Сенбі, 13 желтоқсан, 03:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№95 (2207)
13.12.2025
PDF мұрағаты

Алақан – жаңа әмиян

13.12.2025

39 0

Бұрын фантастикалық фильмдерде көретін кейіпкерлер жай ғана алақанын созып есік ашатын немесе бет әлпетін сканерлеп төлем жасайтын. Ол кезде адам сенгісіз, тек кинода ғана болатын технология сияқты еді. Ал бүгін сол фильмдер шындыққа айналуда. Тек фантастикада болған төлем жүйесі қазір АҚШ, Жапония, Түркия, Қытай сияқты елдерде қолданыста.

Биометриялық төлем бет, көз, саусақ, алақан үлгісі арқылы сәйкестендіру әлемдік қаржы индустриясының жаңа бағытына жаңалық болып келді. Сондай төлем жүйесі «Amazone one» компаниясы АҚШ-тағы сатып алушыларға алақан арқылы төлем жасауға мүмкіндік беріп отыр. «Amazon One» жобасы АҚШ-тағы Сиэтл ауданындағы супермаркеттерде жылдам әрі ыңғайлы төлем жүйесі ретінде қолданушылардың сеніміне ие болған. Осыған ұқсас биометриялық төлем жүйесі Қытайда да қолданылып келеді. Қытайдағы Дасин әуежайында метроға кіру үшін жолаушылар алақанын арнайы аппаратқа сканерлеп өтеді. Алақан тіркелген банк картасынан лезде ақша төлеуге жағдай жасалған. Мұндай төлем жүйесі физикалық картаның болуы немесе телефон қуатының бітуі сынды мәселелерге қарамай жұмыс істей береді екен. Сонымен бірге Қытай университетінің бірінде студенттер асханаға тамақ ішуге кіргенде алақан сканерінің көмегімен төлем жасайды. Бұл технология 1-2 секундта жасалатындықтан кезек күту мәселесін шешкен.

Алпауыт елдер қолданысқа енгізген мұндай төлем жүйелері елімізге де келді. Енді қазақстандықтар алақан көмегімен ақша төлей алады. Елдегі төлем жүйесін жаңа деңгейге көтерген Kaspi компаниясы «Kaspi Alaqan» деп аталатын қызмет түрін таныстырды. Дүкенде тұрған кезде алақаныңызды арнайы құрылғыға жақындатсаңыз жеткілікті. Михаил Ломтадзе алдымен Алматының ірі сауда орталықтарына орнатылып, кейін еліміздің басқа қалаларына таралатынын айтты.

– Бұл смартфонды қалтадан шығарудан да тез. Бірінші рет қолданып көргенде ерекше әсер аласыз. Бұл жүйенің қауіпсіздік деңгейі Kaspi ID қызметімен бірдей. Қолданушы қажет болса алақанға байланысты деректерді кез келген уақытта өшіре алады. Kaspi Alaqan тек кассаларда ғана емес, банкоматтарда да қолжетімді болады. Сонымен бірге Kaspi серіктестері үшін үш айға комиссиясыз қызмет көрсету ұсынысы қарастырылған. Бұл дүкендерге жаңа технологияны қолдануға қосымша ынталандыру болуы мүмкін, – деді ол.

Жаңа жүйе болған соң қолданушылар қауіпсіздік жайына алаңдайтыны жасырын емес. Компанияның түсіндіруі бойынша алақан суреті еш жерде сақталмайды. Алақан суреті жылдам цифрлық кілтке айналады. Жүйе тек тірі алақанды таниды.

Алақан арқылы төлем қаншалықты қауіпсіз болуы мүмкін? Бұл туралы ақпараттық технологияларды әзірлеу және бизнес-аналитика орталығының маманы Тұңғышбай Сарханнан сұрап көрген едік. Айтуынша, бұл қауіпсіз төлем жүйесінің бірі.

– Биометриялық деректер саусақ ізі, алақан бедері, бет құрылымы – адамның өмір бойы өзгермейтін белгілері. Каспийде мұндай биометрия ашық түрде сақталмайды ол цифрланған математикалық модельге айналады. Адамның алақанын қайта­лауға болмайтынын ескерсек, әр адамның уникалды төлем кодтары пайда болады. Мұндай жобалар елдің цифрлық әлеуетін көтереді, – деді маман.

Алақан төлем жүйесі енді ғана дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Бұл жүйе көптеген мемлекет үшін таңсық екені белгілі. Осы тұрғыдан «Kaspi Alaqan» жобасы бүкіл Орталық Азия үшін маңызды жаңалық болмақ. Бұл бастама Қазақстанның цифрлық дамуы мен технологияларды қабылдай алу әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: