Шағын ғана тігін шеберханасының есігін ашқан сәттен-ақ ерекше бір әдемі әлемге еніп кеткендей боласың. Тігінші Айнұр Бақытқызы ісмерлікті кәсіп етіп келеді. Он саусағынан өнері тамған ісмердің жұмысына сұраныс көп. Соның нәтижесінде тігін шеберханасын ашып, кәсіп көзіне айналдырды.
– Тігін тігумен 25 жылдан бері айналысамын. Бұл өнер мен үшін жай ғана жұмыс емес, жүрек қалауым. Анам да тігінші болған, кішкентай кезімде оның жанынан шықпайтын едім. Ол маған тігін тігудің қыр-сырын үйретті, мені осы өнерге қызықтырып, шабыттандырды. Қазір той көйлектерін тіккенді ұнатамын. Әр көйлек өзінше ерекше және әр адамның арманындағыдай етіп тігуге тырысамын. Еңбегім еленіп, тұтынушыға ұнаса шаршағанымды ұмытып кетемін, – дейді кейіпкеріміз.
Ол тапсырысты асықпай, ойланып отырып орындайды. Сапалы әрі сәнді киім тігу – шыдамдылыққа үйретеді. Айнұрдың бұл өнерін тұтынушылар да жоғары бағалайды.
– Бұл шеберханаға алғаш рет былтыр жазда келдім. Тойға арнайы көйлек тіктіргім келді. Дүкеннен таба алмаған сәнді үлгіні тігіншіге көрсеттім, ол еш қиналмастан дәл сондай, тіпті одан да әдемі етіп тігіп берді. Көйлекті кигенде өзімді ханшайымдай сезіндім. Тігісі түзу, матасы жұмсақ, ең бастысы, өзіме құйып қойғандай болды, – дейді Салтанат Құдайбергенова.
Әңгіме соңында кейіпкеріміз қолөнердің сапасы әрқашан жоғары болатынын айтып өтті.
– Жіптің дұрыс тартылуы, матаның дұрыс кесілуі, өлшемнің дәлдігі осының бәрі тұтынушы көңілінен шығатын дүниеге айналуы қажет. Тапсырыс берушінің жан дүниесін түсінуге тырысамын. Қазір дайын киім дүкендері көбейіп, бәрін сатып алуға мүмкіндік болғанымен, тігілген киімнің құндылығы жоғары. Тігіншілік – бұл өнер. Оны жүрекпен жасау керек, – дейді ол.
Шеберханада бір сәт тыныштық орнап, тігін машинасының сыртылдаған дауысы ғана естілді. Әп-сәтте тағы бір көйлек дайын болды. Көздің жауын алатындай әдемі көйлек тағы бір нәзік жанды қуантары сөзсіз.
Назерке БАҚЫТБЕК,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 2 – курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!