Қазір кәсіппен айналысуға мүмкіндік мол. Тек өзіңіздің қабілетіңізге сай кәсіп таңдап, онымен тұрақты айналысып, өз бағыңызды сынап көрсеңіз болады. Шаруаңыздың өрге басуы әп-сәтте. Тасбөгет кентінде Айжанның бастамасымен қолға алынған ерекше кәсіптің игілігін ұстаздар ғана емес, көпшілік көруде. Сұраныс бар жерде табыс көзі де үзілмейді. Кәсіпкеріміз Айжан Бисенованың оқу орталығы бар. Тәрбиеленіп жатқан оқушылардың қызығушылығын тудыру мақсатында ол қабырғаға керемет сурет салуды армандаған.
– Менің алдымен суретші іздедім. Қабырғаға сурет салу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол кезде мемлекеттен грант көмегін аламыз деген ой болмаған. Тек ғимаратты сәндесек дедік. Инстаграмнан Астана қаласынан сурет салатын адамды таптық. Ол кісілермен байланысқа шығып едік, «сурет салатын құрылғыны өздеріңіз сатып алыңыздар» деді. Бұл ұсыныс бізге ой салды. Сол кезде мемлекеттік грант туралы ақпарат тарап жатқан. Бизнес жоспар құрып, дереу конкурсқа қатысуға шешім қабылдадық. Осылайша былтыр 480 адамның 19-ы жеңіске жетті. Мен де сол қатарда болдым. Ұтып алған 5 миллион теңгеге өз қаражатымнан 2, 5 миллион теңге қосып, арнайы робот-принтер құрылғысын сатып алдым. Бәрі бірдей болмайды ғой, алғашқы 6 ай көп тапсырыс болмады. Жаңа құрылғы болғаннан кейін оны үйренуге еңбектендік. Инстаграм парақшасы арқылы жарнама істедік, таргет жібердік. Көбіне қалада салынып жатқан жайлы мектептерден, жеке адамдардан, мекемеден реттілікпен тапсырыс түсе бастады. Қарамағымда 4 адам бар. Олар СММ маманы, дизайнер және 2 адам құрылғыны құрумен, суретті салумен айналысады, – дейді Айжан Бисенова.
Кәсіпкердің айтуынша, қабырға принтерлері арқылы кеңістікті түрлендірудің мүмкіндігі мол. Бұл құрылғы қабырғаны безендіріп қана қоймайды, сонымен қатар оқушылар мен ұстаздар үшін шабыттандыратын атмосфера жасайды. Оны пайдаланудың артықшылығы – оқуға деген қызығушылықты арттыратын сызбаны, инфографиканы және оқу материалын қабырғаға басып шығару. Сабақтың немесе іс-шараның тақырыбына байланысты дизайнды оңай баптау және өзгерту мүмкіндігі де қарастырылады. Плакаттар немесе қосымша көрнекілікті жылдам басып шығару мүмкіндігі бар. Қабырғаға сурет салынған бойда кебеді, экологиялық таза өнім, иісі болмайды. Бір ерекшелігі, 8 жылға дейін өзінің түсін қалпында сақтайды. Айжан өз кәсібін болашақта дамытқысы келеді.
– Бұл кәсіпке әзірге бәсекелес болмай тұр. Сондықтан осындай құрылғыны көбейтіп, бірден бірнеше тапсырыс қабылдауды жүзеге асырғым келеді, – дейді ол.
Әрине, «талаптыға нұр жауар» деген даналықта үлкен мән бар. Кәсіп дамыса, табыс молайып, жұмыс көзі де ашылып, екі қолға бір күрек таппай жүргенге несібе болары анық.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!