Сейсенбі, 17 наурыз, 01:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№20 (2232)
17.03.2026
PDF мұрағаты

Алғаш рет қазақ тілінде әзірленген басты құжат

17.03.2026

38 0

15 Наурыз – тәуелсіз қазақ елі үшін тарихи сәт. Бұл күні республикалық референдум өтіп,  Тәуелсіз мемлекеттің басты құжаты, жаңа Консти­ту­­цияның қабылдануын ел болып қолдады. Енді бұл атаулы күн  күнтізбеге Конституция күні болып енбек. Ел қолдаған жаңа Конституцияның мәні мен маңызы жайында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің, Құқықтану білім беру бағдарламаларының аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты, адвокат Ерлан Алтаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Ерлан Амангелдіұлы, өзіңіз заңгер, ғалым ретінде референдумға дейін жаңа Конституция жобасын халыққа түсіндіріңіз. 15 наурызда өткен референдумда халық жаңа құжатты қолдады. Жаңа Конституцияның жаңалығына тоқталсаңыз…

– Жаңа Конституцияда түбегейлі принциптердің басым бөлігі өзгеріссіз.  Ал өзгерістерге тоқталсақ, Конституция алғаш рет қазақ тілінде әзірленді. Жатық тілде жазылған. Халықтың қабылдауына ыңғайлы. Арнаулы терең білім талап етілмейді. Екіншіден, соңғы жылдары қоғам талқысында жүрген мәселелер шешімін тапты, мысалы, бір Палаталы парламент, сот процесіндегі жарыспалылық қағидасын қамтамасыз ету үшін «Миранда ережесін» оқу міндеттілігі, адвокатура туралы арнаулы норманың пайда болуы, заң шығарушы орган құрамын қалыптастыру кезінде әлемдік стандартқа сай пропорционалды сайлау жүйесі бойынша тек тіркелген ұйымдар арасынан өкілдер депутат бола алатыны, (яғни Президент бірнеше депутат, ҚХА бірнеше депутат ұсынады деген артықшылықтардың алынып тасталуы), зияткерлік меншік құқығы қорғалатыны туралы арнайы норма, Халық кеңесі, Вице-президент субъектілері және тағы басқа мәселелер.

– Бір палаталы парламент құрудың ерекшелігіне тоқталсаңыз. Құрылтайдың мақсат-міндеті, ат­қа­рар қызметінде қандай артықшылықтар бар? Құрылтайдың арқалар жүгі қандай?

– Бұл, әрине, үлкен күрделі жауапты құрылым болады. Құрылтайдың қате жіберуіне құқығы жоқ. Егер Құрылтай тарапынан ұсынылған және оң деп таныған құқықтық құжат Конституцияға және өзге заңдарға қайшы келетінін өткізіп алса Құрылтайға кешірім жоқ. (47 бабы, 3 бөлігі).

Бұрын екі палата орындаған жұмысты Құрылтай атқарады. Заң қабылдау мерзімі кемиді. Сапа мәселесіне тікелей өздері жауапты болады. Мәжіліс Сенатқа – Сенат Мәжіліске сенім артатын секілді ысырып салу болмайды. Қалған мәселелер бұрынғыдай жүреді деп ойлаймын.

– Жаңа Конституцияның VI бөлімі «Қазақстан Халық Кеңесі» деп аталады. Оқырмандарға Халық кеңесінің қоғамдағы ықпалы қандай болатынын түсіндірсеңіз…

– Конституцияда «Халық кеңесі» туралы ұғым бар. Бұл ұйым – халық елшілері. Елдің мұң-мұқтажын тізбектеп, оларды шешу бойынша қажетті құқықтық құжатты әзірлеп заң шығарушы бастама көтере алады. Халық Кеңесі туралы алдағы уақытта арнайы заң қабылданады. Ал оның құрамына қоғам белсенділері кіреді. Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың құрамындағы азаматтар да қамтылуы мүмкін. Бұл ұйым кімге есеп береді, жауапкершілігі қалай анықталады және басқа мәселелер заңмен анықталады деп ойлаймын.

– Конституциядағы жаңа терминнің бірі – «Миранда ережесі». Бұл қазақ қоғамына, адам құқын қорғауға қалай ықпал етеді?

– Бұл ереже бізге Америка құрама штаттарынан белгілі. «Миранда ережесінің» негізінде әрбір ұсталған азамат өзінің не үшін ұсталғаны туралы білуге, үнсіздік жариялауға, әрбір айтылған сөздің өзіне қарсы қолданылуы мүмкіндігі туралы білуге, адвокаттың көмегіне жүгіну құқығы туралы ұстау процестік әрекетін жүргізіп жатқан лауазымды тұлғалар тарапынан ауызша айтып түсіндіру міндеттемесін айтамыз.

Бұл ереже бір қарағанда қарапайым, түкке тұрғысыз дүние болып көрінуі мүмкін. Алайда ұстау жүргізілетін азаматқа күш қолданып жатқан құқық қорғау қызметкерлерінің оның құқығын қорғау жауапкершілігін арттырады. Мысалы, күдік келтірілген азаматты құзыретті орган қызметкерлері ұстап алып оған сол процесс барысында ауыр сөздер айтуы мүмкін. Осылайша психологиялық тұрғыда ұсталып жатқан азаматтың кінәсіздік презумпциясы деп аталатын конституциялық кепілдіктеріне қол жеткізе алмауы мүмкін. Тіпті ұсталған азамат кінәлі болғанның өзінде соттың үкімі шығып, ол күшіне енгенге дейін кінәсіз болып танылатыны белгілі.

Сот төрелігін соттың ғана жүзеге асыруы деген қағидада бұл процестік әрекет барысында бұзылуы мүмкін. Күш қолданатын қызметкер әрбір әрекетіне, келтірілген залалға құқықтық баға берілетінін сезіне алады. Одан бөлек күш қолданатын қызметкер қаншалықты субъективті факторлар жағымсыз сипатқа ие болса да, яғни қатты ашулы болған жағдайдың өзінде ішінен адамгершілік сипатқа ие «Миранда ережесінің» негізгі сөйлемдерін ұсталып жатқан азаматқа дауыстап, жағымды ырғақпен айтып беруге міндеттеледі. Яғни, оны айту арқылы артық қимылдарына, сөздеріне тосқауыл болады. Яғни ұстауды жүргізіп жатқан қызметкер ешкімнің көмегінсіз, не ықпалынсыз өзі осы «Миранда ережесінен» туындайтын әрекеттерді жасайды. Бұл қызметкердің провокацияға берілмеу иммунитетін қалыптастырады. Осылайша өз билігінің шектеулі екенін, «мен емес, сот шешеді» деген тұжырым қалыптасады. Билікті иемденіп кету қауіп екенін түсінеді және ұғынады.

Әрбір азамат заң көмегіне жүгінуге құқығы бар. Оны кейде азаматтар тек біреулерден естіп біледі. Бірақ кейбір істер бойынша адвокат-қорғаушы тағайындау міндетті болмайтын кездер де бар. Дегенмен ұстау барысында адвокат-қорғаушы көмегі қамтамасыз етілетінін баяндалуы қажет. Бұл қызметкер үрей, ал күдіктіге үміт артады.  Ұстап жатқан азамат өзіне күш қолдану кезінде өзінде осындай шектеулер бар екенін «Миранда ережесі» болмаса, кім есіне түсіруі мүмкін.

Ал енді қылмыстық құқық бұзушылық жасаған азамат өзінің әрекетінің дұрыс емес екенін, мемлекет тарапынан ендігі жерде әділетті шаралар қабылданатынын, егер ұстау тергеу әрекеті барысында қарсы күш көрсетпесе, маған өз құқықтарым жан-жақты түсіндіріліп, ауыр дене жарақаттарын келтірмейтініне, алдағы уақытта тергеп-тексеру объективті түрде жүретініне, соттың шешімі әділетті болады деген бір-біріне тәуелді құндылықтар жұмыс істейтінін ұғынып, «алдағы уақытта дұрыс құндылықтарды таңдай білуім қажет» деген ой қалыптасуы мүмкін.

«Миранда ережесі» арқылы қылмыстық сот өндірісінің барлық сатылары қоғамдық мүддеге оңтайлы жұмыс істейді деп ойлаймын. 2014 жылы қабылданып 2015 жылы күшіне енген ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 131 бабында бұл ереже бар. Ал Конституцияда бекітілуі бұл ереженің беделін көтереді.

– Ата заңда жекелеген өңірлерге  «қарқынды дамитын қала» атты арнаулы құқықтық режим берілуі мүмкін екендігі айтылған. Бұл қаншалықты маңызды?

– Эксперимент – бұл мүмкіндік. Ал мүмкіндік сыналуы қажет. Елде бұл төңіректе біраз алып-қашпа әңгіме көп. Арнаулы құқықтық режим беру мемлекет тұтастығына ешбір нұқсан келмейді. Тек ерекше экономикалық аймақ құрып, оның оңы мен терісі сараланады. Егер тиімді болса, басқа қалалар бұл эксперимент нәтижесін басшылыққа алады.

– Қабылданған жаңа Конституция қазақ қоғамына қандай өзгеріс әкеледі деп ойлайсыз?

– Құқықтық, демократиялы, зайырлы мемлекет ретінде орнықтығымыз күшейе түседі. Дербестігімізбен, мемле­кет­тілігіміз нығаяды. Енді ғылым, инновация, білім, еңбек сияқты мықты индикаторлар ұлт идеологиясына айналады. Ел Тәуелсіздігінің және ішкі бірлігінің мызғы­мас­тығына  кепіл болатын тұжырымдамалар қалыптасады.

– Ғалым ретінде ғылымды Конституция деңгейінде қорғау ғылымның дамуына қалай ықпал етеді деп ойлайсыз?

– Құжатта ғылым туралы бірнеше рет аталған. Ғылымсыз болашақты жоспарлау мүмкін емес екені белгілі. Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды. Яғни, мемлекет осы аталған категорияларды дамыту басты міндеті деп қабылдауы, әрине, ғылымға деген көзқарас, онымен айналысатын азаматтарды қамқорлыққа алу одан әрі күшейеді деп есептеймін.

Ғылымды басты мәселе деп қабылдаса, ел экономикасын көптеген жылға жоспарлап, болжауға мүмкіндік болады.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: