Сұлу Сырдың жағасын жайлаған Қызылорданың алған асуы айтарлықтай. Күн санап көркейіп келеді. Жыл санап жаңаратыны тағы бар. Бұрын-соңды бетіне тұзы шығып, ақ сорға айналған иен даланы көз алдыңызға келтіретін даңғыл жолдың бойында да көкке өрлеген теректер пайда болды. Биыл астана болғанына ғасыр толған қаланың күн санап жасарып, жайнап келе жатқаны қуантады. Шаһардың тынысының кеңейіп, бойына қан жүгіргенін қала әкімі Нұржан Ахатовпен жүздесуде тағы бір көз жеткіздік. Алты айдағы ауқымды тірлікті баян еткен шаһар басшысы алда атқарар мың сан шаруаның бар екенін айтты.
Оң серпін бар
Бюджеттің бүйірі томпайса, қуанамыз. Күрмеуі қиын түйткілдердің тарқауына ең әуелі ниет пен қаражат керек. Ниет болғанмен, кейде қаржы тапшылығы да қолбайлау болады. Өнердің кеніші, руханият ордасы деп айдар тағылған Қызылордаға кейінгі жылдары серпінді даму да серік болған сыңайлы. Сыр шаһарының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде өсім қалыптасып, мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалар сәтті іске асырылуда.
– Жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қызылорда өңірінде жүзеге асқан маңызды жобаларға ерекше тоқталып, макроэкономикалық көрсеткіштердің оң серпінін атап өтті. Бұл жетістіктер – ел Президентінің нақты тапсырмаларының, Үкіметтің жүйелі қолдауының, облыс басшысының ұтымды үйлестіруінің, ең бастысы, жерлестеріміздің ауызбіршілігі мен ортақ жауапкершілігінің айқын көрінісі, – деді қала әкімі Нұржан Ахатов.
Жоғарыда қаржы қазаны жайлы айтып өттік. Ресми дереккөзге жүгінсек, 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыс бюджеті 790,4 млрд теңгеге жетіп, небәрі екі жылда 2,5 есеге артқан. Бұл – даму қарқынының нақты дәлелі. Ал соның ішінде Қызылорда қаласының бюджеті жыл басында 73,1 млрд теңге болып бекітілсе, жартыжылдық қорытындысымен 144,7 млрд теңгеге жетіп, екі есеге артты.
– Қаржы көлемін ұлғайту мақсатында кәсіпкерлік және басқа да жылжымайтын мүлік нысандарына қайта бағалау жүргізіп, олардың құнын 10 есеге дейін арттыру, жер және мүліктердің нысаналық мақсаттарын кәсіпкерлікке ауыстыру шаралары секілді жұмыстар жүзеге асуда. Мысал ретінде, бастапқы құны 1,4 млрд теңгені құрайтын 16 кәсіптік нысанға қайта бағалау жүргізіліп, нәтижесінде 4,7 млрд теңгені құрады. Сәйкесінше олардың мүлік салығы 11,3 млн теңгеден 45,3 млн теңгеге ұлғайып, қосымша 34 млн теңге түсім күтілуде. Нәтижесімен жыл басынан бюджетке қосымша, яғни жоспардан бөлек 1,2 млрд теңгеге жуық түсім түсіріліп, жыл аяғына дейін қосымша 2 млрд теңге түсім күтілуде. Алдағы уақытта қала аумағында жоспарға сәйкес 800-ге жуық нысан қайта бағаланатын болады, – деді қала әкімі.
Ашығын айту керек, аймақ басшысының тегеурінді талабы мен тың бастамаларының нәтижесінде облыс көлемінде барлық салада өсім қалыптасты. Аймақтың негізгі капиталына 295,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 121,5 пайызды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 144,5 пайызға жоғарылады. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі – 117,2 пайызға, тұрғын үй – 106,0 пайызға, ауыл шаруашылығы – 102,8 пайызға, сауда – 104,2 пайызға артты. Бұл өсімдерде облыс орталығы Қызылорда қаласының қомақты үлесі бар екенін атап өткен жөн.
– Мәселен, 2025 жылғы 1 шілдеге қаламыздың негізгі капиталына салынған инвестиция 147,5 млрд теңгені құрап, 129,3 пайызға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 59,3 млрд теңгеге жетіп, 158,2 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібі – 103,7 пайызға, тұрғын үй – 104,9 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнім көлемі 2,5 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 104,3 пайыз болды. Ал бөлшек сауда көлемі 214,5 млрд теңгені құрап,104,4 пайызға көтерілді, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Кәсіпті қолдау – басты назарда
Кәсіпкерлігі өркен жайған елдің қай салада да көш бастайтыны анық. Қызылорда қаласында бұл салаға ерекше мән берілген. Кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытында нақты нәтижелерге негізделген жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламалар мен қаржылық қолдаулар арқылы тұрғындардың іскерлік белсенділігі артып, кәсіпкерлік көкжиегі кеңеюде.
– Атап айтқанда, жалпы құны 5,8 млрд теңге болатын 124 жоба субсидияланып, «Өңірлік инвестициялық орталық» арқылы өнеркәсіп саласының 7 жобасы 293,5 млн теңгеге қаржыландырылды. Бұл өз кезегінде қала кәсіпкерлерінің санын 35 мыңнан (2024 ж 1 шілдесіне – 33799), ал жұмыспен қамтылғандар санын 63 мыңнан (2024 ж 1 шілдесіне – 65247) асыруға ықпал етті. Шағын және орта бизнес саласында 176,6 млрд теңгеге өнім өндіріліп, өңірлік экономикаға елеулі үлес қосылды. Аймағымыздың экономикасын әртараптандыру арқылы жоғары өнімді, экспортқа бағдарланған шикізаттық емес өңдеу өнеркәсібін құруға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Қаламызда алдағы бесжылдықта құны 467,1 млрд теңгені құрайтын 28 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 4,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделуде, – деді қала әкімі.
Жаңа қадам
Өнеркәсіп өндірісі қай кезде де ел экономикасына елеулі үлес қосады. Өткен жылдан бері шаһарда шағын өнеркәсіптік аймақтар құру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл сол жағалауда жалпы құны 1,05 млрд теңгені құрайтын екі шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылуда. «Тұмар» ЖК мен «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС базасында азық-түлік, кондитерлік, сүт өнімдері өндірісі жолға қойылады. Ал «Қызылорда-нан» ЖШС 3,8 млрд теңгеге кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін кешен салып жатыр. «RemPlastInvest» (Рем Пласт Инвест) ЖШС жылына 5,4 мың тонна қағаз өнімін шығаратын зауыттың құрылысын жүргізуде. Мұның қай-қайсысы да жарқын болашаққа бастайтын іргелі жоба. Таяуда ғана Сыр шаһарында өткен «Қызылорда – Ұлттық Урбан Форумы 2025» халықаралық форумы да аймақ дамуының алғышарты екені даусыз.
– Форум жұмысына біріккен ұлттар ұйымынының UN-Habitat (Ун-Хабитат) ұйымы, Қазақстандағы біріккен ұлттар тұрақты үйлестірушісі, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдар, еліміздің барлық өңірлерінің өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар қатысты. Мұндай ауқымды шараның Қызылордада өткізілуі – қаламыздың урбанизация саласындағы әлеуетін, даму бағытын халықаралық деңгейде танытуға үлкен мүмкіндік. Форум аясында экологиялық тепе-теңдік, қалаларды ақылды басқару, инклюзивті әрі климатқа төзімді инфрақұрылым қалыптастыру, тұрғындардың өмір сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Бұл – жай ғана пікір алмасу алаңы емес, нақты шешімдерге бастайтын стратегиялық платформа. Осы орайда облыс әкімі, Экология және табиғи ресурстар министрі, Парламент Мәжілісінің депутаттарының қатысуымен құны 34,5 млрд теңге болатын, Оңтүстік Корея технологиясына негізделген қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және өңдеу зауытының құрылысы басталды. І кезеңде 9,5 млрд теңгеге қолданыстағы полигон жаңғыртылып, жылдық қуаттылығы 300 мың тонна болатын сұрыптау кешені салынады. Полигонның қабылдау қуаты 60 мыңнан 300 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Ал ІІ кезеңде 25 млрд теңге қаралады, – деді өңір дамуын тілге тиек еткен қала басшысы.
Жаңа жобалар
Сырда серпін алған ауқымды жобалар қай уақытта да өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Таяуда ғана 5 млрд теңгеге салынған «Қызылорда Саз-М» кірпіш зауыты іске қосылып, алғашқы өнімін шығарды. Зауыт жылына 90 млн кірпіш өндіреді, 70 адам жұмыспен қамтылды. Мұндай бастаманың әрбірі аймақ дамуының қарқын алуына барынша мүмкіндік сыйламақ.
– Ірі жобалар қатарында – «Seven Rivers Bottlers» ЖШС-нің 30,4 млрд теңгеге шыны ыдыс шығаратын зауыты. Қуаттылығы – жылына 240 млн дана. Тағы бір маңызды жоба – испаниялық «Roca Group» компаниясымен бірлескен санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын зауыт. Инвестиция көлемі – 70 млн еуро. Бұл жоба аясында 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл бастамалар – экологияны жақсарту, өндірістік қалдықтарды тиімді басқару және жасыл экономиканы қалыптастыру жолындағы нақты әрі нәтижелі қадам, – деді Н.Ахатов.
Экономикалық аймақ өңір дамуына серпін берді
Мамыр айында Сырдағы ағайынға сүйіншілеген тағы бір жаңалық елдің үмітін еселеген еді. Ол араға отыз жыл салып, қайта түлеген «Қорқыт ата» экономикалық аймағының қолға алынуы.
– Әрине, бұл – маңызы жоғары жоба. Үкімет қаулысымен облыс орталығында көлемі 550 гектар болатын жаңа арнайы «Қорқыт ата» экономикалық аймағы пайда болды. Авиацияға қызмет көрсету – 50 гектар, көтерме-бөлшек сауда және қоймалау – 100 гектар, өнеркәсіптік аймақ – 400 гектар болып бөлінді. 2049 жылға дейін бұл аймаққа тартылатын инвестиция көлемі 156 млрд теңгеге, оның ішінде шетелдік капитал 88 млрд теңгеге дейін жетеді. Өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі 527,1 млрд теңге болады деп жоспарлануда. Экономикалық аймақ аумағында арнайы құқықтық режим әрекет етеді, бұл салықтық және кедендік жеңілдіктерді қамтиды. Инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасап, өңірдің экономикалық дамуына серпін береді. Айта кету қажет, қалада бұған дейін де 1996 жылы арнайы экономикалық аймақ болған (1996 жылы 8 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы). Араға 30 жыл салып облыс әкімінің қажырлы еңбегінің арқасында осындай тарихи сәтке куә болып отырмыз, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Ауыл шаруашылығында да бірегей әрі ірі жобалар бар. Биыл қалаға қарасты елді мекендерде 8695 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі өткен жылдан 400 гектарға кем егілді. Десек те шаруашылықтарға мемлекет тарапынан қолдау жетерлік.
– Көктемгі дала жұмыстарына 154 дана ауылшаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Мемлекет тарапынан 269,5 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. 3278 тонна тыңайтқыш және 3025 литр гербицид сатып алынды. Бұл салада да ірі жобалар іске асуда, – деді қала әкімі Нұржан Ахатов.
Бүгінде қала аумағында «Қызылорда Құрылыс НК» ЖШС Қосшыңырау ауылдық округінің Жезқазған жолы аумағында құны 7,5 млрд теңгеге 800 басқа арналған тауарлы сүт фермасын, «СК Сапа KZ» ЖШС-нің Саяхат шағын ауданынан жоба құны 2 млрд теңгені құрайтын 1500 тонналық көкөніс сақтау қоймасын, «Агро балық МА» Ақсуат ауылдық округінен 180 млн тг тұратын өндірісті және «Бал Али» кәсіпкерлігі Қызылжарма ауылдық округінен 400 млн теңге тұратын балық шаруашылығын дамыту және балық өсіру жобасын іске асыруда.
Шаһарда жұмыссыздық деңгейін төмендетуге байланысты да атқарылып жатқан қыруар іс бар. Биыл 4652 жаңа жұмыс орны құрылды. Жаңа бизнес – идеяларды іске асыру бойынша 233 адамға мемлекеттік грант берілді. Жыл басынан бері 7 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізіліп, 1589 бос жұмыс орны ұсынылды.
Баспана жайы
Әрине, халықтың басты мәселесінің бірі – баспана. Бұл ретте Қызылорда тұрғын үй турасында қарқынды құрылыс алаңына айналған. Жыл басынан бері пәтер кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына 120 баспана табысталды. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан дайын пәтер сатып алу жалғасады. Сырдария өзенінің сол жағалауында бес қабатты 10 тұрғын үйдің құрылысына облыстық және қалалық бюджеттерден 2 млрд 886,4 млн теңге бөлінді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алуға 37,1 млрд теңге несие бөлінді.
– Қазіргі есеп бойынша қаламызда 75 тұрғын үй апаттық деп танылған. Аталған санат бойынша тұрғын үй алу кезегінде 617 отбасы тіркеуде тұр. Жыл басынан тұрғын үйлері апатты деп танылған отбасыларға 135 пәтер табысталды. Алдағы уақытта да коммуналдық тұрғын үй қорынан бұл санатқа тұрғын үй салу жалғаса бермек. Осылайша апатты үйлер мәселесін кезең-кезеңімен шешеміз, – деді шаһар басшысы.
Өңірде «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында құны 9 млрд 27 млн теңгені құрайтын 15 жоба жүзеге асырылуда. «Ауыл – ел бесігі» жобасы да елді дамытуға үлкен себін тигізіп тұр. Аталған жоба шеңберінде жалпы құны 2 млрд 282 млн теңгеге қалаға қарасты 6 елді мекенде жаңа қоныстанған аумақтарда электр желілерінің құрылысы салынып, тозығы жеткен электр желілері қайта жаңғыртылуда.
– Халық игілігі жолындағы шаруаларымыздың бірі – елді мекендерді толық газ желісімен қамту. «Көгілдір отын» тарту мақсатында 3,1 млрд теңгеге Сабалақ саяжайын, 331,8 млн теңгеге қалада газ желісі жүргізілмей қалып қойған шағын аудандарды газдандыру іске асуда. Сонымен қатар Қызылөзек және Қызылжарма ауылдық округтерінің елді мекендерінде газ құбырын тарту жұмыстарының жоба-сметалық құжаттамаларын, сараптама қорытындысымен әзірлеуге 43,1 млн теңге қаралды. Бұл бағыттағы жұмыс та қызу жүруде, – деді Нұржан Ахатов.
Даңғыл жолдар
Қызылордада тұрғын үй құрылысынан кейін үздіксіз жүріп жатқан процестің бірі – жол-көлік инфрақұрылымын дамыту. Бұл – тек жол қатынасын жақсарту ғана емес, сонымен қатар қаланың экономикалық қарқынын, әлеуметтік келбетін, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды тетігі. Қызылорда қаласында бұл бағытта жүйелі әрі ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
– Қалада 2025 жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға 23,2 млрд теңге бөлініп, ұзындығы 61,9 шақырымды құрайтын 64 жоба жүзеге асуда. Облыс орталығының негізгі көшесінің бірі «Тәуелсіздікке – 25 жыл» даңғылын жаңғырту жалпы екі кезеңнен тұрады. Қазір бірінші кезеңі толық аяқталды. Екінші кезеңі Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін Сырдария өзенінің қорғаныш бөгетін бекітумен қатар құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жол түскенде көлік ағынын реттеуге мол мүмкіндік тумақ. Мұнан бөлек, шет аймақтардағы 17 көшеде күрделі жөндеу жүргізілуде, – деді қала әкімі.
Ашығын айту керек, қазір қаладағы жол жөндеу жұмыстарына көз тіккен жүргізушілер «қашан бітер екен?» деп мойнын созып жүр. Әйтсе де сапалы құрылыс әбден тексеруден өткізіліп, уақытпен санаспай істелетінінде екенін ұмыт қалдырамыз. Қызылорда қаласынан Шиелі бағытына шығар жолдағы аспалы көпір құрылысы да қарқынды жүруде. Бұл іске 1,4 млрд теңге қаржы қаралған.
– Қалада мұндай жұмыстар жетерлік. Қала мен Тасбөгет кентін байланыстыратын Қызылжарма каналының үстінен өтетін автожол көпірі пайдалануға берілді. Қызылөзек ауылдық округіндегі «Қожақ каналы» арқылы өтетін көпір жөнделуде. Сондай-ақ Жанқожа батыр көшесі бойымен өтетін темір жол асты өткелінің құрылысы жүзеге асырылуда. Бір айта кетерлігі, қазір қалада автокөлік саны көбейген. Бүгінде 81 мыңнан астам көлік тіркелген. Кейінгі үш жыл ішінде 6 мың автокөлік қосылыпты. Осыған орай, жол желісін кеңейту, қауіпсіздік пен өткізу қабілетін арттыру стратегиялық басымдық екені даусыз, – деді қала әкімі Нұржан Ахатов өзекті мәселені тілге тиек етіп.
Қала көшелерінде әсем көрініске көз тояды. Жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыруы түнгі қаланың келбетіне айырықша сән беріп тұр. Биыл қала аумағында 24,8 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынып, 42 көше жарықтандырылады. Тұрғындардың өтініші де аяқсыз қалып жатқан жоқ. Тұрғындардың сұранысына сәйкес 30 көпқабатты тұрғын үйдің шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүруде. Сонымен қатар көпқабатты 20 үйдің қасбеті жаңалануда.
– Қаладағы көпқабатты 18 тұрғын үйдің аулаларын абаттандыруға және ойын алаңдарын салуға қалалық бюджеттен 1,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде, 19 шағын футбол алаңы, 25 жаттығу алаңы, 21 балалар ойын алаңы, 15 аулаішілік шаруашылық алаңы мен 13 демалыс орны қарастырылған. Ал қаланы көгалдандыру жұмыстары бағытында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жаңа механизм енгізілді. Әріптестік аясында қала аумағын көгалдандыру және абаттандырумен «Kaz Stroy Capital Kyzylorda» мекемесі айналысуда, – деді шаһар басшысы.
Айтпақшы, бүгінде аталған мекемемен 5 жылға жалпы құны 18,6 млрд теңгені құрайтын жоба бойынша келісім шартқа отырған. Мұның бір артықшылығы, бір жыл ішінде мекеме түкке үлгермеуі мүмкін. Алайда бес жылдағы жұмыс нәтижелі болуы үшін көпжылдық гүл егеді және суару жүйесін өміршең етіп жасайды.

Мекеме құрамында 250 қызметкер жұмыс атқарады, ал техникалық жабдықталуы 50 бірлік заманауи техникамен қамтамасыз етілген. Бұл қатарда су тасығыш көліктер, электрлік шаңсорғыштар және түрлі арнайы техника бар. Жұмыс екі ауысым бойынша, күндізгі және түнгі ауысымда жүргізілуде. Бүгінгі күні қала аумағында 46 мыңға жуық тал көшеті мен 800 мың дана біржылдық гүлдер (петуния, виола, тагетис және т.б.), 13 мың 500 дана көпжылдық гүл көшеті отырғызылды. Одан бөлек, 10 мың шаршы метрден аса алаңға көгал (газон) төселді.
– «Hunter» технологиясына негізделген автоматты суару жүйесі енгізілді. Оған 45 шақырымнан астам құбыр тартылып, 5 мыңнан астам спринклер мен ротор орнатылды, 25 дана ұңғыма мен насос станциялары салынды. Қала аумағында 992 гектар жерде жасыл белдеу құру жобасы басталды. 2030 жылға дейін 2,5 млн ағаш отырғызып, тұқымбақтар мен зертхана салу жоспарлануда, – деді Нұржан Ахатов.
Білімді қолдау
Өңірде білім саласына да қолдау жеткілікті. Балалардың сапалы білім алуына, қабілеттерін жеткілікті деңгейде дамытуына жағдай жасалған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Сырдарияның сол жағалауынан 900 және Ақмаржан ықшам ауданынан 300 орындық екі мектеп пайдалануға берілді.
– Елімізде алғашқылардың бірі болып есігін айқара ашқан білім ордасы балаларымызға теңдессіз тарту болды. Биыл дәл осындай заманауи үш мектеп тамыз айында табысталады деп жоспарлануда. Жарқын жобалар қатарын физика-математика бағытындағы лицей-интернаты толықтырды. Бұл іргелі нысан жақында ғана пайдалануға берілді. Ал «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен 4 млрд 800 млн теңгеге салынған музыкалық колледж және балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатындағы құны 11 млрд теңге болатын «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы пайдалануға берілді, – деді қала әкімі.

Жаңарған қала
Бүгінде компаниялардың демеушілігімен көптеген жобалар жүзеге асуда. Мәселен, сол жағалауда «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүруде. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Қазатомпром» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қолдауымен 3 млрд 800 млн теңгеге «Достық үйінің» жаңа ғимараты салынуда. Мұның барлығы елге болсын деген игі бастамалардың жемісі.
– Спорт саласында да алар асуымыз жетерлік. Қызылорданың спорт орталығына айналар күні алыс емес. Өйткені спортты жанына серік еткен қызылордалықтардың қатары артып келеді. Бұл, әрине, қуантады. Ол үшін де барлық жағдай жасалуда. Облыс әкімінің бастамасымен халықаралық стандарттарға сәйкес 11 мың орындық Орталық стадион құрылысы аяқталуға жақындаса, 19 млрд теңгеге «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы қарқын алды. Мәдениет тақырыбында тарихымызды түгендеп, руханиятымызды арттырып келеміз. Құны 2 млрд 300 млн теңгеге облыстық тарихи-өлкетану музейі ел игілігіне табысталды. Қаламыздың Бейбарыс сұлтан көшесі мен Назарбаев даңғылы қиылысында «Көрме залы» орталығының құрылысы жүруде. Орталық тарихи-өлкетану музейінің заманауи этно-мәдени үлгідегі көрме залдарын жасау − музей ішіндегі экспозициялық бөлікті жаңғырту, ғылыми зерттеу бағытын күшейту, аймақтың туристік әлеуетін арттыруға бағытталған, – деді шаһар басшысы.

Мұндай ауыз толтырып айтарлық жетістік денсаулық сақтау саласында да бар. Аймақ басшысының шешімімен өңірдегі денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне арнап 100 пәтерлік тұрғын үй салынуда. Қазір бір ауысымда 100 келушіге арналған емхана, онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүруде. Жеке инвестиция арқылы жылына 3,5 мың адам қабылдайтын «ОрхунМедикал» медицина орталығы тамыз айында ашылады деп жоспарлануда. Ал жаңа жылу электр станциясы – ең ірі жобалардың бірі.
– Мемлекет басшысының, Үкіметтің тікелей қолдауымен, облыс әкімінің үйлестіруімен 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығының құрылысы жүруде. Инвестор – «АксаЭнерджи» түрік компаниясы. Жаңа жылу-электр станциясы – мемлекетімізде инвестор қаржысына салынып жатқан ең ауқымды, теңдессіз жобалардың бірі. Осы күні жұмыстың 80 пайызы еңсерілді. Нысан қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Жаңа станция облыс орталығын жылумен, аймақты электр энергиясымен толық қамтамасыз ететін болады. Өндірілген электр энергиясының артылған бөлігін өзге өңірлерге сатуға мүмкіндік мол, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Алты айдағы ауыз толтырып айтарлық жемісті жобаларды әңгімеге арқау еткен қала әкімі биыл Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуы да атаусыз қалмайтынын айтты. Қазақ тарихындағы айтулы датаға байланысты жоспар да жетерлік.
– Жақында «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық өнер байқауы өтті. Бұл байқаудың бас жүлдесін Сырдария ауданы жеңіп алды. Алдағы уақытта «Қызылорданың астаналық кезеңі» тақырыбында дөңгелек үстел, «Көктем нұры» оқушылар айтысы, архив қоры құжаттарынан «Ғасырлық тарихтың куәсі – қазыналы мекен», «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» тақырыптарында жылжымалы көрме, спорттық шаралар, «Алаштың астанасы – Қызылорда» атты брейн-ринг секілді мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады. Естелік болып қалар дүниенің бірі – «Қызылорда – Алаштың жүрегінде» атты тарихи-танымдық кітап шығарылуда. Кітап төрт бөлімнен тұрады. Онда тарихи оқиғалар және Қызылорда қаласының 100 жылдық жылнамасы, шежірелі фотосуреттер, бейнесюжеттер қамтылған, – деді қала әкімі.
Қала әкімі Мемлекет басшысының келесі құрылтай отырысы Сыр елінде өтеді деген ұсынысы біз үшін зор мәртебе екенін жеткізді. Бұл үлкен іске осы сәттен дайындық басталып кеткен.
Сырдағы серпінді істер жетерлік. Біз оның тек бір бөлігіне ғана қалам тербедік. Даму даңғылындағы қаланың әлі де алар асуы алда. Алаштың анасы атанған аймақтағы іргелі істерде әрбір қызылордалықтың үлесі бар. Оны шаһар басшысының «Біз бірге әлі талай биікті бағындырамыз» деген сөзінен аңғаруға болады.
Аян СПАНДИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!