital Lesson-2024» облыстық педагогикалық шеберлік байқауында ІІІ орын алдым. Жақында «Жасанды интеллект арқылы өлкенің тарихын зерттеу және басқару» атты облыстық семинарда ашық сабақ өткізіп, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект платформаларын сабақ процесіне енгізу тәжірибеммен бөлістім. Болашақта осы бағытта жұмысымды жалғастырып, білім беру саласына жаңа технологияларды енгізуге үлес қосуды мақсат етіп отырмын.

–  Шәкірттеріңіздің жетістігі туралы айтсаңыз…

–  Әлем үлкен өзгерістер алаңына айналып отыр. Жасанды интеллект бұрын-соңды естімеген жаңалықтарды ашуға, адам өмірінің сапасын өзгертуге белсенді араласып кетті. Тіпті жуық арада адам қолымен жасалатын көптеген жұмыс жасанды интеллект жадымен оңай орындалып, еңбек нарығынан шығып қалмақ. Бара-бара қарқын алатын осындай өзгерістер дәуірінде ұрпақ санасын сау, рухын сергек сақтау, бойларына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ел-жер қадірін түсіндіру қазіргі ұстаздар қауымына жүктелер азаматтық міндетке айналып отыр. Осы орайда өзім ұстаздық қызмет атқаратын Қызылорда қаласындағы №212 мектеп-гимназия оқушыларының цифрлық сауаттылықтарын арттырып, робототехникадан түрлі деңгейде өткізіліп жүрген конкурстарға даярлап келемін.

Мен үшін ең үлкен жетістік – шәкірттерімнің ғылым мен инновацияға деген қызығу­шылығы артып, түрлі байқауларда үздік нәтиже көрсетуі. Олардың жетістіктері – ұжымдық еңбектің және табандылықтың жемісі.

2022 жылы «Дарын» облыстық ғылыми жобалар байқауында 9-сынып оқушылары Айым Акбарова мен Ақнұр Тыныштықбай ІІ орынды жеңіп алды. Осы жылы «STARS OF SCIENCE» республикалық ғылыми жобалар байқауында 7-сынып оқушысы Ердос Айдосұлы ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Робототехника саласында да оқушыларым белсенді. «Robo Fest-Orda» облыстық фестивалінің қалалық кезеңінде Әлинұр Қожабекұлы мен Аслан Асқаров ІІ орын алды. 2024 жылы «Robotek Grand Tournament» чемпионатының қалалық кезеңінде 7-сынып оқушылары Нұрхан Ысқақ мен Ерназар Дастанбек ІІІ орынды иеленді. Инновациялық жобаларға да қызығушылық жоғары. 2023 жылы «Innofest Qyzylorda» облыстық инновациялық жобалар фестиваліне қатысқан оқушылар Инабат Жолдасова, Гүлім Сунақ, Нұрай Мадияр, Тобылғы Қаламбай сертификат алды. 2024 жылы «ORDA-IT Fest» фестивалінің «Кино&Видео» бағыты бойынша 9-сынып оқушысы Инабат Жолдасова ІІ орынға ие болды. Бағдарламалау және ІТ саласында да үлкен жетістіктер бар. 2023 жылы «Smart City Kyzylorda Hackathon 2023» ІТ-жобалар хакатонына 8-сынып оқушысы Ердос Айдосұлы қатысып, сертификат алды. 2024 жылы «Hackathon-Tech Teens 2024» облыстық байқауында 8-сынып оқушылары Нұрхан Ысқақ мен Інжу Раушанбекова алғыс хатқа ие болды. Оқушыларым «ROBOGAMES» қалалық байқауында да жақсы нәтиже көрсетті. 8-сынып оқушылары Мұнар Мұратов мен Әділет Есіркеп «Инверстік сызық» санаты бойынша, ал Інжу Раушанбекова мен Інжу Сәбитқызы «Кегельринг-квадро» санаты бойынша ІІІ орын алды. 2025 жылы «Robotek Grand Tournament» республикалық чемпионатының қалалық кезеңінде 8-сынып оқушылары Нұрхан Ысқақ пен Еркебұлан Тәуекел ІІІ орынды иеленді.

Оқушыларымның осындай жетістіктерге жетуі – олар­дың табандылығының, шығармашылық ізденісінің және сапалы білім алуға деген құлшынысының нәтижесі. Мен оларды мақтан етемін және алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістіктерге жетеміз деп сенемін. Оқушыларымның табысы ұстаздар мен ата-аналар қауымын қуанышқа бөлеп келеді. Білімқұмар шәкірттеріммен бірлесе жеткен жетістіктерім алдағы уақытта олардың қызығушылығын арттыратын ізденіс бағыттарын айқындап, ынталана еңбек етуге қуат береді және жауапкершілігін арттырады. Тәуелсіз еліміздің ертеңін жасайтын білімі озық, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу ісінде оқушыларды білімге қызықтырып, адами ізгі қасиеттерге баулып, тәрбиелеуге баса ден қоямын. Себебі бүгінгі бала – ертеңгі  саналы азамат, сауатты маман, ел қорғаны, халық мақтанышы.

– Сұхбатыңызға рахмет.

София Темірболат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: