Сейсенбі, 30 қыркүйек, 11:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№74, 2186
30.09.2025
PDF мұрағаты

Алаяққа алданып қалмаңыз

30.09.2025

46 0

Заманауи технологиялардың да­мыған кезінде елімізде кең етек алған қылмыстың түрі – интернет алаяқтық. Жыл сайын мыңдаған адам киберқылмыстың құрбанына айналып, сан соғуда. Сондықтан да бұл мәселе өзектілігін жояр емес.

Құқық қорғаушылар алаяқтыққа қарсы күрес жұмыстарын күшейт­кенімен, алданып қалғандар аз емес. Еліміз бойынша 2024 жылы интернет алаяқтықтың 22870 жағдайы тіркелсе, 2025 жылыдң 5 айында – 10145 жағдай тіркелген. Демек, күн сайын бұл мәселе күрделене түсуде. Құқық қорғау органдары алаяқтықты азайту үшін бақылауды күшейтіп, барлық жағдайда жасауда. Алаяқтықтың алдын кесу мақсатында аймақта ау­қым­ды жұмыстар жүргізілуде. Қызыл­орда облыстық полиция де­парта­менті Киберқылмыспен күрес басқар­масы бастығының орынбасары Тимур Хамитовтің сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері аймақ бойынша интернет-алаяқтыққа қатысты 118 қыл­мыстық іс тіркелген. Оның ішінде 41 іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, түпкілікті шешім қабылданған.

– Қазіргі уақытта ең жиі кездесіп отырған тәсіл – өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды алдау. Мұндай жағдайда қылмыскер жәбірленушіге хабарласып, оның атындағы есепшотқа шабуыл жасал­ғанын немесе төлем картасындағы қаржысын жымқырып жатқандар бар екенін айтады. Кейін «қауіпсіз есепшотқа» қаражатты аударуды талап етеді. Сондай-ақ алаяқтар TeamViewer немесе AnyDesk сияқты арнайы бағдарламаларды жүктеп алуға көндіреді. Аталған қосымшалар арқылы олар жәбірленушінің теле­фонына қашықтан кіріп, банк қо­сымшасын толықтай басқара алады. Бұл ретте депозиттегі қаржыны шешіп алып қана қоймай, кез келген сомада онлайн несие рәсімдеп, түс­кен ақшаны өздерінің есепшотына аударып жіберу олар үшін қиын емес. Интернет-алаяқтықтың тағы бір кең тараған түрі – әлеуметтік желілерде жалған парақшалар ашып, тұрмыстық заттарды сату немесе қызмет көрсетуді уәде етіп, алдын ала төлемді алып жоғалып кету. Сондай-ақ WhatsApp мессенджері арқылы таныстардың фотосын пайдаланып, қарызға ақша сұрау деректері де жиілеп отыр. Осы­ған орай тұрғындарымызға күдікті қоңыраулар мен хабарламалар түс­кен жағдайда ешқашан жеке дерек­терін бермеуді, банк картасы мен қо­сымшаға қатысты құпия кодтарды айтпауды ескертеміз. Ең бастысы – банк атынан хабарласқан белгісіз адам­дарға сенбей, бірден ресми сенім теле­фондарына қоңырау шалған жөн, – дейді Тимур Зуфарович.

Интернет арқылы көбейген алаяқ­тың құрығына түсіп қалмаған жөн. Олар кез келген адамды өз айла­сына түсіретіндей әрекеттер жа­сайды. Сондықтан бөтен номерден байланысқан, әлеуметтік желі ар­қылы хабарласқан кісілерден сақ бол­ған жөн. Мәселен, қазіргі уақытта «Ватсап» және «Инстаграм» желісі арқылы ақшаңызды 30, 50% көбейтіп береміз деп жарнама жасайтындар көп. Ол үшін «алдын ала төлем салу керек» деп халықтан ақша жинап, жарнама берген парақшаларын жауап тастайды.  Бүгінде халықтың көбі қаражаттан қысылып жүргендіктен, осындай жайттарға сеніп алданып қалуы мүмкін. Сондықтан да сақтық шараларын қолданған жөн. «Оңай олжаға тап боламын» деп, алаяқтың құрбанына айналып жүрмеңіз. Өзіңіз хабарыңыз болмаған жайттан қашық жүрген дұрыс. Себебі басқарма бастығы азаматтарды алдап, сендіру арқылы жасалған қылмыстар халық арасында белең алып жатқанын қадап айтты. Мұндай алаяқтықтың алдын-алу үшін басқарма тарапынан түрлі шара жасалуда. Мәселен, халықты құлақтандыру мақсатында «Фейсбук», «Инстаграм» әлеуметтік желілеріне алаяқтың түрлеріне қатысты үздіксіз бейне роликтер мен жазбаша мақа­лалар жариялануда. Дегенмен, кибер­қылмыскерлердің қитұрқы әрекеттерін түбегейлі тоқтату әзірге мүмкін емес. Сондықтан әр азамат жеке басына қатысты деректерді тек қана өзі біліп, басқа адамға жария етпегені жөн. Телефонға белгісіз номерден  қоңырау келген жағдайда ойланып жауап берген абзал.

А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: