Сейсенбі, 23 қыркүйек, 12:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№72, 2185
23.09.2025
PDF мұрағаты

Алдағы жоспарлар нақтыланды

23.09.2025

54 0

Өткен аптада қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов арнайы қатысып, қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге атқарылып жатқан жұмыстардың барысын саралады. Отырыстың күн тәртібіне енгізілген мәселелер кеңес мүшелерінің қызу талқысына түсті.

Кеңес отырысына төралқа мүшесі Салкадин Мырзабеков төрағалық етті. Алқалы жиынның маңыздылығын атап өткен қала әкімінің орынбасары Арнұр Әлібекұлы қоғамдық кеңестің халық пен билік арасындағы байланысты нығайтудағы орны ерекше екенін жеткізді.

– Құрметті кеңес мүшелері, әді­летті әрі қуатты Қазақстанды құру жолындағы маңызды міндеттерді жүзеге асыруда сіздердің еңбектеріңіз айрықша. Жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірлесе отырып, ортақ мәселелерді оң шешуге мүмкіндік мол. Кеңес жұмысына табыс тілеймін, – деді қала әкімнің орынбасары.

Жиын барысында бес маңызды мә­селе қаралды. Алдымен жол қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету жайы назарға алынды. Бұл бағыттағы ахуал жөнінде кеңес мүшесі Эрик Теңізбаев баяндама жасап, көлік қозғалысының қауіпсізді­гін арттыруға қатысты бірқатар ұсыныс­тарын ортаға салды.

Келесі мәселе – «Қарасора – 2025» атты арнайы жедел профилактикалық іс-шараға арналды. Бұл жөнінде қала­лық полиция басқармасының есірт­кі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімше­сінің жедел уәкілі, полиция капитаны Асылхан Абилакбаров  ақпарат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Сонымен қатар ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет көрсету басқар­масының басшысы Нұржан Сүлейменов Қызылөзек және Ақжарма ауылдық округтерінде 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында көрсетілген мем­лекеттік қызметтердің мониторингі бойынша баяндама жасап, нақты деректерді ұсынды.

Келесі кезекте қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама­лар бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева әлеуметтік қолдау шара­ларына қатысты мәслихат шешіміне енгізілетін өзгерістер жайында мәлі­мет берді. Ол мұқтаж азаматтарға көрсетілетін көмектің жаңа тәртібін және оның мөлшерлерін белгілеу мәсе­ле­лерін түсіндірді.

Ал қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова «2025–2027 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу жобасын таныстырды. Баяндамашының айтуынша, алдағы үш жылға арналған бюджет жоспарында әлеуметтік сала мен инфрақұрылымға басымдық берілмек.

Қоғамдық кеңестің кезекті отыры­сы осылайша бірқатар маңызды тақырып­тарды қамтып, нақты ұсыныстар мен шешімдерді қабылдауға негіз болды. Кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәсе­лелерді талқылап қана қоймай, оларды тиімді жүзеге асыруға қатысты ой-пікірін білдірді.

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: