Сенбі, 28 желтоқсан, 09:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Алашқа алтын бесік болған Сыр елі

12.10.2024

432 0

Қазыналы Қаратау мен ақиық Аралдың арасындағы тарихи құндылыққа толы атамекеніміз біз үшін қасиетті де қастерлі. Сыр – Алаштың анасы,
халқымыздың панасы.
Сыр өңірі – талай ғасыр өркениет өлкесі болған Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ секілді байырғы астаналар қоныс тепкен, қазақ елінің алғашқы астанасы Қызылорда қаласы орныққан киелі жер.
Алаш ардақтыларына алтын бесік болған Сыр өңірі бүгінде Мемлекет басшысының қолдауымен ерекше қарқында дамып, кемел келешекке қарай өркендеп келеді.
Бұл – тәуелсіздіктің жемісі.

Қазір ақпарат алу көзі көп. Елдің сөзі бар, әлеуметтік желі жазбалары бар, іссапардан түйгеніміз бар, аймақтарды дамытудың динамикалық деңгейін дөп басуға болады. Өңірлерді әлеуметтік-экономикалық жағынан өркендетудің тиімділігімен қатар, абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы Президент тапсырмасы пәрменді түрде орындалуы шарт.
Осы орайда сөз қозғар болсақ, қазір Қызылорда облысының даму қарқыны айрықша айтуға тұрарлық. Сыр өңірі жыл басынан бері барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада көш бастап келеді. Халықтың сапалы өмір сүруі үшін ауылдарға 90 пайыз газдандыру жүрді, үш ауысымды мектеп жоқ. Білім, медицина ұйымдарымен, спорт мекемелерімен толық қамтылған және қолжетімді.
Соңғы кезеңде Қызылорда қаласының көлемі бірнеше есе ұлғайды. Сырдарияның сол жағалауы жаңа қалаға айналды. Халық сұранысына сай әлеуметтік нысандар қарқынды жүргізілуде. «Наурыз» елді мекені мен «Сабалақ» саяжайы тұрғындарының тығыздығы артты. Халық санында да өсім бар. Бүгінде қала халқының саны 360 мыңнан асты. Демек, жайлы өмір мен жұмыспен қамту мәселесінің орнықты дамуға көшкенін көрсетеді.
Жақында Еңбек күні қарсаңында өткен өте өзекті шарада аймақтағы коммуналдық мекемелерге 52 жаңа арнайы техниканың кілті табысталғанына куә болдық. Сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелеріне 74 санитарлық автокөлік табысталды.
Елді мекендерді дамыту, оның ішінде, ауылдың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, көркейту-көгалдандыру бағытында атқарылған жұмыстарды ынталандыру, бағалау мақсатында Қызылорда облысында былтырдан бері «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы қолға алынған.

Осындай озық істердің арқасында Қызылорда қаласы еліміздегі ең таза қалалардың бірі болды десек жаңылмаймыз. Мұны әлеуметтік желіде өзге аймақтардан келген қонақтар да айтып жүр.
Сондай-ақ биыл Қызылорда қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Көшелер кеңейіп, төрт жолақты жолға айналуда. Қызылорда қаласына, оған қарасты кент және ауылдық округтердегі 100-ге жуық көшеге орташа жөндеу, қайта жаңғырту, жол және көпір құрылыстарын және абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізілуде. Мұның аясында жұмыссыздықты жоюға бағытталған шаралар қамтылуда.
Сондай-ақ облыс орталығының озық сәулеттік үлгісін қалыптастыру, заманауи келбетін айшықтау мақсатында көшелердің бойын, көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру қарқынды жүргізілуде. Қаладағы 60 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері линеарлық панельмен қапталып, қала көркін аша түсті. Бұл жұмыстарға негізінен демеушілердің қаржысы тартылғаны құптарлық іс. Бүгінде облыс орталығынан абаттандырудың айшықты қадамын аңғару қиын емес.
Қызылорда қаласында жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында 2022-23 жылдары лизингке 300 дана автобус алынса, биыл экотакси қызметі іске қосылды.
Қызылорда қаласын өркендету жолында да демеушілер үлесі орасан зор. Бүгінгі нарықпен бағамдар болсақ, демеушілердің 60 млрд теңгеден астам қаржысымен қала үшін өте қажетті әлеуметтік нысандар салынған. Солардың ішінде «Анаға тағзым» орталығы, орталық алаңның жаңғыртылуы, 350 орындық заманауи оқушылар сарайы толық аяқталды. Сондай-ақ «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы аяқталуға жақындаса, музыкалық колледждің оқу ғимараты мен жатақханасының құрылысы жүйелі жүргізілуде.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың басшылығымен облыс экономикасына инвестициялық түсімдердің артуы, құрылыс қарқынының өсуі, аграрлық саладағы жетістіктер – өңірдің нақты даму көрсеткішін айқындайды.
Облыстың аграрлық өңірден индустриялық-аграрлық аймаққа айналуы – еңбек ырғағын бір сәтке баяулатпаған жерлестеріміздің бірлігімен келген жетістік.
Қызылорда қаласының тұрғындарын қала күні мерекесімен құттықтаймын!
Барша сырбойылықтарға береке-бірлік, ырыс-несібе, еңбектеріне толағай табыс тілеймін!


Руслан Рүстемов,
Сенат депутаты

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: