ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев брифинг берді.
Брифингте аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
Ел Президентінің бастамалары мен тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында өңірде атқарылған жұмыс пен алдағы міндеттер туралы айтты.
Бүгінде Сыр өңірінде атқарылған жұмыстар мен қолға алынған оң бастамалар жетерлік. Соңғы жылдары өңірге тартылған инвестиция көлемі артқан. Инвестициялардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларына бағытталған. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, «2022-2024 жылдары облыс экономикасына 1 трлн 600 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Биылға 631 млрд 400 млн теңге жоспарланған. Осы уақытқа дейін жаңа жобаларды іске қосу арқылы инвестиция 750 млрд теңгеден асып, жоспар артығымен орындалған.
– 2021 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 233 пайыз артса, жеке инвестиция үлесі 70 пайыз. Экономиканы әртараптандыруда алдағы жылдары 2,8 трлн теңгенің 98 инвестициялық жобасы жоспарланған. Бұл 12 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Биыл 300 млрд теңгеден астам қаржыға 27 инвестициялық жоба іске қосылды. Шілде айында 5 млрд теңгеге «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің толық автоматтандырылған кірпіш зауыты ашылды. Зауыт жылына 90 млн кірпіш шығарып, жергілікті құрылысқа қажетті сұраныстың 90 пайызын қамтамасыз етеді. «Қызылорда нан» серіктестігінің нан өндіру кешені іске қосылды. Кешеннің жалпы құны 5 млрд 600 млн теңге болатын нан-тоқаш, кондитерлік-макарон өнімдерін (жалпы қуаттылығы 7,8 мың тонна) шығаратын 4 цехы жұмыс жасауда. Бұдан бөлек, 753 млрд 300 млн теңгеге 14 ірі жобаның құрылысы басталуда. Оларды атап өтсек, 414 млрд 700 млн теңгеге «Шалқия» кен-байыту фабрикасы, 161 млрд 400 млн теңгеге кальцийленген сода зауыты, 60 млрд теңгеге «Seven Rivers Technologies» компаниясының бөтелке шығаратын зауыты, 37 млрд 800 млн теңгеге оңтүстік кореялық «With you e&c Qyzylorda» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтар өңдеу зауыты. Өткен аптада ғана испандық «Roca Group» компаниясымен жылына 500 мыңға дейін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын жоғары технологиялық зауыт салу жөнінде инвестициялық келісімге қол қойылды. Елімізде салынатын алғашқы зауыттың құны 44 млрд теңге, 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жоба 2027 жылы іске қосылады, – деді аймақ басшысы.
Сыр өңірінде ауыл шаруашылығы саласында да оң серпіліс бар. Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласын дамыту, халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту мәселелері жөнінде кеңінен тоқталды. Мұнда күріш өндірісімен қатар, егін шаруашылығын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы өнімділік сақталып, су тапшылығының әсері азайтылуда. Сыр өңірі су ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалану, су шығынын азайту мақсатында егістікке жаңа технологиялар енгізуді қолға алған. Соның нәтижесінде биыл диқандар күріш алқаптарының 60 мың гектарын лазермен тегістеп, суды үнемдеп, өнімділікті арттырған. Су үнемдеу технологиялары 8100 гектарға пайдаланылып, өткен жылмен салыстырғанда 2 есе ұлғайған. Шиелі, Қазалы, Арал аудандарында шетелдік компаниялардың қатысуымен су үнемдеу технологияларын қолданып жүгері, жоңышқа егуге бағытталған 3 ірі жоба қолға алынған.
– Егін шаруашылығын әртараптандырып, су үнемдеу технологиясын енгізген шаруашылықтарды мемлекеттік қолдауға алдағы 3 жылға 34 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі жыл сайын артып келеді. Осы жылы бұл көрсеткішті 234 млрд 800 млн теңгеге жетті. Қазіргі таңда 6 млрд 400 млн теңге болатын 9 жоба іске қосылды. Ауыл шаруашылығының машина-трактор паркі жаңартылып, 2022-2024 жылдары 21 млрд 800 млн теңгеге 647 техника алынса, биыл 4 млрд 700 млн теңгеге машина-трактор паркі 139 ауыл шаруашылығы техникаларымен толықтырылды. Дер кезінде қабылданған шешімдердің негізінде егіс алқаптары толық сумен қамтамасыз етіліп, егінді шығынсыз алып қалуға барынша жағдайлар жасалды. Өңірде биыл 189 600 гектарға егін егілді, 80 900 гектарға себілген күріштің әр гектарынан 58,1 центнерден өнім алынып, 470 мың тоннаға жуық астық жиналды, – деді Н.Нәлібаев.

Халықтың сапалы өмір сүруі үшін әлеуметтік мәселелерді шешу бірінші орында екені анық. Осы тұрғыда таза ауызсу, тұрғындарды ыстық сумен қамту жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
– Мемлекет басшысының елді мекендерді түгелдей орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамтамасыз ету тапсырмасы 100 пайыз орындалды. Мысалы, Арал қаласынан 120 шақырым жерде, яғни ең шалғай орналасқан Ақбасты ауылына да су жеткізілді. Мемлекет басшысы 2023 жылы өңірге жұмыс сапары кезінде Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту туралы тапсырма берген болатын. Осылайша қызылордалықтардың арманына айналған көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су қосу мәселесі оң шешімін тапты. Осы мақсатқа 26 млрд 200 млн теңге бөлініп, 423 тұрғын үйге жоба әзірленді. Жобалар 2 кезеңмен іске асырылуда. Бірінші кезеңде 2024 жылы 186 үйді ыстық сумен қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен 11 млрд теңге қаржы бөлініп, тұрғын үйлер ыстық суға қосылды. Екінші кезең бойынша 15,2 млрд теңге қаржыға 237 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтылуда. Осы бағытта биыл Үкімет резервінен бөлінген 5 млрд теңгеге 61 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су жеткізілді. Сондай-ақ арнаулы мемлекеттік қордан 10,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезде тұрғын үйлерді ыстық су жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде. 2022-2024 жылдары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 31 млрд 600 млн теңгеге 78 ауылдың әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 343 жоба жүзеге асты, – деді Н.Нәлібаев.
Аймақта жұмыссыздық көрсеткіші жыл сайын төмендеп келеді. Биыл 27964 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасы 2022-2024 жылдары 42 пайыз артығымен орындалып, 37 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған Ал, биылғы жылы 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, жоспар 12,9 пайыз артығымен орындалды. 2023-2025 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы аясында 100-ден астам елді мекенде 6 млрд 828 млн теңгеге 943 жоба жүзеге асырылып, жаңадан 1 303 жұмыс орны құрылған.
Жалпы, өңірде жол құрылысы қарқынды дамуда. Облыс орталығында да жол қатынасына байланысты мәселелер шешімін тауып, жыл өткен сайын жақсарып келеді. Атап айтқанда, биыл жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жеткен.

– Қызылорда қаласындағы 270 көше қайта жаңғыртылды. Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 50 млрд 605 млн теңге бөлініп, 329 шақырым автомобиль жолы, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өтті. Жақында ғана «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының облыс аумағындағы 216 шақырымы қайта жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне берілді. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көлік логистикасын одан әрі дамыту бағыты белгіленіп, «Сексеуіл-Бейнеу» автомобиль жолының құрылысын жеделдету тапсырылған. Автожолдың ұзындығы 559 шақырым, оның 189 шақырымы Арал ауданының Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман, Бердікөл, Сексеуіл ауылдары арқылы өтеді. Бұл өңірдің ең шеткі елді мекендеріндегі жол қатынасын жақсаратады, – деді Н.Нәлібаев.
Бүгінде Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналған. Өңірде 2022 жылдан бері 200-ге жуық халыққа қажетті әлеуметтік нысан салынып, тұрғындар игілігін көруде.
– Аймағымызда соңғы 3 жылда алғаш рет барлық ауданда жаңадан тұрғын үйлер салынып, 1 800-ге жуық, атап айтқанда 2023 жылы 430, 2024 жылы 1015, 2025 жылы 332, жалпы 1777 пәтер жерлестерімізге табыс етілді. Биыл 3600 пәтерлік тұрғын үйлер салуға бюджеттен 58 млрд 785 млн теңге бөлінді. Біздің ең бірінші міндетіміз – балаларымыздың жан-жақты сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру. «Білімді қолдау қорының» 8 млрд 400 млн теңге қаржысына физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты ел игілігіне табысталды.
Қызылорда қаласында құрылысына 11 млрд теңге қаралған балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» академиясы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының демеушілігімен 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи Оқушылар сарайы ашылды. «Саутс Ойл» компаниясы музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасын салуға 4 млрд 800 млн теңге демеушілік жасады. Қазіргі уақытта Президент саябағында жыл бойы жұмыс істейтін заманауи балалар тынығу лагері, Ботаникалық білім беру орталығы бой көтеріп келеді. Сондай-ақ жұмысшы мамандарды даярлауға арналған «Құзыреттілік орталығы» ғимараты да басталды», – деді Н.Нәлібаев.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында облыс көлемінде көркейту-көгалдандыру, ауыл аймақтарды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Биыл қалалық мәдени-демалыс паркі қайта жаңғыртудан өтті. Қорқыт Ата мемориалды аллеясы да жаңғыртудан кейін жайлы демалыс орнына айналды.
Жаңарған Президент саябағы тұрғындар көп жиналатын қаладағы көрікті орындардың бірі болады. Бүгінде саябақта бес жұлдызды қонақүй салынуда. Сырдария өзені үстінен Астана шағын ауданы мен екі аралықты байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірі құрылысы жоспарланған.
Облыста денсаулық сақтау саласын дамыту барысында жүйелі іс-шаралар жасалған. Биылғы жыл қорытындысы бойынша аймағымызда денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады. Биыл аймақта «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 10 млрд 763 млн теңгеге 28 медициналық нысан салынды.
– Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы қарқын алды, 5 млрд 400 млн теңгеге 4 аудандағы орталық ауруханалар жанынан қосымша ғимараттар салынды. Бұрын-соңды өз ғимараты болмаған қан орталығы бүгінде жаңадан салынған нысанда халыққа қызмет көрсетуде. Оған қоса үкімет облыс орталығында 48 млрд 500 млн. теңгеге 200 орындық перинаталдық орталық, 14 млрд 780 млн теңгеге 500 орындық емхана салуға тиісті қаулы қабылдады. Құрылыс жұмыстары жақын күндері басталады. Тағы бір 400 орындық емхана салу жоспарлануда, – деді облыс әкімі.
Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін мамандар біліктілігін арттыру мәселесі ұдайы назарда. Халықаралық байланыстың артуы мамандардың тәжірибе алмасуына жол ашты. Өткен жылы 15 дәрігер Түркияның жетекші медициналық клиникасында білімін жетілдірген. Биыл 41 медицина қызметкері Германия, Ресей, Литва, Беларусь елдеріндегі үздік клиникаларда біліктілік арттырған.
Табысты ұлт болып қалыптасудың тағы бір маңызды факторы – білім сапасы. Әрбір баланың білім алуына, жан-жақты дамуына лайықты жағдай жасалуы керек. Қазіргі таңда елімізде «Келешек мектеп» ұлттық жобасы осы мақсатта жұмыс істеуде. Бұл бағытта Сыр өңірі де оқ бойы озық келеді. Білім саласының дамуы үшін бөлінген қыруар қаржыдан ақ осыны байқауға болады. Мәселен, бұл салаға соңғы үш жылда 812 млрд 245 млн теңге, биыл 346 млрд 800 млн теңге бөлінді. Өткен жылы 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд 391 млн теңгеге 10 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. Аймақта үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
– «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты салынып, ел игілігіне табысталды. Сонымен қатар«Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынды. Биыл «Қазақстан халқына» қоры арқылы 500 млн теңгеге 2 мектеп ауылдық жерлердегі ресурстық орталықтар ретінде интерактивті және заманауи оқу кабинеттерімен қайта жабдықталды. Бүгінде аталған қордың 2,5 млрд теңге қаржысына облыстағы 58, оның ішінде 8 шағын жинақты мектептің физика, химия, биология пәндік кабинеттері құрал-жабдықтармен қамтылды. Жақында өткен ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада қорытындысымен Қызылорда облысының командасы қоғамдық-гуманитарлық бағытта ІІ-орын, жаратылыстану-математикалық бағытта ІІІ-орынды иеленді, – деді облыс әкімі.
Аймағымызда халықтың барлық санатының бұқаралық және кәсіби спортпен шұғылдануына жағдай жасалған. Соңғы 3 жылда 21 спорт кешені бой көтеріп, ел игілігіне табысталды.
Мемлекет басшысының аймақтарда спорт инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде стадиондар мен спорт кешендерінің санын көбейту тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласында жаңа стадион салынған.
– УЕФА-ның ІV санатты сертификатын алған 11 мың орындық заманауи нысанда ауқымды спорттық іс-шараларды өткізуге барлық мүмкіндік бар. Жаңа стадион 4 қазан күні футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен ашылды. Облыс орталығындағы ірі жобалардың бірі – аумағы 25 мың шаршы метр, құны 20 млрд 500 млн теңге болатын көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешені. Бүгінде кешеннің құрылыс алаңындағы жұмыс қарқынды, – деді Н.Машбекұлы.
Облыс орталығында Мемлекет басшысының қолдауымен «AKSA Energy» түрік компаниясы Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығын салды. Орталыққа бюджет есебінен 15 млрд теңгеге 45 шақырым газ құбыры жүргізілді.Жаңа жылу-электр станциясы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған ең ауқымды, теңдессіз жобалардың бірі
Президент тапсырмаларын жүйелі іске асырып, одан әрі дамыту жолындағы тірліктер мұнымен тоқтап қалмайтыны анық. Сыр өңірінде серпіліс көп. Атқарылар ауқымды тірліктің нәтижелерін алдағы уақытта да көретініміз белгілі. Аймақ басшысының брифингі Сыр өңірінің дамуында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетті. Экономиканы әртараптандыру, ауыл шаруашылығын қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік саланы дамыту – алдағы кезеңдегі негізгі басымдықтар. Барлық бастамалар өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!