Сенбі, 21 желтоқсан, 16:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Алдыңа мақсат қойдың ба, жету үшін еңбектен

05.10.2024

474 0

Төрткүл дүние көз тіккен V дүниежүзілік көшпенділер ойындарында белбеу күресінен жерлесіміз Назерке Әбілтаева қола медальға қол жеткізген еді. Назерке Зауытқызы – жасөспірімдер арасында Әлем біріншілігінің жүлдегері, халықаралық және ел біріншіліктерінің жеңімпазы. Спортта жеңіс тұғырынан көрініп, байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген жас спортшымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз, спорттағы жетістіктеріңіз бен спорттық мансабыңызды қалай бастадыңыз?
– Спортпен айналысып жүргеніме – 12 жыл. Спортқа деген қызығушылығым бұғанам қатпай жатып қалыптасты. 4-сыныпта оқып жүргенімде спорт үйірмесі ашылды. Мен алғашқылардың бірі боп жазылдым. Алғашқы ұстазым – Есенов Бағдат Мырзалыұлы. Мені сол алғашқы жылдардан бастап жарысқа алып барды. Сол сәттен бастап-ақ нәтиже көрсете білдім. Аудандық, республикалық жарыстардың жеңімпазы атандым.
– Әрбір қадамның өз себебі бар. Белбеу күресіне қалай қызықтыңыз?
– 9-сыныпты бітірген соң Қызылорда қаласындағы «Орда» жоғары колледжіне дене шынықтыру факультеті бойынша оқуға түстім. Колледж қабырғасында жүріп мен спорттан қол үзбедім. Жаттықтырушыларым Жанар, Гауһар, Гүлфайруз апайларымның арқасында әлемдік деңгейдегі жарыстарға шықтым. Дзюдо, қазақша күрес, белбеу күрестерінен спорт шебері атақтарын иелендім. Белбеу күресін үйренуіме Айбек Сарбасов ағайымның еңбегі зор. Қай жарысқа апарса да, бас бәйгені қанжығама байладым. Міне, осындай нәтижеден кейін белбеу күресіне деген қызығушылығым артып, тынымсыз еңбектеніп, байрақты бәскелерде топ жарып келемін.
– Әрбір спортқа тән өзіндік ерекшелік болады. Белбеу күресінің басқа күрес түрлерінен айырмашылығы неде?
– Белбеу күресінің ерекшелігі – тек арнайы белдіктерімен ұстасып белдеседі. Мәселен самбо күресінде тап беріп ұстап алып, тырп еткізбеу және аяқтан ұстап күресу басты тактикалардың бірі болса, белбеу күресінде тек белдіктен ұстап белдеседі. Белі мықтылардың жарысы десек те болады, не бел кетеді, не белбеу кетеді. Жарыстың алдында біз әр қалада 2-3 оқу жаттығу жиындарына қатысып, тыңғылықты дайындаламыз. Оқу жаттығу жиындары 2 аптаға дейін созылады.
– Әр спортшының өзінің ерекшелігі, өзінің дағдысы болады ғой. Сіз ойында жеңіске жету үшін қандай стратегия қолданасыз?
– Мен жеңіске жету үшін өзімнің сүйікті әдісім жамбас әдісін оңға және солға кіру арқылы қолданамын. Оң жамбасқа алғанда құламаса, сол жағына кіріп әдісімді шығарамын. Белбеу күресі олимпиадалық емес спорт түрі болғандықтан ол спорт тек Әлем чемпионаты, Азия чемпионаты, Көшпенділер ойындары және ТМД ойындарымен ғана шектеледі. Осы жылдар аралығында көптеген байрақты бәсекелерде өнер көрсеттім. Бірақ осы көшпенділер ойынының алар орны ерекше болды. Олай деуімізге себеп көп. Әлемнің 89 мемлекетінен спортшылар келді. Олармен лайықты бәсеке көрсетуге біз де дайын болдық. Жауапкершілікті сезіне алдық. Жарысқа қай спортшы болсын, жеңіс үшін барады. Қоланы қанағат тұттық. Алдағы уақытта да елдің абыройын асқақтатып, туымызды биіктен желбіреткім келеді. Қолдаған жерлестеріме шынайы алғысымды білдіремін.
– Спортшының әр күні, әр сайысы – тәжірибе. Осы жиған тәжірибеңіздің арқасында жеңіс жолында келесіз. Жас спортшыларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Жас спортшыларға айтарым ең алдымен жалқаулықтан аулақ болсаң, қиындыққа төзімді болсаң және маңдай термен еңбек етсең ғана жеңіске жетесің. Еш уақытта спорттан қол үзбе, үнемі тек дайындық керек. Сонда ғана нәтижеге қол жеткізесің. Менің ата-анам ауылда тұрады. Мен ауылға жылына екі-ақ рет және бар болғаны екі күнге барамын. Себебі менде бос уақыт жоқ. Менің бар уақытым жаттығумен өтуде. Міне, алдыңа үлкен мақсат қойдың ба, онда оған жету керек, жету үшін тынбай еңбектену керек.
– Сұхбатыңызға рахмет!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: